Олар мәңгі ұрандар



Құрамында ауылдасымыз жүрген 120-мм минометшілер ротасы Сталинград майданындағы ұрысқа қосылады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі болған Сталинград шайқасы соғыс барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз болған еді. Сталинград түбінде ерекше ерліктерімен көзге түскен Қодаров Оңдаш атамыз алғашқы «Ерлігі үшін» (За Отвагу) медалін 1943 жылдың 25 қаңтарында омырауына тағады. «Сталинград үшін біздің гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлері өліспей беріспейтін болып, жауға қарсы тұрды. Олардың «Отан үшін алға!»- деп арпалысқан әр күні мен әр түні менің әлі күнге көз алдымда. Сондықтан да асыл азаматтарымызға тағзым етіп отырамын» деп айтып отырады екен қарт жауынгер елге келгесін өзі сабақ берген шәкірттеріне. Сөйтіп, Сталинград түбіндегі ұрыс жеңіспен аяқталып, гвардия кіші сержанты шенін алған Қодаров Оңдаш атамыз екінші «Ерлігі үшін» медалін 1944 жылдың 29 тамызында өңіріне тағып және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады.
Оның атына жазылған сарғайған «Марапатқа ұсыну» қағазында сол күні бір өзі жаудың бір пулемет ұясын жермен жексен қылып, он солдатын о дүниеге аттандырыпты. 1944 жылдың қысында бұрынғы Батыс майданы таратылып, оның бір бөлігі армия генералы К.К.Рокоссовскийдің ұсынысымен 2-Белорус майданы болып қайта жасақталады. Сонда минометші Қодаров Оңдаш атамыз жүрген 2-рота, енді генерал И.Т.Гришиннің 49-Армиясының қоластындағы Суворов орденді Қызыл тулы Смоленскілік 199-атқыштар дивизиясы құрамындағы Қызыл тулы 492-атқыштар полкіне қосылып, осы майданның шебіне жіберіледі.
Взвод командирі Қодаров Оңдаш атамыз «Хоэнфельде» деген қыстақты алу кезінде алдыңғылардың бірі болып жаудың бекінісіне басып кіріп, кейінгілердің шабуылына басшылық жасаған. Әрине айтуға ғана оңай. Мұндай ауыр сәттерді жете түсіне білу, жол табудың орайлы сәтін ашып көрсету, сөйтіп сол сәтті жеткізе сипаттау оп-оңай емес және екінің қолынан келе бермейді. Сонда тапсырманы орындап, ержүректік пен табандылық танытып, көзге түскен батыр жауынгерге 1945 жылдың 16 сәуірінде III дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталды деген бұйрық шығады. Сонан соң, Берлинге дейін барған жауынгер «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалін омырауына тағып елге оралады. Атамыз жоғарыдағы шайқастарда екі мәрте ауыр жарақат алып, соғыстан елге оралған соң, зейнет демалысына дейін «Қожабақы» ауылындағы №25 орта мектепте, «Бозкөл» ауылындағы №96 орта мектепте мұғалім, директордың орынбасары, кейін бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарған.
Бүгінде еңбегімен елге танылып жүрген көптеген азаматтар алғашқы білімді осы білікті ұстаздан алған. Осы өңірдегі сауат ашуға айрықша еңбегі сіңген ағартушы-педагог
Қилыбаев Әбіл көкем 1909 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының А.Андреев атындағы ауылында дүниеге келген, 1942 жылы 22 маусымда осы ауылдан майданға аттанып, генерал-лейтенант Л.А.Говаровтың қол астындағы Ленинград блокадасын азат етуші Любань бағытындағы майданға жіберіледі. 1943 жылдың 30 қазанында «Ленинградты қорғағаны үшін» медалымен марапатталған оған ефрейтор деген шен беріледі. 1945 жылдың жеңісті жақындатқан көктемінде Берлин көшелерінде, Рейстагтың іргесінде көп жауынгерлер қаза тапты. Енді Кеңес әскерлері ғана емес, АҚШ пен Аңглия әскерлері де ұрыс әрекеттерін жүргізді. Оларға қарсы фашистер 48 жаяу әскер дивизиясы мен 4 танк дивизиясын, 10 моторлы дивизия мен 37 жеке жаяу әскер полкін және 98 жеке жая әскер батальоны мен көптеген артиллериялық құрамалардан тұратын күшті қарсылық көрсету топтарын жасақтады. Кеңес әскерлері жаппай ерлік пен тапқырлықтың үлгісін көрсетті. Соғыстың соңында 1945 жылдың 30 наурызында Әбіл көкеміз 2-Прибалика майданының 74-атқыштар дивизиясының 942-атқыштар полкінің құрамында жүріп «Ерлігі үшін» медалімен, кейіннен II-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаталған.
Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбдіразақов Сайфулмәлік атамыз 1923 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының №8 ауылдық кеңесіне қарасты Ф.Э.Дзержинский атындағы ұжымшардың аумағында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге алынған Түркменстан жерінен 2-Белорус майданынына аттанған. 1942–1945 жылдары атқыштар дивизиясының 268-Суворов полкінде аға сержант шенінде кіші командир болып Польшаны және Жапонияны азат етуге қатысып, «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, 1947 жылы елге аман-сау оралған.
Қазіргі таңда Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай Қарасақал Ерімбет атындағы №96 орта мектебінде іс-шаралар өтуде ондағы мақсатымыз осы бейбіт күннің келу жолында аталарымыздың ерлік істерін жас ұрпаққа паш ету.
Ләззат ӘБДІХАЛЫҚОВА