Дастарқанынан дәм-тұз арылмаған
Біздегі ауылдық округтер тарихи болмысымен ерекшеленеді. Әрқайсысының өзіне тән атауы да бар. Соның ішінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан Сарбұлақ ауылының ұғымында да сыр бүгулі. Киелі мекеннің жергілікті көнекөздерінің айтуынша, ертеректе осы арада жер астынан кішкене қазан аузындай көлемде бұрқ-бұрқ етіп өздігінен бұлақ шығып жатқан. Бұлақ басында қарағайдай болып қамыс өсетін. Шоқ сары қамыс тек бұлақ басына ғана шығатын деседі. Соғыс жылдарынан кейін бұл маңға үш-төрт үй келіп қоныс тепкен. Олар: Кемаладин, Нұрабай, Шалғынбай, Ізтілеу, Сайман ақсақалдар болатын.
1947 жылы Қазалы совхозы директорының орынбасары Қирабайдың басшылығымен Кемаладин және Ізтілеу ақсақалдарға екі отар қара қой бағуға беріледі. Содан ауылдың алғашқы іргетасы қаланып, үш жылда осы арадан Қазалы совхозының бір бөлімшесі құрылды. Алғашқы ферма меңгерушісі мамандығы есепші Маханбетжан Тілекешов бөлімшені басқарды. Сол кезден ауыл орталығы Сарыбұлақ деп аталды. Ферма қой шаруашылығы ет-жүн бағытындағы бойдақ қой өсірді. Қазалыдан 120 шақырым қашықтықта орын тепкен қуаңшылығы басым, құмды-шөлейтті мекенде негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Соған орай егістік алқабы қарастырылмаған. Мұнда 85 отбасы, 500-ге жуық адам тату-тәтті мамыражай күн кешуде. Олардың басым бөлігі түйе мен жылқы бағады. Сондықтан да халықтың жағдайы жақсы. Күнделікті қолдан дайындалған табиғи таза ағарған мен ет өнімі дастарқан мәзірінен үзілмейді.
Округте көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарынан да бірде-бір тұрғын тыс қалмай өз үлестерін қосып келеді. Санитарлық тазарту және көгалдандыру шаралары әр аптаның сенбі күндері ұйымдастырылып, ауыл ішілік тазалық жұмыстары тоқтаған емес. Ауыл орталығындағы 1 гектарды қамтыған «Тәуелсіздік саябағы» әркез арам шөптерден оталып су жүретін арықтары тазаланады. Саябақ ішіне түрлі талдар егілді.
2013 жылы Қызылорда қаласындағы «Халықаралық аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқару дирекциясы» қоғамдық қорының филиалының көмегімен «Сарбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне МТЗ-80.1 тракторы тіркемесімен алынған. Аталмыш көлік ауылдың көркейту, абаттандыру жұмыстарына пайдаланылып келеді.
Ауыл маңындағы Қуаңдария өзеніне 5 қақпалы тоспа салынған. Ауылды көгалдандыру және мал азығы үшін шабындық жерлерді суландыру мақсатында ұзындығы 4,7 шақырым «Сарбұлақ каналы» қазылды. Соның арқасында көктемде бау-бақша дақылдарын егуге мүмкіндіктер жасалынды. Екі жыл бұрын осы су тоспасына күрделі жөндеу жүргізілді.
Сонымен бірге салауатты өмір салтын қалыптастыруда спортқа ерекше мән беріледі. Ауыл орталығына сметалық құны 6 миллионды құрайтын спорттық жаттығу алаңы орнатылып пайдалануға берілді.
Бүгінде ауыл жастары жасанды көгалы бар шағын спорт алаңының игілігін көруде. Қоғамдық тәртіпті нығайту, майда бұзақылықтар мен қылмыстарды болдырмау негізінде учаскелік полициямен, қоғамдық ұйымдармен бірлескен түрде профилактикалық алдын алу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде өткен жылы ешқандай қылмыс тіркелген жоқ.
Жастар саясатын жүзеге асыру негізінде ауылдық жастар бірлестігі жасөспірімдердің өзіндік қоғамдық ұстанымын қалыптастыру негізінде тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік тақырыптарында кештер ұйымдастырылып келеді.
Қоғамдық саяси ахуалды қалыптастыру, ауыл экономикасын, мәдениетін көтеру бағытында ардагерлер, әйелдер, мүгедектер ұйымы, жастар бірлестігі, «Ер Мағзаман» мешіті имамы мен бірлескен жұмыстар жасалуда.
Былтыр сарбұлақтықтардың еселі еңбегімен көркейту-көгалдандыру, санитариялық тазалық, жол тегістеу жұмыстары қолға алынды. Көше шамдары ретке келтірілді. Ауыл тұрғындарын несиелендіру шаралары жүзеге асты. Дей тұрғанмен шешімін табуға тиісті мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, Сарбұлақ ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысын салу қажеттілігі туындап тұр. Бұхаралық спортты дамыту жоспарлануда. Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру күн тәртібінде қарастырылуы қажет. Елді мекенге ауыз су жүргізу керек.
Бұдан бөлек алдағы уақытта атқарылатын міндеттер нақтыланған. Яғни Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз етуге, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуді көздеп отыр тиісті орган мамандары. Сондай-ақ мамандар шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш-жігерлерін жұмсамақ. Ауыл тұрғындарына ауыл шарушылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алуына ықпал жасауды да тыс қалдырмапты. Ауызсудың үздіксіз берілуін бақылауда ұстап, ауылдық округ тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, телефон байланысын тұрақты жұмыс жасауын және электр энергиясының үзіліссіз берілуін қамтамасыз етуді де іске асыру жоспарда бар екен. Көктемде бау-бақша егуге ауыл маңынан суарылмалы жер учаскелерінен бақшалық жерлерін дайындауды әлден ойластырыпты.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жұмыс көп көрінеді. Ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналардың ауыстырылуына ықпалды күшейтпекші. Ауыл ішілік көшелеріне аялдамалар және жол белгілерін орнатуды да жоспарға енгізген. Дегенмен осының барлығы құр қағаз жүзінде көрсетілген бәлду-бәлду уәде болмай, жүзеге асса деген ниеттеміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА