Ерлігі елдің есінде
Жаратқан ием әркімге әртүрлі тағдыр сыйлап пешенесіне жазатын болуы керек. Олай дейтінім, біреулер дүниеге келгеннен жолы ашық, қиналмай жетістікке жетіп, өмірін ештеңеден кенде болмай өткізеді. Ал кей жандар тағдырдың соқпағын көп көріп, қиыншылықтарға тап болып, өмір жолын түзетсе, екінші біреулер оған батылы жетпей ауырлықтың азабынан құтыла алмай жатады. Демек күреске толы өмірді сүру оңай емес.
Ежелден «Үйінде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз қалған. Қарт дегенде көз алдымызға ерлігімен от кешкен ардагерлер келеді. Жүректе сазы, көңілде ізі қалған қанды соғыстағы еңбектері ерен. Кеңес үкіметі Октябрь революциясынан кейін қанша қиындықпен өмір сүріп, аштық, қуғын-сүргінді көрген жас мемлекет енді ғана есін жинап жатқанда ойда-жоқта Кеңес үкіметіне 1941 жылы 22 маусым күні таңертең сағат 4-те Германия басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашты. Жайбырақат тәтті ұйқыда жатқан бейбіт тұрғындардың шекарасын бұзып, ұшақпен жарылғыш тастап, жерде ауыр артиллерия, танктер, снарядтармен атқылап, қаптаған темір құрсанған жаяу әскерлер оқ жаудырып, жер мен көктің астан-кестенін шығарып, қан-жоса етті.
Сөйтіп қапелімде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында тұңғыш рет тарих сахнасына шыққан социалистік мемлекеттің өміршеңдігіне, оның тәуелсіздігіне деген қияметтен қиын сынақ және фашизмге қарсы күрес сол кездегі бүкіл совет халқына қатал сын болды. Осы кезеңде көпұлтты халық өзара ауызбіршілік танытып, еңкейген кәріден естияр балаға дейін ашу-ызамен қас дұшпанға қарсы көтерілді.
Бауырластар қатарында ел қорғауға Қазақстанның ұл-қыздары, оның ішінде қазалылықтар да жан аямай белсене қатысты.
«Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып ауыздығымен су ішкен» ауыр заманда Қазалы ауданынан 10754 жерлес майданға өз өтініштерімен аттанып, ортақ Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі, жер бетінде бейбіт өмір орнауы үшін ажалмен бетпе-бет айқасқа түсті. Олар майданда да, тылда да небір тамаша ерліктің, ерен еңбектің, қаһармандықпен қайрат-жігердің үлгі-өнегесін көрсетті. Қанды қырғынның зардабын тартпаған ауданда бірде-бір отбасы жоқ десек, артық айтқандық емес.
Ұлы Отан соғысында жер шарында 50 миллионнан, Одақ бойынша 24 миллионнан астам адам қаза тапса, оның 4541-і Қазалының перзенттері. Қайғы отына оранып, 1418 күнге созылған сол сын кезеңде біздің бауырлар елдік пен ерлік, қайсарлық пен қаһармандық көрсетті. Қазалыдағы атты әскер полкінің негізінде құрылған 75-ші теңізшілер бригадасы Мәскеу түбіндегі қанды ұрысқа қатысты. Кейін 27-ші гвардиялық атқыштар девизиясы болып қайта жасақталып, Сталинград шайқасында көзге түсті.
Ақтөбеде жасақталған 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында 886 қазалылық болып, олар Солтүстік батыс бағытта Калинин, Новогород, Псков облыстарының жүздеген елді мекенін жаудан азат етті. Сол ежелгі орыс жерін жаудан тазартуда бригададағы қазалылықтардың үштен бірі қаза тапты. Орынбор түбіндегі ТОД лагерінде қысқа мерзімді соғысқа оқу-жаттығу әзірлігінен өткен екі мыңға жуық қазалылық Сталинград қоршауын бұзуға қатысты. Сол ұрыстарда 750-дей жерлестің өмірі қиылды.
Ленинград пен Кавказды қорғауда біздің бауырлар алдыңғы қатарда болды. Соғыс жылдарының жылнамасына жүгінсек, Қазалы ауданының да алар орны, жеңіске жетуге қосқан үлесі аз емес. Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестердің барлығы өздерінің жауынгерлік ерліктеріне сай медальға ие болған. Сұрапыл сында ажалмен бетпе-бет айқасып, теңдесі жоқ ерлік танытқан Сыр өңірінің 21 азаматына Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, соның 6-ы қазалылықтардың үлесіне тиген. Олардың өшпес ерлігі мен даңқы ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге.
Атап айтқанда, Кеңес Одағының батырлары Үрмәш Түктібаев, Яков Михайлюк, Мақаш Балмағамбетов, Владимир Счастнов, Геннадий Шляпин, Білес Нұрпейісов Мәскеу қаласында 1945 жылы 24 июньде Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысқан. Екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», екі рет «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және жеті медальмен марапатталған майдангер Шамша Бейсембаев та біздің мақтанышымыз.
Сол бір қанды соғыстың өрті лаулаған сұрапыл жылдарда қазалылықтар қас дұшпанмен қаһармандықпен шайқасып, мерт болғандардың денесі жат жерде қалды. Денесі көмілмей соғыс даласында ұрпағын жаудан қорғап шейіт кеткен ағаларға мәңгі бас иіп, тағзым етіп өтеміз. Қан майданда ажалмен арпалысып жүріп, өшпес ерлік жасаған аға ұрпаққа деген құрмет сезімі еселене түседі. Олар жасаған ұлы ерлік ешқашанда ұмытылмайды, мәңгілік қала береді. Соғыс аяқталғанда 8 мыңдай ғана жерлесіміз жаралы, әрі науқас болып елге оралды. Олардың ішінде көптеген жауынгер майданда ерлік көрсетсе, елге келгесін де еңбек майталмандары атанып, ұрпақ өрбітіп, өнегелі ақсақал болып өмірден озды.
Соғыстан елге аман оралған ағалардың да қатары жыл санап азайып, бүгінгі күні Тілеуберген Тобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Қабақ Смағұл бар. «Бұл жандар оққа қарсы шапқанда өлім қапталда қалады» ысқырғанның өзі ынжықтың иманын үйірген тажал оғына қарсы шапқан талай ерлердің беті жабылмай соғыс даласында қалды емес пе?!» – деп отыратын соғыстан қайтқан қариялар. Аудандағы тыл еңбеккерлерінің соғыс кезінде майданға қосқан үлестері зор.
Қаншама баласынан ботадай боздап айрылған, денесінен әлі кеткен ата-ана, азаматынан айрылып зар жылап қалған жас жесірлер, әкесіз қалған көптеген жетім қиындыққа мойымай, қайсарлық пен аштыққа қарамай күн-түн демей жұмыс істеді. Отбасына қарайтын, қартқа көмекші болып табыс табуға жарайтын да жетім бала мен жесір қалған ана болды. «Ел тұлғасы еңбегімен көрікті» дегендей сол кезде қария – елге пана болса, өсиеті – ерге сана болды.
Заман өтті, ұрпақ өсті, әке орнын бала басты, шаңырақ қайта тікейді, ел еңсесін көтеріп көркейді, уақыт өзгерді. Өмір бақи ата-баба аңсап-армандап кеткен дербес егеменді ел болуға қол жетті.
Ата-баба білектің күшімен, найзаның ұшымен кең байтақ қазақ жерін жаудан қорғап ұрпағына қалдырған туған жерді олардың ұрпағы әрқашанда аман сақтауға жұдырықтай жұмылып дағдарыстан дамуға да ауызбіршілікпен жұмыс жасай біледі. Отанды жаудан сақтап бостандық үшін күрескен, бейбіт өмір сыйлаған үшін асыл аталарды әрқашан құрметтеп, өту аға буын мен жас ұрпаққа парыз.
Адам баласын табиғат аясында сүрген өмірінің берекелі баяндылығы оның ұзақтылығына жарасымды болғанымен қалдырған қолтаңбаларымен, өмірдегі жасаған өшпес іздері тұлғаның қасиеттерін көз алдымызға елестетіп, ұмытпай еске алуды ескертеді. Өзі дүниеден өтсе де кезінде айтқан сөздерімен,тыңғылықты атқарған істері мен байсалды мінезімен, биік тұлғалы адамгершілігімен ел жадында сақталып қалады. Бүгін бейбіт өмір сүріп жатсақ, ол сіздердің ықпалдарыңыз. Ел үшін келелі де, кемел іс жасадыңыздар. Оны бүгінгі ұрпақ біледі және бағалайды.
Отанның бостандығы мен тәуелсіздігін қасық қаны қалғанша қорғауға ант берген майдангерлер мұз жастанып, қар жамылып күндіз-түні окопта жатса да, жаумен жанталасып өліспей беріспеді. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен екі талай қиын кезде, көк темірмен құрсанған қатыгез жаудан Отан мен халқының бостандығын, тәуелсіздігін сақтау үшін сондай қайсарлықпен жеңуге бар жан-тәнін салып соғысқанның арқасында жауды кері қарай ығыстырып, Рейхстагқа кіріп, Берлинге Қызыл Туды тігіп, жеңіске жеткеніне биыл 76 жыл толды. Мереке баршаларыңызға құтты болсын!
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы