Қазақстандағы алғашқы метеостанция

Күнделікті тірлігін ауа райының қолайлығына қарай ыңғайлайтындар үшін Казгидрометтің болжамы маңызды. Күн суытса, жаңбыр жауса, аяқ асты дауыл тұрса алдын ала күн райын бақылап отыратындар жылы киімін киіп, ертерек қамданады. Ал 112 келген хабарлама жолға шығушыларды тайғақ жол мен тұманнан сақтап, аптап ыстықта үйде болуды ескертеді. Күнделікті келіп түскен ескертуді ашпай-ақ не деп айтатынын білетіндейміз. «Қызылорда облысында 15-20 м/с дейін желдің ұйытқуы». Күн райының мұндай құбылмалы жағын кім анықтайды?
Бала күнімізде «городтағы» бір шағын мекеме көзімізге оттай басылатын. Жан-жағы жасыл желекке толы. Айналасы су. Құдды ертегідегі ағаш үйлер іспетті. Сол уақыттары үлкендер бұл ауа-райын бақылаушы мекеме екенін айтатын. Иә, қазір осы әр жауынның «тамшысын санайтын» станцияның атқарып жатқан қызметі қандай? Осыны білмекке метеостанция орталығына ат басын бұрдық.
1848 жылы Қазалы қаласында ашылған метеостанция әлі күнге дейін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл мекеме – Қазақстанның алғашқы метеостанциясы. Әрі ол бүгінге дейін өзінің кәсіби функцияларын шебер орындап келеді. Мұнда желдің бағыты, ауаның ылғалдылығы, ауа температурасы және топырақ температурасы сияқты деректерді жинайтын бес маман жұмыс істейді. Станцияның жанында ауа райы алаңы орналасқан. Метеостанция басшығы Сәуле Оспанова мұнда мамандар ауысыммен жұмыс істейтінін айтады. Бір қызығы станциялар пайда болғаннан бері мұндай кесте өзгермеген.
– Біздің станция Қазақстанда алғашқы ашылған ең көне мекеме. Бұл жер 1848 жылы ашылғаннан бастап еліміздің метеорологиялық қызметінің тарихы басталды. Бұл бастапқыда Түркістан әскери округінің әскери топографиялық бөлімі болды. Тек әскери қызметшілерге қызмет етті. Жалпы Қазақстанда ауа-райын алғашқы жүйелі бақылауды тек әскери адамдар жүргізді. Ауа-райы болжамы стратегиялық маңызды ақпарат болды. Өйткені олар шабуылға қашан бару керегін, қашан шегіну керегін білуі керек еді. Бұл деректердің барлығы хабаршылармен бірге штабтарға жіберілді. Жалпы метеорология XVII ғасырда пайда болды. Бұған итальяндық физиктер Галилео Галилей мен Эвангелиста Торричелли ойлап тапқан алғашқы термометр мен барометр қызмет етті. Гигрометр, жаңбыр өлшегіш және ауа райы кейінірек пайда болды. Бұл құрылғылардың барлығын пайдалануға болады. Бүгінде олар өз қызметін жоғалтқан жоқ, – дейді Сәуле Оспанова.
Тарихқа көз жүгiртсек, Қазақстан аумағындағы метеорологиялық бақылаулар ХIХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Қуаныштысы, алғаш осындай станса Қазалы қаласында 1848 жылы ашылған. Екiншi метеорологиялық станса арада алты жыл өткеннен кейін 1854 жылы Семейде құрылған. Ұзақ жылдар бойы ел игiлiгiне қызмет етiп, күннiң кiрпiгi мен айдың айшығын аңдыған ауа райы сақшылары үнемi үзiлiссiз жүйелi жұмыс істеп келедi.
Шағын ғана бақылау стансасында 1907-1942 жылдары Анна Карловна Блан басшылық етсе, аға гидромед бақылаушы Варвара Семен¬овна Мясникова, техник агрометеоролог Валентина Александровна Гарина, гидромед бақылаушы Антонина Семеновна Панкиева, техник гидролог Гельсем Хамиджановна Ярцева, гидропост бақылаушысы Александр Иванович Федоров қызмет атқарған.
