Аудан әкімі айналма жол құрылысының сапасын бақылады
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысын көріп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынын бақылады.Қазіргі таңда нысанда жер тегістеу, тас төсеу, каналдарға темірбетон плиталарын орнату жұмыстары толық аяқталып, жолға қара шебін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталады.
Жобаның жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Айналма жол құрылысы шілде айына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілу жоспарлануда.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі мердігер мекеме басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып, техникалық талаптардың қатаң сақталуын ескертті.
Аталған айналма жол кент орталығындағы көлік қозғалысын реттеуге, Жанқожа батыр көшесіндегі жол жүктемесін азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.
Жалпы аудан орталығында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта В. Счастнов орамы, Жанқожа батыр көшесінің 3 шақырымдық бөлігі, Төремұрат жырау орамы, Ы. Жақаев және Ш. Қалдаяқов көшелерін қоса алғанда 13 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Р. Сабырбаев, С. Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж. Аймауытов, М. Шоқай және С. Сүлейменов көшелеріндегі тозығы жеткен асфальт жабындарын жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Жол жөндеу жұмыстарымен қатар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобалары да жүзеге асуда. Бүгінде Т. Бөріқұлақов және Жетес би көшелерінде жаңа жаяу жүргіншілерге арналған жол салынуда. Ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Т. Бөріқұлақов көшесі мен 1,6 шақырым болатын Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төсеу жұмыстары басталады. Бұл жұмыстарды «Ақнұр Авто» және «Айым Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаруда.













