Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында тұңғыш рет тарих сахнасына шыққан социалистік мемлекеттің өміршеңдігіне қиын сынақ және бүкіл совет халқына қатал сын болды. Көпұлтты халқымыз өзара ынтымақ, тығыз топтасқандық, ауызбіршілік танытып, еңкейген кәріден естияр балаға дейін ашу-ызамен қас дұшпанға қарсы көтерілді. Ел қорғауға Қазақстанның ұл-қыздары, оның ішінде Қазалы халқы да жан аямай белсене қатысты.
«Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» ауыр күнде 10754 қазалылық майданға аттанып, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі, жер бетінде бейбіт өмір орнауы үшін ажалмен бетпе-бет жолықты. Сұрапыл соғыста Одақ бойынша 24 миллионнан астам адам қаза тапса, оның 4541-і Қазалының перзенттері.
1418 күнге созылған сын кезеңде біздің бауырларымыз елдік пен ерлік, қайсарлық пен қаһармандық көрсетті. Қазалыдағы атты әскер полкінің негізінде құрылған 75-ші теңізшілер бригадасы Мәскеу түбіндегі қанды ұрыстарға қатысты. Кейін 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылып, Сталинград шайқасында ерлігімен көзге түсті. Ақтөбеде жасақталған 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында 886 қазалылық болып, Солтүстік батыс бағытта Калинин, Новогород, Псков облыстарының жүздеген елді мекендерін жаудан азат етті. Жойқын шайқаста жерлестердің үштен бірі қаза тапты.
Орынбор түбіндегі ТОД лагерінде қысқа мерзімді оқу-жаттығу әзірлігінен өткен екі мыңға жуық қазалылық Сталинград қоршауын бұзуға қатысты. Сол ұрыстарда 750-дей жерлесіміздің өмірі қиылды. Ленинград пен Кавказды қорғауда да бауырларымыз алдыңғы қатарда болды.
Соғыс жылдарының жылнамасына жүгінсек, Қазалы ауданының да Жеңісті жақындатуға жетуге қосқан үлесі аз емес. Жерлестеріміздің көпшілігі жауынгерлік ерліктеріне сай үкіметіміздің ордендері мен медальдарына ие болған. Теңдесі жоқ ерлік танытқан Сыр өңірінің 21 азаматына Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, соның 6-сы қазалылық. Атап айтқанда, Кеңес Одағының Батырлары Үрмәш Түктібаев, Яков Михайлюк, Мақаш Балмағамбетов, Владимир Счастнов, Геннадий Шляпин, Білес Нұрпейісов Мәскеу қаласында 1945 жылы 24 июньде Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысқан, II және III дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және жеті медальмен марапатталған майдангер Шамша Бейсембаев біздің мақтанышымыз.
Қанкешті соғыстың өрті лаулаған сұрапыл жылдарда қазалылықтар қас дұшпанмен қаһармандықпен шайқасып, олардың жартысынан көбі соғыста мерт болып, денесі жат жерде қалған. 8 мыңдай ғана жерлесіміз жаралы, әрі науқас болып елге аман оралды. Көптеген ағалар майданда ерлік көрсетсе, елге келгесінде еңбек майталмандары атанып, ұрпақ шашып өнегелі ақсақал болып өмірден озды.
Олар: Рахманберген Сабырбаев, Назархан Құлсейтов, Ерғали Төлепов, Әнәпия Ұзақбаев, Сыдық Айымбетов, Тоқмырза Байкөбеков, Қали Мәкенов, Әмитжан Бөріқұлақов, Әмитжан Өміртаев, Әшірбай Қазыбаев, Петр Поликарпович Сиснев, Жұман Имандосов, Ұснадин Сапаров, Өтеулі Ізмамбетов, Дүйсенбай Өтегенов, Күнтуған Көшімов, Сара Тәжібаева, Қыпшақбай Аханов, Кирил Шамин, Нұрылла Нұрекешов, Орыналы Сағымов, Жалғас Тұрсымұратов, Жалғас Байжанов, Қожанияз Бекмамбетов, Әбжами Байшуақов, Құлмағамбет Қартақов, Әділбаев Әбдіғани, Тілеп Қорабаев, Жетербай Ақбаев, Тәкей Есетов, Ерғали Қожаназаров, Лепес Әуесбаев, Рзақұл Мамбетжанов, Өмірзақ Мамбетжанов, Әбдіраман Тілеубаев, Төреқұл Ақжігітов, Өмірзақ Ахметов, Бердікен Мергенбаев, Берді Бәймішев, Нұртаза Есбосынов, Тәжібай Дәрібаев, Бақберген Талқанбаев, Айдарбек ­Табынбаев, Жұмамұрат Орынбаев, тағы басқалары.
Қазалыдан аттанған 50 азаматтың Забайкалье майданындағы ерлігін ерекше атап өткен жөн. Жапонның әйгілі де айбарлы Квантун армиясын талқандауға бастан-аяқ қатысқандар қатарында Ідіріс Қалиев, Әбжали Айбосынов, Айниет Әсербаев, Сәрсенбай Үсенов, Жұмағали Наурызбаев, Қалдан Бештенбеков, Төрехан Кенжебаев, Ұзақ Сәрсенбаев, Шындалы Бердібаев, Қайрадин Асқаров, Әбсемет Отаралиев, Жомарт Баймаханов, Сембай Талқанбаев, Жанияз Шалболов, Мешітбай Тастайбеков, Жұмағали Тұрманов бар.
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында екпінді еңбек майданына шақырылғандар арасында да аудан азаматтары аз болған жоқ. Біз соғыста көп нәрсемізді жоғалттық. Әкемізден, ағаларымыздан, ұл-қыздарымыздан айрылдық. Жастығымызды жабырқаттық, махаббатымыздың отын сөндірдік. Оқ пен оттың ортасында жүріп елге аман келген ағалардың да қатары жыл санап сиреген батыр әкелеріміздің саны азайып бүгінгі күнге тірі қалғаны 3 соғыс ардагері. Олар Тілеуберген Тобаберген, Қалеп Бектұрғанов, Қабақ Смағұл.
Аудандағы тыл еңбеккерлерінің де соғыс кезінде майданға қосқан үлестері зор. Ерлер орнын қарттар мен әйелдер басты, жас балалар еңбекке араласып ерте есейді. Тәулігіне 12-14 сағат таңның атуы мен күннің батуына дейін жұмыс жасады.
Тылда тынымсыз күні-түні аштық пен ұйқыға сабырлықпен шыдап дамыл таппай қажырлы еңбек еткен сол кездегі қарттар мен аналар, балалық шақты білмеген, ойнап-күліп көрмеген, масақ теріп күн көрген жетім қалған балалар, тері илеп тон тіккен, жүн иіріп шұлық пен қолғап тоқып, майданға жіберген қосағынан айрылған жесір жарлар көп болды. Самолет пен танк соқтырып, майданға жіберген КСРО Жоғары Кеңесіне үш дүркін депутат болып сайланған ауыл шаруашылығының майталманы Қашақбай Пірімов, Конысбай Ділімбетов, Бермахан Машенбаевтардың үлгісімен жергілікті өнеркәсіп, теміржол мекемелерінің жұмысшы-қызметкерлері еңбекақыларын беріп үлкен патриоттық танытқан. Сол кезде аудан басқарған партия, кеңес қызметкерлері: Тұңғышбай Сегізов, Бегімбай Қосаев және ел басқарып, егін егіп қазынаға ырыс құюға басшылық жасаған. Социалистік Еңбек Ерлері: Петр Пак, Дүйсенбай Маханов, Көлжан Оразалиева, шаруашылыққа басшылық жасаған Оңталап Жарылқасын, Әбдіраман Тілеубаев, Шынтас Жалғасбаевтар сияқты тылда қажырлы еңбек етіп, марқұм болып кеткен қаһарман азаматтарды ұмытуға болмайды.
«Ер тұлғасы еңбегімен көрікті» – дегендей қарт – елге пана болды, өсиеті – ерлерге сана болды. Бұлар бізге бейбіт өмір сыйлады, бұл кісілерге мәңгі қарызбыз. Әр жылда Ұлы Жеңіс мерекесі келген сайын, өткен тарихымыздың тағылымды ерлік жолдарын ойға оралтып, ел қорғаған ерлерімізді, ардақтап, өткендеріне өшпестей белгі соғып, көзі тірілеріне көлдей құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз.
Бүгіндері әлемді жайлаған індет – коронавируспен де ел болып бірге күресіп жатырмыз. Бұл қиындықты да сабырлықпен шыдамдылықтың тазалық пен тәртіп сақтаудың арқасында жеңеміз. Құдай сол күнге жеткізсін!
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
05 мамыр 2020 ж. 1 750 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930