Кәсіп ашуға қажетті қадамдар
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі мен өтеу мерзімі өте тиімді әрі халыққа қолжетімді етіп жасалған. Басты ерекшелігі – жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайызды құрайды. Нарықтағы басқа коммерциялық несиелермен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Ал несиені қайтару мерзімі кәсіптің бағытына байланысты белгіленеді.Мал шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларға несие 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Басқа да салалар: қызмет көрсету, шағын өндіріс, сауда, жылыжай және тағы басқа үшін несие өтеу мерзімі 5 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге жеңілдікті кезең қарастырылған. Нақтыласақ, несие алғаннан кейінгі алғашқы айларда (негізгі қарызды төлеу бойынша) белгілі бір уақытқа дейін пайыздық төлемдерді ғана төлеп немесе төлеуді уақытша кейінге қалдырып, өз кәсібіңізді толық аяққа тұрғызып алу мүмкіндігі бар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу үшін қойылатын негізгі талаптар мен қажетті құжаттар тізбесі өтініш берушінің санатына, жеке кәсіпкер немесе жаңадан бастаушы болуына байланысты біраз ерекшеленуі мүмкін. Ең алдымен, қарыз алушының немесе ол ұсынатын жобаның ауылдық елді мекенде немесе шағын қалаларда тіркеліп, жұмыс істеуі талап етіледі. Несие алу үшін үміткер салық органдарында ресми түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс немесе тіркелуге дайын болуы қажет.
Бұдан бөлек несие сомасын қайтаруды қамтамасыз ету үшін кепіл мүлкінің болуы маңызды шарт болып табылады. Яки жылжымайтын мүлік, көлік немесе басқа да бағалы мүліктер.
– Бастысы, мемлекет алдындағы немесе басқа банктерде мерзімі өткен қарыздарының, салықтық берешектерінің болмауы тексеріледі. Қажетті құжаттар қатарына жеке куәліктің көшірмесі, кәсіпкерлік қызметті бастауға немесе кеңейтуге арналған бизнес-жоспар немесе техникалық-экономикалық негіздеме, тұрғылықты жері туралы анықтама, салық органдарынан берешектің жоқтығы туралы құжат, кәсіпкерлікке арналған орынның немесе жер учаскесінің құжаттары меншік немесе жалға алу құқығын растайтын, сондай-ақ ұсынылатын кепіл мүлкіне қажетті құжаттар топтамасы кіреді. Ауылдық округ әкімдігі немесе бағдарламаны іске асыруға жауапты жергілікті атқарушы органдар мен сенім білдірілген қаржы ұйымдары, мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» қосымша өтініштер мен сауалнамаларды толтыруды сұрауы мүмкін. Толық және нақты тізімді алу үшін өз аймағыңыздағы ауылдық округ әкімдігіне немесе облыстық және аудандық кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан жөн, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бекарыстан Әзілхан.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу үшін қойылатын негізгі талаптар мен жиналатын құжаттар тізбесі өтініш берушінің мәртебесіне (жеке кәсіпкер, жұмыссыз немесе өз бетінше жұмыспен қамтылған азамат) байланысты біраз өзгеруі мүмкін. Дегенмен жалпы тәртіп бойынша келесі құжаттар мен шарттар талап етіледі.
Бірінші кезекте, бағдарламаға қатысу үшін үміткердің және оның отбасы мүшелерінің несиелік тарихы таза болуы, мерзімі өткен берешектерінің болмауы және салықтар бойынша берешектің жоқтығы маңызды. Несие сомасын қайтаруды қамтамасыз ету үшін кепіл мүлкі: жылжымайтын мүлік, жер учаскесі немесе ауыл шаруашылығы техникасы болуы тиіс.
