Ардагерлер қатысқан жиында жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жаңа Конституция жобасын ашық әрі жалпыхалықтық түрде түсіндіруді мақсат еткен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының жұмысы жалғасуда. Осы орайда коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш бастаған коалиция мүшелері ардагерлермен кездесу өткізді.Жиын барысында жалпыұлттық референдум аясында ұсынылып отырған конституциялық реформалардың маңызы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында сөз сөйлеген Ғазиз Әліш жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат саяси жүйені жаңғыртып, билік тармақтарының теңгерімді әрі тиімді жұмыс істеуіне негіз болады. Сонымен қатар ол жалпыұлттық диалогтың жаңа тетігі ретінде Қазақстан Халық Кеңесі құру бастамасына тоқталды.
«Бұрынғы консультативтік құрылымдардың орнына Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Оның құрамына барлық өңірлердің өкілдері, соның ішінде ардагерлер мен зиялы қауым мүшелері енеді. Бұл аға буынға маңызды мемлекеттік шешімдер мен заңдарды талқылауға тікелей қатысу мүмкіндігін береді. Кеңес ішкі саясат, қоғамдық келісім және жалпыұлттық құндылықтар мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, заңнамалық бастама құқығына ие болады. Жалпы алғанда, жаңа Конституция сабақтастық қағидатын сақтай отырып, реформалар бұрын жүріп өткен жолды жоққа шығармай, бұрынғы тәжірибеге сүйенеді», – деді коалиция жетекшісі.
Сондай-ақ жиында коалиция мүшесі Қасқырбек Мәмбетжан сөз алып, конституциялық реформалардың мәдени мұраны сақтауға оң серпін беретінін атап өтті. Ата Заңның жаңа редакциясында Преамбулаға тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде енгізілген.
Кездесу соңында ардагерлер жаңа Ата Заң жобасына қатысты сауалдарын қойып, коалиция мүшелеріне мазмұнды әрі жан-жақты ақпарат үшін алғыс білдірді.













