“Ауыл аманаты”: бірде-бір жоба ұсынбағандар бар
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында жылу беру маусымына дайындық пен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.
Жылу беру маусымына дайындық туралы аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева баяндама жасады.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жылу беру маусымы кезеңінде тұрғындарды сапалы және үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етудің әрдайым өзекті екенін ескертіп, ешқандай мәселе туындамауы тиіс екендігін айтты. Осыған сәйкес бірқатар жауапты басшыларға дайындық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Алдымен аудандағы көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен меморандумдар жасалып, қатты отын тапшылығының алдын алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ осы жылға жоспарланған әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын газға бейімдеу жұмыстарын жеделдетіп, жылу беру маусымына дейін аяқтау керектігін айтты. Мұнымен қоса аудандағы барлық әлеуметтік-мәдени нысандардың бу қазандықтарының дайындығы, отын қорларының жасақталуы, өрт қауіпсіздік шараларының сақталуы да пысықталуы қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар тағы бір өзекті мәселе Әйтеке би кентіндегі көп қабатты тұрғын үйлерге дұрыс жылу берілмей тұрғындардың наразылығын тудырып жүргендігін айтып, тиісті бөлімдермен бірлесіп, көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, проблемалық мәселелері жедел шешуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша тапсырмалардың орындалуы мен үйлестіруді жауапты орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа тапсырып, қатаң бақылауға алуды баса айтты.
Мұнан соң мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы мен шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы бойынша аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов пен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов қысқаша айтып өтті.
Хабарламашыдан кейін аудан басшысы халықтың табысын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл бойынша бірде-бір жоба ұсынбаған ауыл әкімдерін қатаң сынға алды. Осыған сәйкес ауыл әкімдері аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, бағдарлама аясында ауылда жүзеге асырылатын, қаржыландыру мүмкіндігі бар жобаларды айқындап, ауылға инвестиция тартуға жұмыс жасауды тапсырды.
Ал ауданда шағын және орта кәсіпкерліктегі халықтың үлесі төмен көрсеткіште екенін айтып, кәсіпкерлік бөлімі мен барлық әкімдер бірлесіп, халыққа нақты бағыт сілтеп, мемлекеттік бағдарламаларға азаматтарды қатыстырып, кәсіп ашамын деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету керектігін жеткізді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат