Онлайн емші опа бермейді
Несін жасырайық, қазір әлеуметтік желіде өзін «емшімін» деп таныстыратындар көбейді. Бірі жауырынды «жазып», энергияны реттеймін деп сендірсе, енді бірі суретке қарап диагноз қоятынын айтады. Ал кейбіреулер тіпті «дерттен айықтырамын» дейді. Олардың көпшілігінің қолында «Халық емшісі» деген сертификат бар. Бірақ бұл сертификаттардың нақты заңдық негізі бар ма әлде бұл тек беделді арттырудың амалы ма? Неге адамдар дәлелді медицинадан гөрі виртуалды емшілерге сенуге бейім?Бұл сұрақтар бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Әсіресе, интернет алаяқтықтың түр-түрі көбейген шақта. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарының бірінде цифрландыру дәуірінде алаяқтықтың да жаңа сипат алып отырғанын атап өткен еді. Президент жалған психологтар мен коучтардың, түрлі «емші-балгерлердің» көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, азаматтардың сенімін пайдаланып отырған мұндай әрекеттерге заң аясында тосқауыл қою қажеттігін айтты. Бұл – мәселенің жай ғана әлеуметтік құбылыс емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа әсер ететін факторға айналғанын аңғартады.
Шын мәнінде, онлайн емшілік феноменінің тамыры тереңде жатыр. Біріншіден, медициналық қызметтің қолжетімділігі, кезек күту, қымбат ем-дом – адамдарды балама жол іздеуге итермелейді. Екіншіден, психологиялық тұрғыдан алғанда, қиын жағдайға тап болған адам тез әрі «ғажайып» шешімге сенгісі келеді. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі әдемі жарнама, «ризашылық пікірлер», жалған сертификаттар сенім тудырады. Ал құқықтық сауаттың төмендігі мен бақылаудың әлсіздігі мұндай қызметтің кең таралуына жол ашып отыр.
Заң тұрғысынан алғанда, медициналық қызмет көрсету лицензиялауды талап етеді. Егер «емші» нақты диагноз қойып, ем тағайындап, медициналық араласу жасаса, бұл заңсыз кәсіпкерлік не алаяқтық ретінде қарастырылуы мүмкін. Алайда көп жағдайда олар өз қызметін «кеңес беру», «энергетикалық тазалау» немесе «халықтық әдіс» деп сипаттап, жауапкершіліктен жалтарып кетуде. Оның үстіне, онлайн кеңістікте бақылау жүргізу де оңай емес.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, құр жазалаумен шектелу мәселенің түйінін түбегейлі тарқатпайды. Ең алдымен, халықтың медициналық және құқықтық сауатын арттыру, дәлелді медицинаға деген сенімді күшейту, интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру мәдениетін қалыптастыру қажет. Сонымен қатар заңнаманы цифрлық дәуір талаптарына бейімдеп, онлайн қызмет көрсетудің нақты шекарасын айқындау маңызды.
«Экранның ар жағындағы «емшіге» сену – көбіне үмітсіздіктің, ақпарат тапшылығының және сенім дағдарысының көрінісі. Сондықтан бұл құбылыспен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс» дейді мамандар.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде емшілік қызмет көрсететіндердің саны артқанын байқап жүрміз. Солардың бірі – Instagram және TikTok-та танымал болған Балтабай Омарбек. Ол өзіне хабарласқан адамдармен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, дем салып, сәл ғана әрекетпен адамды сауықтыратынын айтады. Бір бейнематериалда әйел «арқам шаншып, жүрегім тарсылдап соғып тұр» деп шағымданған еді. Емші оған «жүрегіңе алақаныңды қой, ешкімге алаңдамай, ашуланбай, жай ғана маған қарап отыр» деп айтып, «сүф, сүф» деген үнді бірнеше рет қайталайды. Осылайша науқасты ерекше тәсілмен жазып жібергендей әсер қалдырады.
Балтабай Омарбек бірнеше әлеуметтік желіде тіркеліп, парақшаларын белсенді жүргізеді. Өзіне хабарласқан адамдардың видеоларын сақтап, желіде жариялап отырады. Сол бейнелерге қарап, онлайн емшіге сенетін адамдардың көп екенін байқауға болады. Балтабай өз парақшасында өзін қоғам қайраткері ретінде таныстырған. Ол онлайн да, офлайн да адамдарды қабылдап, емдік қызмет көрсетеді. Өзінің өмірі мен қызметі туралы шағын деректі фильм де түсіріп, кадр сыртындағы дауысқа «Балтабай Омарбек – Қазақстандағы №1 емші» деп айтқызған.
