Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханын енді онлайн тапсыруға болады
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалғанҚазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын теориялық емтиханды енді онлайн тапсыра алады. Жаңа мүмкіндік eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жол қозғалысы ережелерін білуге арналған теориялық емтиханды енді Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, қашықтан тапсыруға мүмкіндік бар. Ол үшін компьютер немесе ноутбук болса жеткілікті.
Жаңа формат азаматтардың уақытын үнемдеп, емтиханды өзіне ыңғайлы жерде тапсыруына жағдай жасайды. Сонымен қатар теориялық емтиханды бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталығанда да тапсыру мүмкіндігі сақталған.
eGov Mobile арқылы қызметті қалай пайдалануға болады?
eGov Mobile қосымшасына кіріңіз;
"ХҚКО қызметтері" бөліміне өтіп, "Теорияны онлайн тапсыру" қызметін таңдаңыз;
Жүргізуші куәлігінің тиісті санатын белгілеңіз;
1414 нөмірінен келетін SMS арқылы жеке деректерге қол жеткізуге келісім беріңіз;
Қызмет ақысын төлеңіз;
Емтихан тапсыруға арналған жеке сілтемені eGov жүйесіндегі жеке кабинетіңізден алыңыз.
Емтиханды компьютер арқылы тапсыру қажет. Тестілеуге арналған сілтеме төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы қолжетімді болады.
Емтихан кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіру және тестілеу барысын бақылау құралдары қолданылады. Жеке сілтеме тек өтініш берушіге арналған және оны басқа адам пайдалана алмайды.
Еске салайық, бұған дейін жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарды белгіленген тәртіппен қайта тапсыруға мүмкіндік берілген. Ал жаңа өзгерістерге сәйкес, үміткер емтиханнан үш рет өте алмаса, төртінші және одан кейінгі талпыныстары үшін ақы төлеуге міндетті болады. Сонымен қатар емтиханды қайта тапсыру мерзімі де өзгертілді.













