Жәдігерге айналған жез самаурын

Музей өлке тарихын, табиғатын, экономикасын, археологиясын, архитектуралық ескерткіштерін, этнографиясын, тарихи деректер, естеліктер мен ескерткіштерін іздестіруді, тарихи маңызы бар құнды жәдігерлерді жинауды, зерттеуді, оларды қорда сақтауды мақсат тұтады. Осы үдеден шығу үшін музей экспозициясын толықтыру жұмысы үздіксіз жүргізіліп отыр. Музей қызметкерлері келушілердің ішкі сұранысын өтеуді, танымдық көзқарасын кеңейтуді міндеті деп біледі. Филиал меңгерушісі Сәкен Әлішев.
Аталған музейде түрлі жәдігерлер көздің қарашығындай сақталған. Солардың ішінде көзге түсетіні талай жылдық тарихы бар жез самаурын. Тарихи деректерге сүйенсек, жалпы самаурын ең алдымен Голландиядан Ресейге Петр патшаның алдыртуымен әкелінген. Кейінірек самаурын жасау ісі жақсы дами түседі. Самаурын орыстың “самовар” деген сөзінен шыққан. Қалпы: шар тәрізді, оттықты, қос құлақты, шүмекті, төрт аяқты, қақпағында бу шығаратын саңылауы бар. Алғашқы самаурынды тұрмысқа әкелуші Тула қаласының қару-жарақ зауытының шеберлері Иван мен Назар Лисициндер. Олар 1778 жылы үкімет орындарының рұқсатымен жеке меншіктегі зауыт ашып, тұтынушылар өтінішін өтей бастаған. Самаурын қазақ жерінде XІX ғасырдан бастап қолданысқа еніп, күнделікті тұтынатын қажетті бұйымға айналды. Туладан шыққан осы көне самаурындардың құны бүгінде артпаса, еш кеміген жоқ.
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі 2000 жылдың желтоқсан айында Қазалы қаласындағы Қосаев көшесiнiң тұрғыны Әлмира Шометовадан алынған самаурынның бетiнде эмблема, 9 награда бейнеленген. ХІХ ғасырдың аяғында шетелде ұйымдастырылатын бірде-бір орыс көрмесі самаурынсыз өтпеген. Бүкіләлемдік көркем-өнеркәсіптік көрмелерге шолу жасайтын авторлар ресейлік самаурын өнімдері туралы айтпай кетпейтін. Халықаралық көрмелерде жүлде алған фабрика өз жетістіктерін самаурынның қақпағына жазып, үстіне медальдарының суретін басатын болған.
Қымбат тауар ең әуелі бай-бағландарға бұйырған. Кейін әр шаңырақтан табылатын болды. Әттеген-айы, бүгінде осы ыдыстар көненің көзіне, жәдігер жинаушылардың таптырмас мүлкіне айналып барады. Расында да бұрындары күнделікті шәй ішуге қолданатын самаурынды тұтынушылар қатары сиреп барады.
Музей – туған жердің асыл қазынасы. Ол жас ұрпақты, жалпы жұртшылықты туған елдің шежіресімен таныстыра отырып, оны қастерлеуге тәрбиелейді. Мұрағаттарды қорғау мен жинақтаудың астарында ізгіліктің жатқанын байқауға болады. Біздің музей де өлкетану ісін өрге жүргізуде қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады. Уақыт өткен сайын музей іші жаңа жәдігерлермен толығуда. Олардың қатарында Қазалыда мекен еткен және әлі де кездесетін құстар, жануарлар, аңдар және осы өлкенің құнарлы топырағынан нәр алған бақша өнімдері мен жеміс-жидектер бар. Сондай-ақ музейге келушілер киіз үй ішінде орналасқан қазақ халқының тұрмыстық құрал-жабдықтарымен таныса алады.
– Музейде жоспарға сәйкес іс-шаралар, көрмелер, көшпелі көрмелер ұйымдастырылады. Аудан көлемінде өтетін мәдени-көпшілік шараларға арнайы көшпелі көрпе апарып, экспонаттармен таныстырамыз. Оқушылар жиі келіп, музей ішімен танысады. Олар елдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін әрбір жәдігердің тарихымен танысып, мәдени мұрамыздың мән-мағынасына терең бойлайды, – дейді Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА