Меже мен мүмкіндік
Бейсенбіде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді.
Аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы сан қырынан көрініс табуда. Қолдағы барды мол табыс көзіне айналдырып, ел игілігіне еңбек ету қазіргі кәсіпкердің басты ұраны. Кәсіпкерлік саласындағы өсу өңір экономикасының әлеуетін арттырады емес пе? Жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Салтанат Ражатова 8,6 миллион теңге несие алып, жылыжай өсіруді қолға алған. Былтыр бастаған бизнесі алғашқы жемісін беруде. 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 60 келі өнім жиналған.
– Отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Әзірге нәтиже жаман емес деп санаймын. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек, – дейді кәсіпкер.
Иә, бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударды. Жергілікті тұрғындар арасында да кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артты. Солардың бірі – Толқын Бижанова. Ол алдымен кондитерлік өнімдерді үйден әзірлеп, ауылдастарының тапсырысы бойынша жұмыс істей бастайды. «Ауыл аманаты» жобасы жайында естіп, кәсібін кеңейтіп, цех ашуды мақсат етеді. 6,5 миллион теңге жеңілдетілген несиенің арқасында мақсаты орындалып, бүгінде ол 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ғалия Қартабаева – аудандағы жас кәсіпкер. «Ауыл аманаты» бағдарламасына жоба ұсынады. 5,4 миллион теңге несие алып, автокөлік жөндеу және жуу орталығын ұйымдастырған. Жұмыспен қамтылған екі адам күніне 5 көлікке қызмет көрсетеді.
– Еңбек етуге ниеті бар адам кез келген кәсіпті қымсынбай қолға алуы керек, – дейді кәсіпкердің өзі.
Қазалыдағы кәсіпкерлік саласы өрге басқан. Оның ішінде түйе ұстайтын шаруалар көп. Дегенмен сүті сауылған күйі сатылатыны жасырын емес. Оны терең өңдеуге қатысты кеңес беретін, қажет болса, үйрететін жандар бар. Мәселен, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» ауыл шаруашылығы кәсіпорны шұбаттан бірнеше өнім әзірлейді екен. Тіпті сусынның ұнтақталған түрін ұсынуда. Иә, қолға күрек алып, тыраштану әр адамның өз еншісінде. Нарықтың заңы – тіршіліктің ебін білу. Тек ойланып қарекет етсе, мемлекет берген мүмкіндікті пайдалана білсе болғаны.
Вице-премьер ауылдарда кооперативке бірігу тәжірибесін кеңінен қолдану қажетін айтты. Елде 3-4 адам емес, бір шаруашылық аясында бүтін ауыл боп жұмылудың мысалдары бар. Мысалы, Батыстағы Қоскөл ауылы. Елді мекендегі барлық 227 ауланың басын қосқан серіктестік тәжірибесі туралы ауыл әкімі Әділет Мұсағалиев айтып берді. Ал өндірілген өнімді кәдеге жаратудың бір жолы ретінде Түркістан облысының тәжірибесі ұсынылды. Мұнда кәсіпкер Данияр Қалымбетов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтағы әлеуметтік нысандардың асханаларын жөндеп, оларды азық-түлікпен қамту ісін қолға алған. Мектеп-интернаттар, медициналық әлеуметтік нысандарға қызмет көрсетуде. Тағамға қажетті өнімдерді орталықтандырылған жолмен сатып алып, мекемелерді қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе Сыр өңірінде де енгізілуі мүмкін. Осы ретте «Байқоңыр» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорацияның көмегі қажет. Шаруалардан сатып алынған көкөніс, ет, сүт өнімдері әлеуметтік нысандар асханаларының қажетіне жарайтын болады.
Тамара Дүйсенова елдегі оң тәжірибелерді кеңінен тарату, өңіраралық байланысты нығайтудың маңызды екенін де атап өтті.
– Әр облыстың әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда өзара байланыс арқылы бірлесіп жетістікке жетуге болары даусыз. Сайып келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі екенін естен шығармайық, – деді Тамара Дүйсенова.
Айта кеткен жөн болар, Қызылордадағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа нысанмен толықты. Сырдың сол жағалауында жаңа қан орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты. Шарада сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов та болды. Салтанатты түрде медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігіне жарайтын болады.
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс орталығында пәтер кілттерін табыстау шарасына да қатысты. Дарияның сол жағалауында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезектегі 150 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, баспаналардың құрылысына республикалық бюджеттен 8,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға 5 қабатты үйлер бой көтерді.
Айнұр ӘЛИ