– Қажетті негізгі құжаттар тізбесі: жеке басын куәландыратын құжат және оның көшірмесі, сондай-ақ отбасы құрамы туралы анықтама. Жергілікті атқарушы органға әкімдікке немесе мансап орталығына бағдарлама бойынша өтініш-сауалнама. Бизнес-жоспар немесе ашылатын (кеңейтілетін) кәсіптің мақсаты мен есебі көрсетілген құжат. Жоспарда қанша қаржы қажет екені, қандай құрал-жабдықтар алынатыны және қандай табыс түсетіні толық жазылуы тиіс. Кепілге қойылатын мүліктің құқық белгілейтін құжаттары сатып алу-сату шарты, актілер, бағалау есебі болады. Салық берешегінің жоқ екендігі туралы анықтама және жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін растайтын құжат. Егер кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатсаңыз. Жұмыссыз ретінде тіркелген болсаңыз, тиісті мәртебені растайтын анықтама қажет. Құжаттарды тапсыру және өтінішті ресімдеу жұмыстары ауылдық округ әкімдіктері немесе өңірлік үйлестірушілер арқылы жүзеге асырылады, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бекарыстан Әлібекұлы.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғарғы сомасы әртүрлі бағытқа байланысты әрқалай белгіленеді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды: жеке үй жанындағы мал немесе егін шаруашылығын дамыту үшін ең жоғарғы сома 2500 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 8,6 миллион теңгеге дейін жетеді.
Зәкірлік кооперативтерді қаржыландыру және ауылдық жерлерде кооперативтер құрып, ауқымды жұмыстар атқару үшін несие сомасы 8000 АЕК-ке дейін (шамамен 29-30 миллион теңге) беріледі. Қаражаттың мөлшері негізінен жобаның ауқымына, ұсынылған бизнес-жоспардың тиімділігіне, кепілге қойылатын мүліктің құнына тікелей байланысты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу үшін банк немесе несиелік серіктестік қоятын басты талаптардың бірі – қарыз сомасын толық қамтамасыз ете алатын сенімді кепіл мүлігінің болуы. Кепіл ретінде ауылдық жерде де, қалалық жерде де орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүліктер қабылданады.
Негізгі қабылданатын кепіл түрлеріне: тұрғын үй немесе пәтер, аудан орталықтарында, ауылдарда немесе қалаларда орналасқан жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерді ұсынуға болады. Бірақ үйдің техникалық жағдайы мен құжаттары заңға сәйкес болуы тиіс.
Сонымен бірге жер учаскелері: сауда, кәсіпкерлік немесе ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеке меншіктегі жер учаскелері де есепке алынады. Коммерциялық жылжымайтын мүлік: дүкен, қойма, өндірістік ғимараттар немесе басқа да бизнеске арналған нысандар. Ауыл шаруашылығы техникасы: тракторлар, комбайндар немесе басқа да тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы машиналарын кепілге қоюға болады. Бұндайда техниканың жағдайы мен жылы ескеріледі.
Қосымша кепілгерлерге қатысты талаптар да бар. Көбінесе негізгі кепіл мүлігінің құны жеткіліксіз болған жағдайда немесе қосымша сенімділік үшін үшінші тұлғалардың, яки жеке тұлғалардың кепілгері талап етілуі мүмкін. Кепілгер болатын адамның тұрақты ресми табысы, жақсы несиелік тарихы және қарызды жабуға қабілеттілігіне мән беріледі. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының мүліктерін ортақ келтіріп кепілге қоюға рұқсат етіледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу үшін өтінішті ресімдеу және құжат тапсыру процесі ауылдық округ әкімдігі арқылы жүзеге асырылады. Тұрғылықты жер бойынша бағдарламаның үйлестірушісі – ауыл әкімі. Алғашқы кезекте әкімдікке барып, бағдарламаға қатысу ниеті білдіріліп, кеңес алынады және өтініш үлгісі толтырылады. Осы аралықта құжаттарды жинап, оны тапсыруға айрықша мән берген дұрыс. Олардың қатарында жеке басты куәландыратын құжат, кепілдікке қойылатын мүліктің құжаттары және алдын ала дайындаған бизнес-жоспарды әкімдік мамандарына немесе аудандық пен қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырылады.
Тұрғылықты жердегі комиссия бизнес-жоспар мен құжаттардың толықтығын қарап шығады. Жоба мақұлданған жағдайда, құжаттар қаржыландырушы ұйымға (несиелік серіктестікке немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға) жолданады. Қаржы ұйымы кепіл мүлкін бағалап, келісімшарт жасасқаннан кейін несие сомасы өтініш берушінің шотына аударылады және кәсібін бастауға мүмкіндік беріледі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА












