«Онлайн емші» оңдыра ма?

Бірде Инстаграмның тікелей эфирінде емші отыр екен. Тамашалап отырған көрерменнің қарасы көп. Бір қызығы эфирдегі «қонақ» болып бір келіншек байланысқа шықты. «Тісім қатты ауырып тұр, емдеп беріңізші» деді әлгі. Қолымен бет-ауызын басып әлек, сірә сырқаты жанына батса керек. Емші болса «аталарын» шақырып, емдеуге кірісіп кетті. Ұзақ күбірден соң онлайн емделушінің «тісім қойды» деп мәз болған түрін көрдік. Сондағы керегі – «сүфф, сүфф» қана болды. Сенесіз бе?
Қазір бәрі онлайн. Үйден отырып-ақ әр ісін бітіретін жұрт тамақты да, киімді де тапсырыспен үйіне дейін алғыза алады. Несие, су мен жарықтың, газдың ақшасын да бұрынғыдай сабылып, кезек күтіп төлеп жүрмейді. Қолдағы смартфонды бір шертсе болғаны. Шаруа бітті. Сондай қолжетімдікке үйреніскен соң керек білімді де онлайн алатындар бар. Тіпті онлайн психологқа жүгініп, нумерологқа өмірін болжатып, балгерден де, емшіден де қызмет алып жүргендер жетерлік. Мүмкін сенгіштік болар. Ауру, проблемалар қыспаққа алғанда әлгілердің жылы сөзіне иланып, психологиялық тұрғыдан миын сендіреді. Ми сенген соң, ниет мықты болған соң айыққандай күй кешеді. Ал мұндайға мүлдем сенбейтіндер сырттай қарағанда тіпті фантастика ма дерсіз. Біз қиял деп жүргенде осындай емшілік пен балгерлікті бизнес жасап жүргендер жетерлік. Тікелей эфирде қара суға балауызды ерітіп араластырып, сапырып отыратын балгерді көрген боларсыз? Бір эфир уақытында бірнеше адам кіріп, шотына ақша аударып, сауалын жолдап жатады. Ал әлеуметтік желіде емші ретінде танылған Балтабай Омарбек науқастарды «онлайн» емдейді. Ол өзіне хабарласқан адамдармен видео арқылы сөйлесіп, дем салып, лезде сауықтырып жіберетін көрінеді.
Сондай бір бейнежазбалардың бірінде әйел «арқам шаншып, жүрегім тарсылдап соғып тұр» деп шағымданады. Оған емші «жүрегіңе алақаныңды қой, ешкімге алаңдамай, ашуланбай, жай ғана маған қарап отыр» дейді де, «сүф, сүф» деп екі-үш рет қайталайды. Осылайша науқасты таңғажайып тәсілмен жазып жібереді.
Емші танымал әлеуметтік желілерге тіркеліп, парақшасын белсенді жүргізеді. Өзіне хабарласқан кісілердің видеоларын сақтап, желіге шығарып отырады. Сансыз бейнематериалға қарап-ақ онлайн емшіге сенетін жұрттың қарасы көп екенін көруге болады. Ол парақшасына өзін қоғам қайраткері деп таныстырған. Емші онлайн да офлайн да адам қабылдап, емдей береді. Өзі туралы шағын деректі фильм түсіріп, кадр сыртындағы дауысқа «Балтабай Омарбек – Қазақстандағы №1 емші» деп айтқызған.
Қош. Онлайн емдеп, көкейінен шыққан күбірімен көпшілікке ем қондырып жүрген жанды білдік. Ал онлайн сынық салған емшіні көрдіңіз бе? Естімеген елде көп. Ақпарат құралдары ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесованы таңдана жазады. Әлеуметтік желілерде белсенді сынықшының видеолары көпшілікті сүйсіндіреді. Онда ол өзіне келген адамдардың сынығын салып, әп-сәтте ауыртпай орналастырып береді. Бір қызығы соңғы бірнеше жыл бойына сынық салып жүрген Бағдагүл ханымға кейін тағы бір қасиет дарыған. Аталар келіп, аян береді екен. 15 жасар бозбаланың тайып кеткен иығын сынықшы ватсап арқылы онлайн салған деген ақпарат осыдан шықса керек.
– Қолы «действительно» шығып кетіп, иығы салбырап тұр екен. Көрініп тұр, бірақ қолым алыста, видео. Бағдагүл ханым әруағыңнан айналайын бір бұра дедім артқа қарай. Бүйтіп бұра деп айтып үлгерген жоқпын. Бір жұлдыз сияқты ма, әппақ бірдеңе жарқ етті. Әлгі баланың қасынан, видеодан көріп тұрдық. Тарс етіп өзінен өзі түсті де жоқ болып кетті ақ нәрсе. Бір адамның сұлбасындай нәрсе көрінді де жоқ болды, – дейді сынықшының өзі.
Ал баланың анасы баланың жылауы сап тиылып, қолы қимылдап, ойыншықпен ойнап кетті дейді. Қызық иә? Бұл бізге құдды «дәрігер науқасқа отаны онлайн жасады» деген секілді көрінеді.
Қазіргі таңда интернеттің кеңінен таралуы мен цифрлық технологиялардың дамуының арқасында көптеген дәстүрлі медицина салалары да жаңа бағыттар мен тәсілдерге көшті. Бұл үрдіс емшілер мен халық медицинасының өкілдеріне де қатысты. Олар өз қызметтерін тек оффлайн емес, онлайн режимде де ұсынуда. Онлайн емдеу – бұл интернет арқылы адамдарға емдік кеңестер беру, диагноз қою және емдеу әдістерін ұсыну процесі. Ал онлайн емшілер – бұл халықтық және дәстүрлі медицинаның түрлі әдісін қолданатын мамандар. Олар көбінесе халықтық емдеу тәсілдерін, табиғи емдік құралдарды, дуалау, биоэнергетикалық әсер, астрология, секілді салаларда жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін халық медицинасында адамдар өз мәселелерін емшілердің алдында жеке түрде шешетін болса, қазір әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар және бейнеқоңыраулар арқылы түрлі қызмет көрсетеді. Бұл үрдіс әсіресе пандемия кезінде кең тарала бастады. Себебі адамдар карантиндік шектеулер кезінде үйден шықпай-ақ көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Онлайн емшілердің қолданатын түрлі емдеу әдістері бар. Олар
телеэфир арқылы әсер етуді, яғни телепатия мен биоэнергетикалық әдістерді қолданады.
Онлайн емшілердің дәстүрлі медицинаның негізінде жатқан диагноз қою қабілеті шектеулі. Олар тек пациенттің сипаттамасына, белгілеріне негізделген кеңес бере алады, бірақ нақты медициналық диагнозды қойып, дәрі-дәрмектерді ұсыну мүмкіндігі жоқ. Ең маңыздысы сенгіш кейбірі алаяқтарға тап болуы мүмкін. Қалтадан ақшасы шығады, бірақ нәтиже болмайды.
Халық арасында әлі де он пайыздай, текті қасиеттен дарыған, неше түрлі сынықшы емшілердің бар екенін жасырын емес. Тәуелсіздік жылдарынан бері денсаулық министрлігінің жанынан құрылған ұйымға тіркелген 20 мыңнан аса емшіден қалғаны осы он пайыз. Ал онлайн емдеп, жансыз аяққа жан бітіріп, көзі көрмегенге жарық сыйлап, жолы болмағанның бағын ашып жүрген хит емшілер сол тізімнің ішінде бар ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында интернеттегі алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударды. Ол соңғы уақытта ел ішінде алаяқтық әрекеттердің көбейіп бара жатқанын айтты. Сонымен қатар Президент жалған психологтер мен коучтардың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, оларға сеніп, алданып қалған азаматтардың көптігін жеткізді. Осы мәселелерге байланысты жауапты органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Түйін:
Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, әркімнің қабылдауы әрқалай. Біреу сенгіш келеді, біреу сынғыш келеді, енді біреуі ергіш келеді. Қазір заманның өзгеріп, жаһанның жанданып жатқанын көз көріп жүр. Шет ел әлдеқашан дамып кеткен. Түрлі техникаларды ойлап тауып, планетаның сыртына дейін жеке спутниктерін ұшырып жатыр. Ал біз? Ал біз сол ұшқан Илон Масктың спутнигіне тамсана қарап, «аспанда жүрген не?» деп видео түсірумен әуреміз. Талқылаймыз. Қызық көреміз. Өзгелер ғаламды зерттеп, араларына роботтарды енгізіп, солардың басқаруымен әлемді тамсандырып жатыр. Біз болсақ, «онлайн емшінің» оқиғаларын көріп, «сүф» еткен «сиқырлы» емнен аяққа тұрып жатырмыз...
Айнұр ӘЛИ