Сарбұлақта серпінді тірлік бар

1946 жылы осы маңға үш-төрт үй келіп, қоныстанған. Олар Кемаладин, Нұрабай, Шалғынбай, Ізтілеу, Сайман ақсақалдар болатын.
1947 жылы Қазалы совхозы директорының орынбасары Қирабайдың басшылығымен Кемаладин және Ізтілеу ақсақалдарға екі отар қара қой бағуға берілді. Содан ауылдың іргетасы қаланып, үш жылдан соң осы жерден Қазалы совхозының бір бөлімшесі құрылды. Алғаш ферманы Маханбетжан Тілекешов басқарды. Сол кезден ауыл орталығы Сарыбұлақ деп аталды. Ферма ет-жүн бағытындағы қой өсірді.
1951-1952 жылдары Айтжан Өмірзақов ферманы басқарды. 1953 жылы шаруашылықты жақсы білетін іскер басшы Мырқияс Әліпбаев ферма меңгерушісі болып тағайындалды. Ол Қарақалпақстан мен Қазақстан арасында мал бағып отырған елді жинап, ұйымдастыра білді. Үй саны артты, халық көбейді, ауыл іргесі нығайды. Ол шаруашылықты жиырма үш жылға жуық уақыт басқарып, зейнеткерлікке шықты. Осы уақытта жер жағдайы мал өсіруге, тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан жан-жақтан жұрт көшіп келе бастады.
Кеңес үкіметі тарағанда да Сарыбұлақ халқы қозғалып, қоныс аудармады. Өз кезінде шаруашылықты басқарып, халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауыл мәдениетін дамытуда Мереке Алматов, Жалғасбай Сүттібаев, Маханбетқайыр Дәріхожаев, Төлеген Пазылбеков, Серікбек Ерімбетов, Өмірбек Бердібаев, Жетпіс Жаңабаев сынды азаматтар абыройлы қызмет атқарады.
1954 жылы төрт жылдық бастауыш класс ашылып, Елдесов Өмірзақ алғаш ұстаздық етті. Осы бастауыш мектепте кейіннен Зияу, Сағындық сынды ұстаздар балаларды оқытты.
1966 жылы сегіз жылдық мектептің іргесі қаланды. Алғашқы мектеп директоры Әлмеш Келдібаев болды. Мектеп жанынан 50 балаға шақталған интернат, асхана,азық-түлік қоймасы салынды. Малшы балаларына тәрбиешілер мен күтушілер қамқорлық жасады. Мектеп интернатты ұйымдастырып жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде Әлмеш Келдібаев, Әлиасқар Абдуллаев, Мырзаш Оразбаев, Әбубәкір Пшанов, Қуаныш Қалауов, Алмас Темірбаев, Жолдыбай Сағымбаев, Қарасай Есенаманов, Өмірбек Есіркеев, Сражадин Шамұратов, Күлдәрі Сабырбаева, Абат Алматов, Гүласыл Мопықова, Әлияш Ршымбетова, Жібек Сүйінбаева қалтқысыз қызмет етті.
Ауылдың әл-ауқатын арттырып, жергілікті жердің жандануына Кеңес Одағы Жоғары советінің депутаты, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының түлегі Жалғасбай Сүттібаев өлшеусіз үлес қосты.
Ауылды көркейту барысында 1953 жылы ауыл орталығында төрт үй салынса, 1959-1962 жылдары көше бойына үйлер тұрғызылды. сондай-ақ ол сол тізбек қатарын кеңсе, кеңсе, пошта, дүкен, медпункт, мектеп, интернат, мәдениет үйі, мал баздары мен шопан үйлері сынды нысандар толықтырды.
Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл азаматтары атакәсіппен айналысып, шаруашылықты ширата білді. Олардың қатарында Жұбанышбай Исалдаев, Ағділда Базарбаев, Әлібай Жолдасбаев, Жәнібек Абдрасулов, Назипа Қарымсақова, Айдаш Абдрасулов, Қарақұл Шәкішев, Күлшін Жүсіпова, Мәрия Алпысова, Шәмшә Омарова, Санақбай Жолдасбаев, Өтеубай Сағымбай және өзге еңбеккерлер бар.
1985 жылы ауылға жоғары кернеулі электр желісі жүргізілді. Қуаңдария өзеніне көпір салынды. Таза сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2003 жылдары аралығында бұлақ іске қосылды. Қазалы аудандық әкімдігінің 2005 жылғы 05 қаңтардағы №16 санды қаулысымен 

«Сарбұлақ ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Сарбұлақ ауылдық округі облыс орталығынан 480 шақырым, аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумақтық жер көлемі 3045 гектар. Сарбұлақ ауылдық округінің орталығы болып саналатын Сарбұлақ елді мекенінің әлеуеті орташа. Ауылдық округтің негізгі кәсібі мал өсіріп, оның өнімдерін ұқсатумен айналысу. Бүгінде ауылда 78 шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Яғни, мұнда 470 тұрғын мекен етеді.
