Шық суына суарылған – Құрыш

1944 жылы әкесінен майдан даласында хабарсыз кеткендігі жөнінде хабар келгенде Болат Әмірханұлы ойын баласы еді. Соғыс балаларының қиын тағдыры оны да айналып өткен жоқ. Ес білгеннен шыққа шомылып шөп шапты, мал бақты, қабырғасы майысып еңбекке ерте араласты. Әкесінің інісі Әбдіхалық көкесінің тәрбиесін көрді, әкелік қамқорлығын сезінді. Халықтың ұғымында «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген құдірет бар. Өйткені текті әулеттің ұрпағы, асылдың тұяғы болатынын болжаған. Сондықтан дана халқымыз тектілікке айрықша мән берген. Сол айтқандай адамның тұлғалық қасиеті осы тектіліктен бастау алады. Әуелде бой түзей бастаған баланың бойына дара қасиеттер атаның өсиетімен, ана сүтінің қасиетімен дарып, туған жердің тәрбиесімен қалыптасады.
Болат Әмірханов 1937 жылы 14 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылының «Сараман» қонысында дүниеге келген. Өзінің балалық шағын өткізген А.Андреев атындағы ұжымшарда жеті жылдық мектепті тәмамдаған. Кешкі мектепте оқып жүріп, әуелде шойын жолдағы еңбек жолын Қазалы стансасындағы паровоз-локомотив депосында машинистке көмекші-жөндеуші, от жағушы болып бастады. Кейін Қызылорда локомотив депосы жанынан ұйымдастырылған тепловоз машинистіне көмекші курсында оқыды.
Талапшыл жас Ташкент қаласындағы теміржол көлігі инженерлері институтының «Локомотив және локомотив шаруашылығы» факультетін тәмамдап, жол қатынастары инженер-механик мамандығын алады.
Жиырма екі жасында оқу орнының жолдамасымен КСРО ЖҚМ Қазақ темір жолына жұмысқа орналасады. Онда тапжылмай 15 жыл қатарынан жол бөлімшелеріне қараған Жамбыл, Аякөз, Семей паровоз, тепловоз локомотив деполарында машинистке көмекші, шебер, аға шебер, депо бастығының орынбасары, депо бастығы және теміржол (НОД-7, НОД-9) бөлімшелерінде локомотив бөлімі бастығының орынбасары, бөлім бастығы болып жауапты қызметтер атқарды.
Теміржол саласындағы білікті, іскер, белді азаматын басшылардың ұсынысымен 1974 жылдың 18 қарашасында Көкшетау теміржол бөлімшесінің бас инженері қылып тағайындайды. Ал араға үш жыл салып, 11 сәуірде КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысы негізінде 18 сәуірдегі КСРО Жол қатынастары министрінің бұйрығымен Қазақстан теміржолы Тың (Ақмола), Алматы, Батыс Қазақстан теміржолы болып үшке бөлініп, Қазақ теміржолының тарихында Болат Әмірхановтың Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Целиноград теміржолы бөлімшелері қараған Тың теміржолының инспекция бастығы болып тағайындалуы тәжірибелі инженерге танытқан оң көзқарастардың бірі болатын.
Қайнаған теміржолдың қазанында, жауапты жұмыстардың ортасында, ұзақ жылғы тәжірибеде шыңдалған азамат 1979 жылдың 11 мамырында Қазақ КСР-інің сол кездегі астанасы Алматы қаласына арнайы шақырылады. Енді бес аймақ Семей, Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Шымкент қалалары мен ҚырғызКСР-інің Фрунзе қалалары аралығындағы 4420 шақырым теміржол телімдерін қамтыған Алматы теміржолы басқармасының Локомотив шаруашылығы қызметі бастығының орынбасары, кейін бастығы лаузымы ұсынылды.
Одан соң Локомотив қозғалысын пайдалану қызметі бастығының орынбасары, көп ұзамай бастығы, жол қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі ревизордың орынбасары, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі Бас ревизордың орынбасары, бірінші орынбасары болып қызметте сатылап өсуі екінің біріне ұсыныла бермейтін аса жауапты, абыройлы, беделді қызметтегі мерейінің үстем болғандығы, дарабоздығы, қабілет-қарымы еді.
Сол замандағы басшылар С.Нұрпейсов, И.Әбдікәрімов, Ұ.Қараманов партия ұйымына басшылық қызметке шақырды. Алайда оның сонша жылғы қатаң, әскери тәртіпке негізделген теміржолдан басқа салаға ауыспауы кездейсоқтық емес. Өйткені теміржолда мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен келген жан ғана тұрақтайды, өзінің дара жолын табады.
