Қазалы дәмі – қала төрінде
Ауыл мен қала арасындағы экономикалық-мәдени байланысты нығайтып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында игі бастамалар өз жалғасын табуда. Осындай игі шаралардың бірі ретінде Қызылорда қаласында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шара облыс
орталығының тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
орталығының тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Күз мезгілінің соңғы күндерінде ұйымдастырылған жәрмеңке қазалылық диқандар мен шаруалардың жыл бойы төккен маңдай терінің, қажырлы еңбегінің жемісін көрсететін айшықты алаңға айналды. Қазалылықтар қала жұртшылығына өз өнімдерін нарықтағы бағадан әлдеқайда тиімді бағамен ұсынуды басты назарда ұстады. Жәрмеңкеге ауданның жергілікті тауар өндірушілері мен кәсіпкерлері белсенді қатысып, 50 жүк көлігімен жалпы көлемі 89,6 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін апарды. Жәрмеңкеге шығарылған өнімдердің қатарында 12 тонна күріш, 3 тонна сүт өнімі, 2,3 тонна ет, 9,3 тонна балық өнімі, 62 тонна бақша өнімдері, картоп пен көкөністер, 1 тонна «Қазалы конфеті» мен «РЗА» АҚ-ның сүт өнімдері болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынылып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Жәрмеңкенің басты мақсаты да сол – жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, тұрғындарды сапалы әрі табиғи азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және нарықтағы бағаны тұрақтандыру. Жәрмеңке Қызылорда қаласының «Шұғыла» шағын ауданында, Ғани Мұратбаев көшесі мен Қожа Ахмет Ясауи көшелерінің қиылысында өтті. Өнім түрлерінің молдығы мен сапасы тұрғындардың көңілінен шығып, сауда қызу жүрді. Көкөніс пен бақша өнімдері, ет және басқа да қажетті азық-түлік түрлері бірден өтіп, халық ризашылығын білдірді.
Қызылорда қаласында өткен Қазалы ауданының жәрмеңкесі өңіраралық сауда-саттықты дамытуға және халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған маңызды қадам екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ауыл еңбеккерлерінің бұл еңбегі қала жұртшылығының алғысына бөленіп, ел бірлігі мен берекесін арттыра түсті.
Айнұр ӘЛИ