«Қазалы ауа райын бақылау» стансасында 1950 жылы Касаткин, 1954-1961 жылдар аралығында Майсеев, 1961-1964 жылдары Г.С.Шабалин, 1964-1976 жылдарда В.Г.Донсков басшылық жасаған. Д.К.Добрин, В.И.Шумилина, В.Г.Донскова, Андреюк, Н.Паули¬лер қызмет iстеген.
Елiмiз тәуелсiздiк алған тұстары мекеме жаңа iзденiс үстiнде жұмыс атқарды. 1994-2008 жылдары Құттыбай Тарғынов басқарған кезде «Қазалы ауа райын бақылау» стансасы үлгiлi қызметi үшiн 2005 жылдың шiлде айында Швейцарияның Женева климат бақылау орталығының «Құрмет грамотасына» ие болды. Бұл құрметке жету жолында станса қызметкерлерi И.А.Арент, Т.К.Сұлтанмұратов, Н.М.Сұлтанмұратовалардың қосқан үлесi мол.
Мекеменi 2008-2011 жылдары Қазихан Сердалиев басқарса, 2011 жылдың 17 маусымынан берi Сәуле Оспанова басшылық жасап келедi. Алаңда орналасқан метеорологиялық аспаптарға арналған бiрiншi жалюздi қорғау будкасының iшiнде психрометрлiк термометрлер және шашты гигрометр бар. Оның басты қызметi ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейдi. Мұнымен қоса оның iшiнде минимальдi термометр мен максимальдi термометр де болады. Олар ауаның ең төменгi және жоғарғы температурасын көрсетедi. Екiншi жалюздi қорғау будкасында М-16 АС метеорологиялық термографы мен М-21АС гигрографы орналасқан. Сонымен қатар, жауын-шашын мөлшерiн анықтайтын О-1 жауын өлшегiш құралы, қар өлшегiш стационарлық және тасымалдаушы рейкалар, қардың тығыздығын көрсететiн ВС-43 таразылы қар өлшегiшi, күн шұғыласының ұзақтығын сезетiн ГУ-1 модельдi универсальдi гемографы, желдiң бағыты мен жылдамдығын бiлетiн Вильда флюгерi (желбағар), ауаның қысымын көрсететiн электронды БРС-1М барометрi, желдiң бағытын анықтайтын электронды М63М-1 анеморумбометрi, қысты күнi жердiң 3 метр тереңдiктегi температурасын бақылайтын АМ-34 термометрi, жаз айларында жердiң 5, 10, 15, 20 метр тереңдiктегi температурасын өлшейтiн Савинский термометрi бар. Осы құрылғылар арқылы аудан аумағындағы барлық мәлiметтерді станция қызметкерлері қағазға түсiрiп, жинақтайды.
Мұнда техник-мамандар агро, метео және гидроконтроль жүргізеді. Өлшеу Гринвичтің белгілі бір уақытында жүзеге асырылады. Ол үшін барлық қажетті құрылғылар мен жабдықтар бар. Мамандардың айтуынша, табиғи құбылыстарды байқау қызықты.
– Топырақтың температурасын әртүрлі тереңдікте өлшеуге арналған термометрлер бар. Үлкен гүл түріндегі ерекше құрылғы – бұл Третьяковтың жауын-шашын өлшегіші. Оның көмегімен атмосфералық сұйық және қатты жауын-шашын өлшенеді. Қар, бұршақ, жаңбыр, шық арнайы цилиндрлік шелекке түседі. Тәулігіне екі рет шелекке түскен жауын-шашын арнайы өлшеу ыдысына құйылады, – дейді метеостанция басшысы.
Психрометриялық стенд бар. Онда психрометр, гигрометр, максималды және минималды термометрлер орнатылады. Бұл құрылғыларға ауаның еркін қол жетімді болуы үшін арнайы пердесі бар ақ түсті ағаш стендте орнатылған. Психрометр – ауа мен ылғалдылықтың температуралық көрсеткішін өлшеуге арналған арнайы құрылғы. Стендте әлі де анеморумбометр бар. Ол желдің бағыты мен жылдамдығын бағамдауға арналған өлшеуіш құрал.