1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының қабылдаған қаулысы негізінде Қазақ КСР-і таратылып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан теміржолы Қазақстанның Теміржол транспорты министрлігіне қарасты болды. Сол уақытта Болат Әмірханов Алматы теміржолы басқармасының Локомотив шаруашылығы қызметінің бастығы, арнайы қызмет бастығының орынбасары, бастығы, Қазақстанда алғаш құрылған жолаушы пойыздарын техникалық және экономикалық бақылау ісі жөніндегі Жолдық Орталығының басшысы қызметін аброймен атқарды. Тәуелсіздіктің болашағын қалап, ірге тасын бекітуде теміржолды реформалау, көлік қозғалысы, қауіпсіздігі, құрамалардың жабдықталуы, тынымсыз жұмыс атқаруына өз үлесін қосты. Осы жылдары тасымалдың артуы, көліктің техникалық күйінің жақсаруы, теміржолдағы бақылау тәртібінің артуы, республика бойынша экономикалық жағынан түскен қомақты табыстар ол басқарған ұжымдардың жеткен жетістіктері, нәтижелі жұмыстары болды.
1997 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде үш теміржол біріктіріліп «Қазақстан темір жолы» РМК-ны болып қайта құрылды. Болат Әмірханұлы жаңадан жасақталған Локомотив шаруашылығы Бас басқармасында аға инспектор, одан Бас инспектор қызметін мінсіз орындайды. 1998 жылы абыроймен зейнет демалысына шықты. Дария кеуде, тау мүсін ардагер құрметті демалыста жүрсе де бес жыл теміржол ісінен қол үзген жоқ. 2017 жылы 6 қазанда өмірден озып, денесі Кеңсай зиратына қойылды.
Болат Әмірханов шойын жол тарихында Ербай Боранбаев, Тәжбен Сексенбаев, Құдайберген Көпжасаров, Нығметжан Есенгарин, Амангелді Омаров, Сұлтан Тасқожаев сияқты саланың танымал тұлғаларымен үзеңгілес, үндес, пікірлес болып баянды қызмет атқарды. «Еңбек ардагері» медалімен, КСРО Жол қатынасы министрлері Б.Бещев, И.Г.Павловский, Н.С.Конарев, Л.В.Матюхиннің алғыстары жарияланып, елуден астам арнайы сый ақы алған, үш мәрте «Социалистік жарыстың озаты» төс белгісімен марапатталған.
Сонымен қатар «Отан теміржолына – 150 жыл» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан темір жолына – 100 жыл медалімен, ҚР Көлік және коммуникациялар министрі Қ.Нағманов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Презинденті Е.Д.Атамқұловтың және салалық «Біртұтас Қазақ теміржолына – 50 жыл», «Достық-Алашанькоу теміржолдарының түйіскеніне – 20 жыл» медальдарын омырауына тақты. Алматы темір жолы басқармасы жарыс жеңімпазы деп танылып, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет кітабына енгізілуі осындай арда туған азаматтардың еңбегінің жемісі болатын. Сол адал еңбектерінің жемісі болған жәдігерлер мұражайлар мен мұрағаттарда сақтаулы.
Қазіргі күні теміржол саласынан кәсіби шеберлігі шыңдалып, ел құрметіне бөленіп, лауазымдық қызметтер атқарған немесе атқарып жүрген теміржолдың кейінгі буын басшылары П.А.Кумейко, А.Кутовой, С.Қ.Әділбаев, Д.Ә.Қазбеков, Д.Ә.Ахметов, Қ.Т.Терлікбаев, М.А.Шәкенов, Т.Ш.Датбаев, Ж.А.Тәнкеев, Ғ.Ж.Жұматаев, Ж.Бисенов, Ж.Наршабеков, Б.Дәденов, М.Ибраев, Қ.Нашанов,А.Қ.Қажығұловтар және бір шоғыр депо бастықтары Болат Әмірхановты өздерінің тәлімгері, ұлағаты мол ұстазы, туымы бөлек тұлға санайды. Осыдан сегіз жыл бұрын Республикамызға белгілі Құрметті теміржолшылар Ж.Ахметов, М.Шыналы, М.Аруов, Т.Тойбазаров, Ә.Төлегенов, О.Әбішов, Е.Воробьева, Ю.Ван, Қ.Рахметов, П.Орынбасаров, Р.Күрбенов, А.Дүйсенов, Ж.Көрпебаев, К.Аманов, С.Қалдыбеков, Е.Қабылов және Ж.Сүйінқараев, Ж.Кембілбаев, ҚР Денсаулық саласының үздігі Қ.Ршымбетов болып Болат ағамызға туған жеріндегі темір жол колледжінің немесе мектептің, көшенің атын беру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Өкініштісі, сол ұсыныс әлі де қолдау таппай келеді.
Абай адамды дүниенің ең маңызды бөлігіне жатқызады. Оның баяндауынша, адамның бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – еңбек. Ол тек өзінің қара басының қамын күйттеген еңбек емес, пайдасы көпке тиетін еңбекті дәріптейді. Олай болса, бүкіл саналы ғұмырын Қазақ темір жолының дамуына арнаған, сала қайраткері және тыл ардагері, өңірден шыққан теміржол генералы, Республикамыздың құрметті теміржолшысы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Болат Әмірхановтың өнегелі істері мен жарқын тұлғасы халқының жадында сақталып қала бермек.
Нұрай ШАБЫТ