Еңбегімен елге сыйлы Көлжан ана
1924 жылы 7 артельден құрылған 30 жылдық Қазақстан атындағы колхозда туылып, еңбек жолын осы шаруашылықпен байланыстырған. Еңбекқор ата-анадан тәлім-тәрбие алған Көлжан Оразалиева жастайынан еңбекке араласты. Ел қамын ойлап, елеулі еңбек сіңірген ардагер анамыздың еңбек жолы елдегі қиын кездері басталған. Сұрапыл соғыс кезінде еңкейген қариядан, бұғанасы қатпаған, еңбектеген жас балаға дейін еңбекке араласты. Сол кезеңде еліміздің бар азаматы тылда еңбек ете жүріп, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Солардың бірі – Социалистік Еңбек ері Көлжан Оразалиева.
Әкесі Оразалы қарапайым шаруа отбасынан шыққан. Бойында ұйымдастырушылық қабілеті мол Оразалы колхоздағы еңбекке белсене араласты. Анасы Шәуеш тәлімі мен тәрбиесі өн бойынан табылған қарапайым, биязы адам еді. Өзінің бойындағы жақсы қасиеттерді балаларына бере білген асыл ана, жауапкершілігі мол еңбек адамы болды.
Әкесінің қанымен, анасының сүтімен келген адамгершлік, еңбекқорлық Көлжан анамыздың да бойынан табылды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Көлжан Оразалиева небәрі 17 жаста болды. Осы жасынан бастап колхозға мүше болып, еңбекке араласып, диқаншылықпен айналысты. Өзінің алдындағы ағалары мен апаларына, ізінен ерген іні-сіңлілеріне қамқорлық көрсете отырып, еңбекке баулыды. Өзінің қиыншылығы мен қуанышы қатар жүретін диқаншылық кәсібін жақсы көрді. Зұлмат соғыс аяқталып, Жеңісті жақындатуға еңбек ете отырып, өз үлесін аянбай қосты. Отан қамбасына мол астық құйған анамызға, 1984 жылы 14 маусымдағы КСРО Жоғары Советі Президумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, кеудесіне «Ленин» орденін тақты.
Диқаншы анамыз 1951-1955 жылдар аралығында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланып, 1966 жылы Қазақ ССР ауыл шаруашылығының үздігі атанды. Соғыс жылдарында аянбай еткен еңбегі бағаланып, анамыздың кеудесінде «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырады.
Еңбекке қызу араласа жүріп, отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бойына өз бойындағы барлық болмысты беріп, тәрбиелеген бақытты ана, олардың да еңбекті сүюіне ықпал жасады. Туған-туыстарға қамқор, ортасына сыйлы анамыз қай кезде де барлығының ақылшысы бола білді. Балаларының бәрі өмірден өз орындарын тауып, бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасына айналды. Ұрпағынан тараған 23 немере, 5 шөберені көрген ақ жаулықты әже 1995 жылы 11 желтоқсанда дүниеден өтті.
Ғани Мұратбаев ауылының өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне елеулі үлес қосқан Көлжан Оразалиева анамызға ауылымыздан көше берілді. Ауыл халқы өнегесі мол еңбек ардагерін жастарға үлгі етіп, үлкен құрметпен еске алуда.
Биыл Көлжан Оразалиева анамызға 100 жыл. Ғани Мұратбаев ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы», күрішші, диқаншы Көлжан Оразалиеваның еңбектегі ізбасары Күнділдә Төлеген: «Бақытын еңбектен тапқан Көлжан апа, қашанда ауыл жастарына үлгі бола білді. Бар білгенін жастардың бойына сіңіріп, диқаншылықтың қыр-сырын үйретті. Жүзінен қашанда мейірім шуағы төгіліп тұратын, ақылшы, қамқоршы апамыздың жарқын бейнесі көз алдымызда», – деп, өткен күндерден сыр шертті.
Ұлыларын ұлықтауды дәстүрге айналдырған ауыл халқы Көлжан анамыздың рухын мәңгі асқақтата береді.
Айгерім СМАҒҰЛОВА,
Ғ.Мұратбаев ауылдық кітапханасының кітапханашысы