– Мамандар тәулік бойы жұмыс істейді. Ауа температурасын әр үш сағат сайын өлшеу керек. Жел, ауаның ылғалдылығы үнемі бақыланады. Күн райына қатысты деректердің барлығын біз жинаймыз, кодтаймыз және синоптиктерге жолдаймыз. Ал олар сол деректі Астанаға жібереді. Метеорологтың жанында әрдайым журналдар, кітаптар, күнделіктер және анеморумбометр – желдің жылдамдығы мен бағытын өлшейтін арнайы құрал жүреді.Компьютерде арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Сол бойынша қызметкерлер салыстырулар жүргізеді және деректерді нақтылайды. Метеорологиялық қызметте қазір көптеген автоматтандырылған құрылғылар бар. Бірақ біздің жұмыста адам факторы үлкен рөл атқарады. Мәселен, мұз машинасында тек қолмен ғана жұмыс істеуге болады, – дейді Сәуле Оспанова.
Станция басшысының айтуынша, кейінгі жылдары климаттық өзгерістер байқалған. Мысалы бұрын қыс қатал, жаз аптап ыстық емес еді. Олар күн сайын бақыланатын жазбаларды жүргізетіндіктен күн райы жатталып қалған құбылыс. Соңғы 25 жылда ауа температурасының жоғарылауы байқалған. Бұрын қыста 40 градус аяз байқалса, қазір қыс 18 градус болуы мүмкін. Қазалыда қыста орташа температура – минус 23 градус. Жазда ең жоғары температура – плюс 41. Қазалы метеорологтарының жұмысы үшін ең қиын уақыт – көктем мен күз. Ауа-райы құбылмалы, жаңбыр, тұман. Ал қыс мезгілінде аязда жұмыс істеу оңайырақ, өйткені ауа-райы ашық және тек жел соғуы мүмкін. Мамандар күріш алқаптарына да барады. Онда агробақылаушының көмегімен су деңгейінің температурасын және күріш құлақтары қай фазада екенін анықтайды. Олар зерттеуді жоңышқаға да жасайды.
– Біз егіншілердің игілігі үшін де жұмыс істейміз. Оларды агрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Бұл оларға уақытында егін егуге және жинауға, дақылдарды тамақтандыруға, тыңайтқыштар енгізуге көмектеседі. Біздің қызметкерлер жауын-шашын мен ылғалдылық параметрлерін, егістік қабатының температурасын анықтайды. Топырақтың қату тереңдігін, қар жамылғысының биіктігін өлшейді. Олар осы деректердің барлығын жазады, аграршылардың жерді қашан жыртқанын, басқа жер учаскесіне не себілгенін көреді. Біз бірінші жапырақ пайда болған кезден бастап егін жиналғанға дейін зерттейміз, – дейді метеостанция басшысы.
Иә, бұл егіншілерге құрғақшылық немесе су тасқыны салдарынан егінді жоғалтудан қорықпай жұмысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Осының арқасында ауылшаруашылық кәсіпорындары жоғары және сапалы өнім алады.
Биыл Қазақстанның ең көне метеорологиялық станциясына – 177 жыл толады. Бүгінге дейін мекеме өз жұмысын тоқтатқан жоқ, тек орналасқан жерін өзгертті. Жұмыс істеген жылдары ұжым бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қош. Ауа-райы қандай болса да, жел қай жерден соғып тұрса да қазалылықтар әрқашан қолайсыз күн райын алдын ала біледі. Өйткені, метеостанцияда тек кәсіпқой мамандар жұмыс істейді. Жұмысы көрінбейтін бұл мамандардың атқарар қызметі мен жауапкершілігі өте жоғары. Сізге келетін хабарламаның түп төркіні де осында жатыр.
Айнұр ӘЛИ