Ауылдық округте №78 орта мектеп, ауылдық клуб, фельдшерлік-акушерлік пункт, кітапхана, ветпункт жұмыс жасауда. Мұндағы жұртшылықтың шаруаға мығым екенін ауыл тарихынан аңғарғанбыз. Олар қосымша кәсіптен де кенде емес. Округ әкімі Руслан Жаңабайдың айтуынша, қазір округ бойынша жалпы саны 37 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, жұмыс істеп тұр.
– Ауылда кәсіпкерлік кең етек алған десем қателеспеймін. Жергілікті тұрғындар кәсіптің әр саласында еңбек етіп, табысқа кенеліп отыр. Нақтыласақ, 2 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 шаруа қожалық, 1 темір шеберхана, 1 балық шаруашылығы, 4 аралас заттар дүкені, 27 мал шаруашылығы жүйелі жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлердің жалпы халық санындағы үлесі 8,2 пайызды құрайды. Тіркелгендерден 37 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр.Белсенділік көрсеткіші –98,2 пайыз. Жыл басынан бері 2 кәсіпкер жаңадан тіркеліп жұмыс жасауда, – дейді ауылдық округ әкімі Руслан Жаңабай.
Ауыл аманаты жобасы аясында ауыл тұрғындары арасында 2,5 пайыздық несиені жыл сайын алып келеді. 2023 жылы жылы жай салып кәсібін жасау үшін 8 600000 теңге жеке кәсіпкер «Алтын» Алтын Шынберген несие алып, жұмысын жүргізуде. 2024 жылы Шынболат Қожаберген 4 900 000 теңге несие алып, түйе жүнінен көрпе жасайтын құрылғы әкеліп, кәсібін дамытуда.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушыға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін 4 кәсіпкер 1 476 800 теңгеден қайтарымсыз грант алып шаруашылықтарын дамытуда.
Ауылда атқарылып жатқан жұмыстардан хабар еткен округ әкімі ауызсу мәселесіне қатысты түйткіл жақын уақытта тарқатылады дейді. Айтуынша, бүгінде аталған жағдай аясында жүйелі жұмыстар жүріп жатқан көрінеді.
– Өздерініңіз білетіндей, 2015 жылдың қазан айында «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша мердігер «Геотерм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазалы ауданы, Сарбұлақ ауылының орталығынан жер асты су қорын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қазылған №5368 скважина тереңдігі 150 метр, қажетті су көлемі тәулігіне 481,0 текше метр шығаратын үшінші топтағы су бар екендігі анықталды. Осы скважинадан шығатын суды ауыл тұрғындарына ауыз суға пайдалану мақсатында су қорын жинақтайтын қондырғы орнатып, сол қондырғы арқылы ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін оңтайлы пайдалануына жағдай жасау жоспарда болған. Соған орай жоба сметалық құжаттары дайындалып, оған облыстық бюджеттен 750 миллион теңгеге қаржы қаралып, байқау қорытындысы бойынша мердігер мекеме ретінде «Дәнекер» ЖШС анықталып, жұмыс жүргізуде, – дейді округ әкімі.
Ауылдағы жұмыстар легі тек мұнымен шектеліп қалмайтыны белгілі. Жарықтандыру мәселесі де жолға қойылғандығын байқадық. Қолдағы бар мәліметке жүгінсек, ауылдың барлық көшелеріне 1 трансформатор арқылы электр қуаты бөлінеді. (ПС -35/04 кв, мощ 160 КВА). Ауыл ішінде 4,5 шақырым ұзындықта 18 бетон, 125 жартылай бетон, жартылай ағаш бағаналарымен 04 кв әуе желілері тартылған. Ауылдағы 78 тұрғын үйге осы трансформатор арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етіліп келеді. Дегенмен "қосымша трансформатор қондыру қажеттілік тудырып тұр" дейді округ әкімі Руслан Жаңабай. Айтуынша, трансформатордың қуатының аз болуынан ауылдың кейбір тұрғын үйлерінің электр энергиясымен қамтамасыз етуі төмен болып тұрған көрінеді. «Соған байланысты қосымша трансформатор орнату немесе қуаты жоғары трансформаторға ауыстыру қажет болып тұр» дейді ол. Округ әкімі ауылды электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында басты проблемалық мәселелерді шешуге және адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау, алдын алу мақсатында төмендегідей жұмыстарды жасауды жолға қойған. Яғни қуаты жоғары немесе қосымша трансформатор орнату, құлау қаупі бар, түбі шіріген электр бағаналарын жаңалау, электр желілерінің 80 пайызын ауыстыру, тұрғын үйлердің үстінен тартылған электр желілерін көшіру жұмыстары жүргізілмек.
– Бүгінде Сарбұлақ елді мекенінің ВЛ-10/0,4 кВ электр желілерін қайта жаңғырту жобасының ЖСҚ-н әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстарына аудандық бюджеттен 1,9 миллион теңге бөлінді. Қаржы мәселесі шешімін тапса, жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп, тұрғындар жарық мәселесіне шағымданбайды, – дейді округ әкімі.
Ауылдың дамуын байқататын бағыттардың бірі –мәдениет екені сөзсіз. Мұнымызды ешкім бұрысқа баламайтын шығар. Мұндағы мәдени мекен ауыл тұрғындарын рухани дүниемен сусындатуға маңыз беріп келеді. Жергілікті жұртшылықтың көңілін көтеріп, мазмұнды әрі мағыналы іс-шараларды да жиі ұйымдастырады. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйімен бірлесе жасалған жұмыс жоспарына сәйкес, тұрғындар арасында үйірме жұмыстарын ұйымдастырылуда. Ауылдың тұрмыс-салтын, мәдениеті мен дәстүрін, әдет-ғұрпын, рухани тіршілігін дамыту мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар өткізілуде. Ауыл кітапханасы кітап көрмелерін ұйымдастырып, түрлі тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік кештер ұйымдастырып, жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Мұндағы мәдени ошақ ғимараты 1986 жылы салынған мектептің бұрынғы интернат ғимаратында орналасқан. Ауылдық клубына бөлінген қаржыға клуб қызметкерлері жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта тозығы жеткен. Облыс әкімінің 2021 жылғы 24 қарашадағы «Құрылысын салуға жататын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы» бекітілген жаңа тізімнің ғимараты жоқ ауылдық клубтар бойынша «Сарбұлақ ауылына 100 орындық клуб құрылысы» жобасы 13 кезекке қойылған. Бүгінде Қазалы ауданының әкімдігі тарапынан окург жерін мемлекеттік орман қорының есебінен алуға жұмыстар жүруде. Сарбұлақ ауылдық округінің жері мемлекеттік орман қорының есебінен алынған соң «Сарбұлақ ауылына 100 орындық клуб құрылысы» жобасына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жоба іздестіру жұмыстары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылмақ.
Округ әкімі атқарылған жұмыстар жайын айта отырып, бірқатар жұмыстардың кезектілік күтіп, кешеуілдеп тұрғанын да жасырмады. Дегенмен «барлық мәселелер байыппен шешіледі »деген ол байланыс мәселесіне байланысты бірқатар шаралар қолға алынғанын айтты.
– Ауылымызға көп жылдан бері сұрап жүрген желі байланысы мәселесі 2020 жылдың желтоқсан айында шешіліп ұялы байланыс «КСЕЛЛ» жүйесі орнатылған болатын. Қазіргі уақытта ұялы байланыс желісінің интернетінің сапасы төмен өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай келеміз. Осыған байланысты «КСЕЛЛ» байланыс операторы байланыс қызметтерінің сапасын тексеру жүргізуді және тиісті шаралар қабылдау керектігін сұрап бірнеше рет хат жолданды. Алдағы уақытта да бұл мәселе күн тәртібінен түспейтін болады, – дейді ол.
Ауылдан ауданға қатынас жолында қиындықтар болатынын жақсы білеміз. Әсіресе, жылдың жаңбырлы маусымдарында қатынас қиындықтар тудырады. Дегенмен жолда жеңіл жүру үшін жүйелі жұмыстар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Яғни,Басықара-Сарбұлақ арасындағы жолдың Басықарадан шыға берістегі дарияның жиегіндегі (дамба) жол 5 шақырым аралық жыл сайын күз, көктем мезгілінде жиі тегістеледі.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған. Жұмыссыздықты азайту мақсатында жыл сайын 15-20-ға жуық адамды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл 12 адам қоғамдық жұмысқа тартылса,3 адам күміс жаспен, 3 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Ауылда «Таза ауыл» мәдениетін қалыптастыру мақсатында санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығы ұдайы ұйымдастырылуда. Көктемнің наурыз, мамыр айларында және күздің қыркүйек, қараша айлары аралығында жыл сайын тазалық іс-шаралары ұйымдастырылып, іс-шара жоспары құрылып, жұмысшы топ бекітіліп жұмыстарын жасайды.
Ауылдық округте 600 бас – мүйізді ірі қара, 1436 бас – қой мен ешкі, 1922 бас – жылқы, 724 бас – түйе өсірілуде. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланды. Жоспар бойынша сібір жарасына, аусылға, күл ауруына, обаға, қарасан ауруына, құтыруға қарсы вакцинация жасалып, сарып ауруына қарсы қан алынды. Ауру белгілері байқалған жоқ.
Ауыл спорты әрдайым назардан тыс қалмайды. Ауыл жастары жасанды көгалы бар шағын спорт алаңының игілігін көруде. Қоғамдық тәртіпті нығайту, ұсақ бұзақылықтар мен қылмыстарды болдырмау негізінде учаскелік полиция мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, келіскен профилактикалық алдын алу шаралары жүргізіп, ауыл тыныштығын сақтау үшін жүйелі жұмыс жүргізуде.
Арайлым ЖҮСІПОВА