Балтабай Омарбек сияқты адамдардың қысқа уақыт ішінде «дем салып», «жазып жіберуі» кейбір адамдар үшін үміт, ал енді біреулер үшін күмән туғызатыны рас. Бұл тұрғыда онлайн ем жүргізудің қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екеніне көз жеткізу маңызды.
Ислам дәстүрінде «дем салу» (руқия) нақты шарттармен жүзеге асады. Хадистерде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) науқас адамның жанында болып, белгілі аяттар мен дұғаларды оқып, алақанымен сипап, дем салғаны баяндалады. Яғни, бұл амал бетпе-бет, тікелей қарым-қатынас арқылы жасалады.
Көптеген дін ғалымдары экран немесе онлайн арқылы «дем салу» сүннеттегі үлгінің орнын толық алмастыра алмайды деп есептейді. Сол себепті, онлайн форматтағы емшілік әрекеттер діни тұрғыдан да, дәстүрлік тұрғыдан да даулы болып саналады.
Сондай-ақ мұндай «қашықтықтағы ем» әдістеріне сену немесе сенбеу әр адамның жеке таңдауына байланысты болғанымен, исламда физикалық қатынас пен дұғаның нақты жасалуына басымдық берілгенін ұмытпау керек.
Адам ауырғанда немесе мазасыз күйде болғанда, сенім мен қолдау іздейді. Экранның ар жағындағы «емші» сенімді дауыспен сөйлеп, бағыт-бағдар берсе, кейбір адамдардың жағдайы расымен жеңілдеп кетуі мүмкін. Бұл – көбіне сенімге, илануға байланысты психосоматикалық құбылыс. Алайда жүрек қағуы, арқаның шаншуы сияқты белгілер кейде күрделі медициналық мәселенің нышаны болуы ықтимал. Мұндайда уақыт жоғалту қауіпті.
Мамандардың айтуынша, адамдар дер кезінде дәрігерге қаралудың орнына, онлайн дем салдырады. Өркениетті заманда әр аурудың диагнозын кәсіби дәрігер қоюы тиіс.
Психолог маман Нұрай Маханованың айтуынша, қазіргі «емшілердің» басым бөлігі – сенім саудагерлері. Олар руханиятты жамылып, табыс табуды ойлайды. Өтірік пен алдау – олардың құралы. Иә, кей адам онлайн демнен кейін өзін жеңіл сезінуі мүмкін. Бірақ ол сенімнің, психологиялық әсердің жемісі ғана дейді ол.
Халықтың онлайн емшілерге жаппай сенуіне бірнеше себеп бар. Ең алдымен, олар кез келген интернеті бар адамға қолжетімді. Оның үстіне кейбір емшілердің қызметі жеке клиникаларға қарағанда арзанырақ көрінеді. Адам ауырған кезде психологиялық тұрғыдан әлсірейді, кез келген сөзге сенгіш болады. Жақсы сөз естіп, тез жазылып кетемін деген үміт пайда болады. Әсіресе медицина көмегі ұзаққа созылғанда немесе нақты нәтиже бермегендей көрінгенде, адамдар балама жол іздеп, онлайн емшілерге жүгінеді. Жарнамасы тартымды мамандарға сенетіндер де аз емес.
– Психологияда «плацебо әсері» деген ұғым бар. Егер адам «осы емшіге барсам, жазыламын» деп шын сенсе, оның ағзасы сол сенімге сәйкес әрекет етіп, өзін-өзі қалпына келтіруге тырысады. Кей жағдайда нақты емнің әсері болмаса да, адамның сенімі оң өзгеріс әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қоғамда ақпараттық сауаттылық деңгейі әрдайым жоғары емес. Сол себепті кей адамдар онлайн емшілердің жалған жарнамасына сеніп қалады. Әлеуметтік желідегі бейнероликтер мен әсерлі әңгімелер науқастың санасына күшті ықпал етеді. Мұндай кезде «дәрігерге қарал» деген кеңес әсерсіз болуы мүмкін, өйткені адамның ойы тек онлайн емшіге баруға ауып тұрады. Бұған қоса, қорқыныш пен эмоционалдық күйзеліс те үлкен рөл атқарады. Емшілер көбіне психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдарға қарапайым әрі тез нәтиже беретіндей көрінетін жолдарды ұсынады. Бала кезден «көз тию», «дем салдыру» сияқты түсініктермен өскен адам қиындыққа тап болғанда, оны сыртқы күштердің әсері деп қабылдауы мүмкін. Соның нәтижесінде ол бірден онлайн емшіге жүгінеді, – дейді психолог маман Нұрай Маханова.
– Мен онлайн емшіге жүгінгенімді көпке дейін ешкімге айтқым келмеді. Өйткені өзімді сауатты, ақылға қонымды шешім қабылдайтын адаммын деп есептейтінмін. Бірақ өмірде тығырыққа тірелген сәттер болады екен. Бірнеше ай қатарынан денсаулығым сыр берді: басым жиі ауырып, жүрегім атқақтап, ішкі мазасыздық кетпей қойды. Дәрігерлерге қаралдым, тексерулерден өттім. Нақты диагноз болмаған соң «бәрі жүйкеден» деген жауап алдым. Сол сөз мені қанағаттандырмады. Ауырсыну шынайы болса, оны «жүйкеге» жаба салу әділетсіз көрінді. Сол кезде әлеуметтік желіден бір онлайн емшінің парақшасына тап болдым. Тікелей эфирде адамдардың алғысын айтып, «үш күнде жеңілдеп кеттім» деген пікірлерін тыңдадым. Ішімде күмән болса да, үміт басым түсті. Оған жазылып, онлайн қабылдау алдым. Ол менің «энергетикалық өрісімде ақау барын» айтты. Шынымды айтсам, дәл диагноз қойғандай әсер етті. Сеанстан кейін бір-екі күн өзімді жақсырақ сезіндім. Бірақ кейін бәрі қайта басталды. Сонда ғана түсіндім, маған емнен бұрын түсіністік пен қолдау жетіспеген екен. Онлайн емші уақытша сенім сыйлады, бірақ мәселемді түбегейлі шешпеді. Меніңше, бос жарнамаға алданып, онлайн емшіге жүгінгеннен гөрі, денсаулық мәселесінде кәсіби мамандардан кеңес алған дұрысырақ, – дейді Әдемі Есенаман есімді онлайн емшіге жүгініп, дертіне дауа таппаған ару.
Әлеуметтік желіде өзін «емші» деп таныстырып, нақты медициналық дәлелсіз қызмет ұсыну – жауапкершілікті талап ететін мәселе. Егер адам денсаулығына зиян келсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. «Сондықтан кез келген онлайн «сеансқа» сын көзбен қарау қажет» дейді сарапшы мамандар.
Жасыратыны жоқ, бүгінде «Халық емшісі» атын жамылғандар көбейді. Олар алыстан «биоөрісіңді көріп отырмын» деп, көзге көрінбес қуатты тілге тиек етеді. Бірі дұғамен дем салады, бірі Құран аятын оқиды, енді бірі шөптің қасиетін айтады. Кейбірі бейнебайланыс арқылы «сеанс» өткізсе, кейбірі адамның суретіне қарап-ақ сырқатын «сөйлетеді». Аудио арқылы дем салып, қашықтан «тазарту» жасайды. Ал мұндай онлайн демнің құны 10 мың теңгеден басталады. Ең қызығы, өздерін «Халық емшісі», «Қоғам қайраткері» деп айдар тағып алған. Бұл атақты кім берді, қайдан алды, ол да белгісіз.
Заң бар жерде тәртіп бар дейміз. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс бойынша медициналық қызмет лицензиялануы тиіс екенін білеміз. Ал лицензия беру тәртібі Рұқсаттар және хабарламалар туралы заң арқылы айқындалған. Яғни, шипа таратамын деген жанның үй-жайы санитарлық талапқа сай, ал өзі тиісті білім мен сертификатқа ие болуы керек. Бірақ емшілік қызметтің өзі лицензияланбайды, тек аккредиттелген ұйымдар ғана «емші сертификатын» бере алады. Бірақ осы заңдылықтар бүгін сақталып жатыр ма? Өкінштісі, сол белгіленген қағидаттар қалтарыста қалуда. Бүгінде бір-екі апталық курс өткізіп, «Халық емшісі» деген қағаз таратып жатқан ұйымдар бар. Ал шын мәнінде, олардың көбі медициналық білімсіз. Сондықтан заң алдында ресми медициналық көмек көрсете алмайды. Дәстүрлі емшілік нақты реттелмеген соң, өздерін «рухани емші» деп атап жүр.
Тобықтай түйін: Бақсылық бағзы заманнан бар. Дем салып, сынық түзеу қолынан келген аузы дуалы жандар бұрын да болған. Бірақ олар халықтың сенімін адал еңбегімен ақтаған. Ал бүгінгі кейбір «емшілер» үшін тек тез табыс табудың амалы ғана. Құдайдың бір аты саналатын халықты алдап қоймай, өзін Құдайға телитін онлайн емшілердің бұл ісін опа береді деп айту қиын. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Арайлым ЖҮСІПОВА
Фото: Жасанды интеллект











