Сарбұлақтағы соны тірлік
Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни ауыл – ұлттың ұйытқысы, адамзат кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Міне, осы секілді қасиетті жер Сарбұлақ ауылдық округінің тың тарихымен танысып, сондағы жұрттың әл-ауқатынан хабар алдық.
Тарихы тұнған шежіре
Осындағы ақсақалдар: «Ертеректе осы маңда жер астынан бұрқ-бұрқ етіп өздігінен шығып жатқан бұлақ болған. Басында қарағайдай болып қамыс өсіп тұратын. Шоқ сары қамыс тек бұлақ басына ғана шығушы еді. 1946 жылы осы маңға үш-төрт үй қоныс тепті. Олар Кемаладин, Нұрабай, Шалғынбай, Ізтілеу, Сайман ақсақалдар болатын» дейді. Округтегі алғашқы қозғалыс осылай басталса керек-ті.
1947 жылы Қазалы совхозы директорының орынбасары Қирабайдың басшылығымен Кемаладин және Ізтілеу есімді қарттарға екі отар қара қой бағуға беріледі. Сөйтіп осы жылы ауылдың алғашқы іргетасы қаланды. Араға үш жыл салып, осы жерде Қазалы совхозының бір бөлімшесі құрылады. Алғашқы ферма меңгерушісі Маханбетжан Тілекешов болады. Міне, сол кезден ауыл орталығы Сарбұлақ деп аталды. Мұндағылар қой шаруашылығымен айналысып, фермада ет-жүн бағытындағы бойдақ қой өсірілді.
1953 жылы Мырқияс Әліпбаев ферма меңгерушісі болып тағайындалады. Ол Қарақалпақстан мен Қазақстан арасында мал бағып отырған елді жинап, ұжымдастыра білді. Содан соң осы жерде үй саны артты, халық көбейді, ауыл іргесі нығайды. Бұл азамат шаруашылықты жиырма үш жылдай басқарып, зейнеткерлікке шықты. Осы уақыт аралығында жер ыңғайы мал өсіруге, тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан жан-жақтан көшіп келушілердің қатары артты. Кеңес үкіметі тарағанда да Сарбұлақ халқы қоныс аудармады. Сол жылы ауыл орталығында төрт үй салынып, 1959-1962 жылдары көшелер бойына қатарлана отау тігіліп, кеңсе, пошта, дүкен, медпункт, мектеп, интернат, мәдениет үйі, мал базары мен шопан үйлері бой көтерді. Сол уақытта көпке үлгі болар ауылдың еңбек ардагерлері ел игілігіне қызмет етті.
1966 жылы сегіз жылдық мектептің іргесі қаланды. Алғашқы директоры Әлмеш Келдібаев болды. Мектеп жанынан елу балаға арналған интернат, асхана, азық-түлік қоймасы салынды. Малшы балаларына тәрбиешілер мен күтушілер қамқорлық жасады.
1985 жылдан бастап мұндағы халықтың әл-ауқаты одан әрі арта түсті. Сол жылы ауылға жоғары кернеулі электр желісі жүргізіледі. Одан соң Қуаңдария өзеніне көпір салынады. Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2003 жылдары бұлақ іске қосылды. Кезінде құрылыс жұмыстарына пайдаланылған Тасойдың көк тасы мен Ақынқожаның тұзы, Қуаңдарияның балығы, сексеуілі, қамысы әлі күнге дейін ел кәдесіне жарап келеді.
Ертеңі жарқын елді мекен
Ауданнан 120 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің бүгінгі жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде мұнда 78 отбасы түтінін түзу ұшырып отыр. Яғни 489 тұрғын тату-тәтті өмір сүруде. Оның ішінде 216 адам жұмыспен қамтылған. Демек округте қол қусырып жүрген жанды сирек кездестіруге болады.
Мұндағы әлеуметтік саланың әлеуетіне оң баға беруге болады. Ауылда 2015 жылы іргетасы қаланған 100 орындық №78 орта білім ошағы мектеп бар. Қазір 30 білікті ұстаз 100 баланы білім нәрімен сусындатуда. Нақтыласақ, мектеп жасына дейінгі 3-6 жастағы бала саны – 15. Шағын орталықта 15 бала, мектепалды даярлықта 13 бала білім алады.
Сарбұлақта 1975 жылы 30 орындық ауылдық клуб бой көтерген. Мәдениет үйі биылдың өзінде тұрғындар арасында үйірме жұмыстарын ұйымдастырып, ауылдың тұрмыс-салтын, мәдениеті мен дәстүрін, әдет-ғұрпын, рухани тіршілігін дамыту мақсатында 28 түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып өткізді. Айтпақшы, кітапхана ауыл әкімдігі ғимаратында орналасқан. Қоры 11820 кітапты құрайды. Сондай-ақ 2009 жылы типтік жобада салынған фельдшерлік-акушерлік бекет тұрғындар денсаулығы үшін ұдайы жұмыс жасап тұр.
Мұндағы ағайынның ауыз су мәселесі анау айтқандай жақсы деп айтуға келмейді. Яғни округте топтық су құбыры желісі жүргізілмеген. Ауыл тұрғындары бұлақ суын пайдаланады. Ал аяқсу үшін елді мекен теңгеріміндегі «Орталық арық» бар.
