Сыр тұнған Сарбұлақ
Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни ауыл – ұлттың ұйытқысы, адамзат кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Міне, осы секілді қасиетті жер Сарбұлақ ауылдық округінің тың тарихымен танысып, аңыз-әпсаналарын көңілге түйген болатынбыз.
Ауданнан 120 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің әкімі Руслан Жаңабаймен тілдесіп, тұрғындарының әл-ауқатын сұрап, ондағы жүріп жатқан жүйелі жұмыстардың жайын білдік.
Тарих тамыры тереңде
«Ертеректе осы маңда жер астынан бұрқ-бұрқ етіп өздігінен шығып жатқан бұлақ болған. Басында қарағайдай болып қамыс өсіп тұратын. Шоқ сары қамыс тек бұлақ басына ғана шығушы еді.
1946 жылы осы маңға үш-төрт үй қоныс тепті. Олар Кемаладин, Нұрабай, Шалғынбай, Ізтілеу, Сайман ақсақалдар болатын». Бұл осындағы ақсақалдардың әңгімесі. Округтегі алғашқы қозғалыс осылай басталса керек-ті.
1947 жылы Қазалы совхозы директорының орынбасары Қирабайдың басшылығымен Кемаладин және Ізтілеу есімді қарттарға екі отар қара қой бағуға беріледі. Сөйтіп, осы жылы ауылдың алғашқы іргетасы қаланды.
1950 жылы осы арадан Қазалы совхозының бір бөлімшесі құрылады. Осындағы алғашқы ферма меңгерушісі Маханбетжан Тілекешов болды. Міне, сол кезден ауыл орталығы Сарбұлақ деп аталды. Мұндағылар қой шаруашылығымен айналысып, фермада ет-жүн бағытындағы бойдақ қой өсірілді.
1953 жылы Мырқияс Әліпбаев ферма меңгерушісі болып тағайындалды. Ол Қарақалпақстан мен Қазақстан арасында мал бағып отырған елді жинап, ұжымдастыра білді. Содан соң осы жерде үй саны артты, халық көбейді, ауыл іргесі нығайды. Бұл азамат шаруашылықты жиырма үш жылдай басқарып, осы жерден зейнеткерлікке шықты. Осы уақыт аралығында жер ыңғайы мал өсіруге, тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан жан-жақтан көшіп келушілердің қатары артты. Кеңес үкіметі тарағанда да Сарбұлақ халқы қоныс аудармады.
1954 жылы төрт жылдық бастауыш сынып ашылып, Өмірзақ Елдесов алғаш ұстаздық етті. Кейіннен осы бастауыш мектепте Зияу, Сағындық есімді мұғалімдер дәріс береді. Дегенмен 1966 жылы сегіз жылдық мектептің іргесі қаланды. Алғашқы директоры Әлмеш Келдібаев болды. Мектеп жанынан елу балаға арналған интернат, асхана, азық-түлік қоймасы салынды. Малшы балаларына тәрбиешілер мен күтушілер қамқорлық жасады.
1953 жылы ауыл орталығында төрт үй салынса, 1959-1962 жылдары көшелер бойына қатарлана үйлер салынып, кеңсе, пошта, дүкен, медпункт, мектеп, интернат, мәдениет үйі, мал базары мен шопан үйлері бой көтерді. Сол уақытта көпке үлгі болар ауылдың еңбек ардагерлері ел игілігіне қызмет етті.
1985 жылдан бастап мұндағы халықтың әл-ауқаты одан әрі арта түсті. Сол жылы ауылға жоғары кернеулі электр желісі жүргізіледі. Одан соң Қуаңдария өзеніне көпір салынады. Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2003 жылдары бұлақ іске қосылады.
Ауыл маңы тарихи шежіреге бай. Округ үстінен Бұхара жолы кесіп өтеді. Кезінде құрылыс жұмыстарына пайдаланылған Тасойдың көк тасы мен Ақынқожаның тұзы, Қуаңдарияның балығы, сексеуілі, қамысы әлі күнге дейін ел кәдесіне жарап келеді.
Ауыл атын шығарған
Бұл елдімекенге ат басын бұрған көпшілік ауыл мақтанышы, тұрғындар аузынан тастамай, ризашылығын білдіріп отыратын Мырқияс Әліпбаевты білетін болар. Өйткені оның Сарбұлақ округін құру жолында еткен еңбегі ұшан-теңіз. Осы жердің тумасы 1912 жылы Қуаңдарияның бойында дүниеге келген. Еңбек жолын 1939 жылы Майлыбас ауыл советіне қарасты №1 Бірлік колхозында колхозшы болып бастаған ол, Өзбекстан Республикасындағы Қарақалпақ пен Қазақстан Республикасының ортасында бос жүрген халықты еңбек етуге шақырып, халықты бір жерге шоғырландырады.
1939 жылдың аяғында Трудовой армияға, яғни тылдағы әскердің қара жұмысшысы болып қабылданады. Одан 1941 жылдың тамыз айында науқастанып елге келіп, 1942 жылдан 1950 жылы колхозды ірілендіргенге дейін Бірлік колхозында председатель болады. Сол кезде алты колхоз біріктіріліп, Сталин колхозы болып аталып ірілендіріледі.
1950 жылдың қазан айынан Қазалы қой совхозындағы №3 асыл тұқымды ферманың меңгерушісі болады. Қызмет атқарған жылдары ферма түрлі мал өнімдеріне бағытталып өзгереді. Оның сапасын жақсартып, жұмысшылардың жағдайын жасап, тәжірибелі түрде ферманы өзіндік шеберлігімен алға жылжытады. Ол адамдарға жұмыс тауып беріп, бір жерге шоғырландырып Сарбұлақ учаскесін құруды көздейді. Ақырында алға қойған мақсат орындалып, елдімекен құрады.
1965 жылы асарлатып 100 балаға арналған жеті жылдық мектеп салдырған. Өзінің еткен тәжрибелі ісінің арқасында беделге ие болып Қызылордадағы Су меллиорациясы мекемесіне қаражатсыз тегін ауылдың ішінен екі бұлақ қаздырып, орнатқызып тұрғындарға ауызсу әкеледі. Округ ішіне аяқсу беріп, көгалдандыру үшін қолдан жергілікті жердегі Тасойдың тасынан жердің бетіне лоток жасаған. Бұлақ суымен көкөніс, бақша дақылдары егіліп, мал азығы шөп дайындалған. Ауыл тұрғындары елдің ұйытқысы болып, шаруашылықтың қыр-сырын білген іскер Мырқияс Әліпбаевтың құрметіне бір бұлақтың атын әйелі Ажардың атымен «Ажар бұлақ» деп атап кеткен. Сауда орындары дүкендер, рация телефоны мен пошта байланысы орнатылып халыққа әлеуметтік жағдай жасалып, қалыпты жұмыс жасалып, қазіргі уақыттағы Сарбұлақ ауылының негізін сол кездері Мырқияс Алипбаев қалаған.
Даму деңгейі жоғары
Сарбұлақ ауылында қызу тіршілік тоқтаған емес. Жыл сайын жүйелі жұмыстар жүріп, тұрғындар тілегі орындалып келеді. Қазір де онда 488 тұрғын, 78 отбасы тату-тәтті күн кешуде. Ауылдың жер көлемі 3045 гектар. Округтің негізгі кәсібі мал өсіріп, оның өнімдерін ұқсатумен айналысу.
Ауданнан шалғай орналасқан округ жұртшылығының көптен түйіні тарқатылмай тұрған түйткілі ұялы байланысы болатын. Алайда ол да шешімін тауып, ауылға «Актив» байланысы орнатылды. Сонымен қатар ауылдың кіреберісіндегі Қуаңдария өзеніне салынған 5 құлақты ашпалы шлюзге де күрделі жөндеу жүргізілді.
Мұнда 2015 жылы 100 орындық №78 мектептің іргетасы қаланып, пайдалануға берілген болатын. Бүгінде білім ошағында 106 оқушы тәлім алуда. Оның жанынан ашылған шағын орталықта мектепке дейінгі 20 бала тәрбиленуде. Өткен оқу жылында бітіруші 7 түлектен 4 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 3 оқушы мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, бір оқушы арнаулы орта білімінің мемлекеттік грантымен оқуда.
Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің де жайын білдік. Қолға тиген мәліметтерге сенсек, ондағы дәрігерлер жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстары жалғасуда. Нақтыласақ оба ауруына қарсы 365 адамға егу жұмысы жүргізілген. Туберкулезді анықтау, алдын алу мақсатында манту сынамасы 82 балаға егіліпті. Ақ халаттылардың арқасында бала шетінеу, туберкулез, сары ауру ауруымен ауыратын жандардың қатары мүлдем болмапты. Есепте тұрған қан қысымы жоғары, асқазан, қант диабеті, ентікпемен сырқаттанатын тұрғындарға уақытылы тегін дәрілер таратылып тұрады. Осыған дейін 216 науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Сарбұлақ ауылында 46 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Солардың ішінде 2020 жылы ауылшаруашылық бағдарламалары бойынша төрт адам несие алып, жұмыстарын бастап кеткен. Олар «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорының» Қызылорда облыстық филиалы арқылы қаражат иеленген.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 19 жеке тұлға 555,600 теңгеден жалпы құны 10 556 400 теңге қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Соның басым көпшілігі қой шаруашылығы мен ірі қара шаруашылығын дамытуға ден қойған.
«Бастау бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 2 ауыл тұрғыны оқып, 1 айлық оқу курсынан өтіп сертификат иемденіп, қайтарымсыз грант жеңімпазы атанған. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жұмыссыз 8 тұрғын қоғамдық жұмысқа жіберілген.
Жалпы ауылдық округте 289 бас мүйізді ірі қара, 2282 бас қой мен ешкі, 908 бас жылқы, 591 бас түйе өсірілуде.
Келер күннің еншісінде...
Сарбұлақтағы тынымды тірлік алдағы күндері жалғасын таба бермек. Демек ауыл тұрғындары қуанышқа бөленетін күн алыс емес. Ауыл әкімі Руслан Жаңабайдың айтуынша, ел игілігі үшін қызу жұмыс тоқтамайтын көрінеді.
– 2015 жылдың қазан айында «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша мердігер «Геотерм» ЖШС ауыл орталығынан жер асты су қорын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде қазылған №5368 скважина тереңдігі 150 метр, қажетті су көлемі тәулігіне 481,0 м3 шығаратын үшінші топтағы су бар екендігі анықталды. Осы суды ауызсуға пайдалануға сапасын тиісті лабораториялық зерттеу сынамаларын жүргізіп қорытындысы алынды. Жоба сметалық құжаттары дайындалуда. Алдағы уақытта қаражат мәселесі шешілсе, ауылдың әр тұрғын үйіне ауызсу жүйесі кіргізілетін болады.
Сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен «Ер Мағзаман» мешіті жанынан көпшілікке ас беруге арналған орын салынатын болады. Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауыл орталығынан спорттық жаттықтыру алаңы бой көтереді, – дейді округ әкімі.
Мұнан бөлек басшы тұрғындарға көктемде бау-бақша егуге ауыл маңынан суарылмалы жер учаскелерінен бақшалық жерлерін дайындау және шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендететіндігін де жасырмады. Ол аз десеңіз, ауызсудың үздіксіз берілуін бақылап, округ тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету, телефон байланысын тұрақты жұмыс жасауын және электр энергиясының үзіліссіз берілуін де назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
А.БАҚЫТҰЛЫ