Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркениет пен тарихтың алтын ордасы

Өркениет пен тарихтың алтын ордасы

Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі аудан жұртшылығы үшін киелі орындардың бірі. Қасиетті саналатын қарашаңырақта талай ел ағалары, біртуар азаматтар, жалынды жастар қонақта болды. Елу жылдан астам тарихы бар музей ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың алтын ­ордасына айналды. Өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір саналатын ғимаратқа келушілер қатары күн санап артып келеді.
Көрнекті қоғам қайраткері, өз заманының патриоты, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылғы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылды. Оған ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді. Музей Қазалы қалалық кітапханада 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Бұл мүйісті ұйымдастыруға ұстаздар М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысты. Ғаниға қатысты көптеген құжаттар мен суреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаев арқылы алынды. 1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің және Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бұйрығына сәйкес өз алдына отау құрды.
1981-1984 және 1991-1992 жылдары қосымша құрылыстар жүргізілді. Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 110 және музейдің 30, 40, 50 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды.
Музей қызметкерлері Ғани Мұратбаевтың 105 жылдық мерейтойы қарсаңында ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын!», 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихынан «Ғани тағылымы», 2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуы құрметіне Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғаниды зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектерінен құрастырылған «Ғани» атты жинақ, 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016, 2017 жылдары «Ғанидың қазалылық ізбасарлары» атты жинақтар және 2018 жылы «Ғанидың қара шаңырағы» атты фото-альбом шығарылды.
– Жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізудеміз. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атаулы мерекелерде іс-шаралар өткізіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау, еңбек адамдарын дәріптеу, Батыр аналарды таныстыру, соғыс ардагерлерін құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіруде жұмыстар атқарып келеміз. Экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. Ғани рухына тағзым етушілер қатарында ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен келген аудан қонақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. 1986 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс бабындағы Қазалыға келген сапарында Ғани музейінде болып, қолтаңба қалдырды. Сондай-ақ, 2005 жылы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімов, 2008 жылы Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев музейде болып, Ғани рухына тағзым етті, – дейді музей директоры Роза Асанова.
1968 жылы музей алғаш ашылған да 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарында музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі аудандық өлкетану музейіне берілді. Бүгінгі таңда музей қорында 3561 экспонат бар. Жеті экспозициялық, бір көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы жұмыс жасайды. Ғанидың балалық шағынан бастап өмір жолы, ақтық сапарға аттандыру шаралары осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған. Сондай-ақ музейде оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге онымен қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да табылады. Жас ұрпақты Ғани рухымен тәрбиелеу мақсатында музей жанынан «Жас ғанитанушылар» үйірмесі және үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі құрылды.
Келушілерге сапалы қызмет көрсетуде музей директоры Роза Асанова бастаған ұжым мүшелері – зал қараушы Төлеш Сабырбай, ғылыми қызметкерлер Ақерке Бердібай мен Ақбота Құдайберген, экспонаттарға жауапты қор сақтаушы Әлібек Сералының еңбегі орасан. Қызметкерлер білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөледі. Мұндағы жалынды ­жастар үлкендер салған сара жолда білімдері мен тәжірбиелерін толыстырып келеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
20 мамыр 2020 ж. 1 472 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031