Сарбұлақта қараңғы көшелер легі азайып келеді. Өйткені мұнда 4,5 шақырымды құрайтын 9 көше бар. Оның 7-уі жарықтандырылған. Автомобиль жолдары мен көше жарықшамдары бойынша елді мекенде барлығы 9 көше болса, оның 1-уіне қиыршық тас төселген. Ал қалған 8-і топырақ қабатты көше. Қазалы ауданында елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары жоспары бойынша Сарбұлақ ауылында 2021-2023 жылдарға 2 көшені орташа жөндеу жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлік қарқыны қуантады
Жергілікті жұртты қол қусырып жүр деп ойламаңыз. Өйткені осындағы екі қолға бір күрек ұстағандардан бөлек кәсіп көкжиегін кеңейтіп отырған жандар бар. Толықтырсақ, ауылда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 40 құраса, жұмыс істеп жатқаны – 38. Демек белсенділік көрсеткіші 96 процентті құрайды. Сондай-ақ шаруа қожалығымен айналысатын екі тұрғын, ауылшаруашылығы кооперативімен екі адам және мал шаруашылығымен айналысатын 32 кәсіпкер бар.
Айтпақшы ауылда аралас сауда орталығымен айналысатын 3 кәсіпкер жұмыс жасайды. Бір темір шеберханасы жергілікті жұрт үшін қызмет жасап келеді. Ал биыл жыл басынан бері жеті кәсіпкер жаңадан тіркеліп, 10 кәсіпкер жұмысын тоқтатты.
Ауылдағы ағайынға қаржы ұйымдары тарапынан 4 жоба бойынша жалпы көлемі 152400 миллион теңге құрайтын несие және 6 жоба бойынша 3500400 грант қаражаты берілген. Атап айтсақ, агробизнес бағдарламасы аясында 140 миллион, ауылшаруашылық қолдау қоры арқылы 12 миллион, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 3,5 миллион теңге қаражат қаралған.
Сәт сайын көркейген Сарбұлақ
Округтегі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына бірде-бір тұрғын тыс қалмай өз үлестерін қосып келеді. Санитарлық тазарту және көгалдандыру шаралары әр аптаның сенбі күндері ұйымдастырылып ауылішілік тазалық жұмыстары жүргізілген. Ауыл орталығындағы 1 гектар болатын «Тәуелсіздік саябағы» іші арам шөптерден оталып су жүретін арықтары тазаланып саябақ ішіне әртүрлі талдар егілген деседі.
Ауыл маңындағы Қуаңдария өзеніне 5 қақпалы тоспа салынып, ауылды көгалдандыру мақсатында және мал азығы үшін шабындық жерлерді суландыру мақсатында ұзындығы 4,7 шақырым болатын «Сарбұлақ каналы» қазылған. Сол арқылы көктемде бау-бақша дақылдарын егуге зор мүмкіндік жасалған. Аталған су тоспасына 2020 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.
Елді мекен спорты назардан тыс қалған емес. Ауыл орталығына сметалық құны 6 миллион болатын спорттық жаттығу алаңы орнатылып пайдалануға берілді. Жасанды көгалы бар шағын спорт алаңының ауыл жастары игілігін көруде.
Қоғамдық тәртіпті нығайту, майда бұзақылықтар мен қылмыстарды болдырмау негізінде учаскелік полициямен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп келіскен профилактикалық алдын алу шаралары жүргізілді. Қуантарлығы, 2021 жылға ешқандай қылмыс тіркелмеген.
Жастар саясатын жүзеге асыру негізінде ауылдық жастар бірлестігі ауыл жастарының өзіндік қоғамдық ұстанымын қалыптастыру мақсатында ауыл жастары, студент жастар тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік тақырыптарында кештер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ қоғамдық саяси ахуалды қалыптастыру, ауыл экономикасын, мәдениетін көтеру мақсатында ардагерлер, әйелдер, мүгедектер ұйымы, жастар бірлестігі, «Ер Мағзаман» мешіті имамы мен бірлесе отырып жұмыстар жасалуда.
Шешімін табатын түйткіл көп
Ауданнан шалғай жатқан ауылда шешімін таппай тұрған түйткілдер аз емес. Соның бірі округке 150 орындық клуб құрылысын салу. Сондай-ақ тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру. Мұндағы басты мәселе елді мекенге ауыз су жүргізу болып отыр. Бұл алыстағы ағайынның басты тілегі.
Сарбұлақ ауылдық округінің әкімі Руслан Жаңабайдың сөзіне сенсек, әлі талай шаруаға басымдық беріледі. Мәселен, соның ішінде бастысы ҚР Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз етуге, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал ету. Оған қоса шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс жасалады.
Оның ішінде ауыл тұрғындарына ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алуына ықпал жасау бар десек, ауылішілік көшелеріне аялдамалар және жол белгілерін орнату жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар ауыз судың үздіксіз берілуін бақылауда ұстап, ауылдық округ тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, телефон байланысын тұрақты жұмыс жасауын және электр энергиясының үзіліссіз берілуін қамтамасыз ету көзделген.
Алдағы ауқымды шаруаға ауыл тұрғындарына көктемде бау-бақша егуге ауыл маңынан суарылмалы жер учаскелерінен бақшалық жерлерін дайындауды қоссақ, тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналардың ауыстырылатын күн алыс емес секілді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК