Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалы жол дистанциясы: ғасырлық тарих және қауіпсіздік кепілі

Қазалы жол дистанциясы: ғасырлық тарих және қауіпсіздік кепілі

Теміржол жол дистанциясы – теміржол инфрақұрылымының негізгі бөлігі. Мұндағы басты міндет – теміржол желісінің техникалық жағдайын бақылап, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу. Қарапайым тілмен айтқанда, пойыздардың қауіпсіз және кедергісіз жүруін қамтамасыз ететін бөлім.
Әрбір дистанцияның құрылымы әкімшілік және жұмысшы топтарынан тұрады. Олардың негізгі міндеттеріне жолды тексеру кіреді. Жолдың әрбір бөлігін жүйелі түрде тексеріп, ақауларды мысалы, рельстердегі жарықтар, шпалдардың шіріп кетуін анықтайды. Сондай-ақ ағымдағы жөндеумен айналысады. Онда кішігірім ақауларды дереу жоюды қолға алады. Оған рельстерді ауыстыру, шпалдарды түзету және жол төсемін ретке келтіру кіреді. Жұмыстардың уақыты әрбір ақаудың түріне және көлеміне байланысты. Бірақ теміржол қауіпсіздігі үшін бұларды мүмкіндігінше тез орындау қажет.
Бір рельстің шағын бөлігін ауыстыру керек болса, ол бірнеше сағат ішінде орындалуы мүмкін. Күрделі жағдайларда немесе үлкен бөлік ауыстырылса, бір-екі күнге созылуы мүмкін.
Шпалдарды түзету немесе жекелеген шіріген шпалдарды ауыстыру жұмыстары да бірнеше сағат алады. Егер жолдың үлкен бөлігіндегі шпалдарды жаппай ауыстыру қажет болса, бұл бірнеше күнге созылады.
Жол төсемін ретке келтіруге бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін уақыт кетеді. Бұл жұмыстың көлемі мен қажетті техникаға байланысты. Аталған қызметтің барлығы пойыз қозғалысы тоқтаған кезде немесе оның кестесін өзгерту арқылы атқарылады. Жол дистанциясының мамандары жұмыстың уақытын қысқарту үшін арнайы құралдар мен техниканы мәселен, жол жөндеу машиналарын қолданады. Осылайша пойыз қозғалысына кедергіні азайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Капиталды жөндеуде үлкен көлемдегі жұмыстарды орындау қажет болады. Яғни жолдың үлкен бөлігі толығымен жаңартылады. Ал қысқы кезеңдегі жұмыстарда қардан тазалау, мұзды сындыру және жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүзеге асады. Осы шаруалар қанша уақытта орындалуы тиіс деген сауал туындауы мүмкін. Бұл ретте №60 Қазалы жол дистанциясының басшысы Аманкелді Құсанов теміржолдың қауіпсіздігі мен тиімділігін сақтауда капиталды жөндеу мен қысқы кезеңдегі жұмыстардың маңызы зор дегенді алға тартты.
– Екеуі де жол дистанциясының жоспарлы жұмыстары болып табылады, бірақ олардың орындалу уақыты мен мақсаты әртүрлі. Капиталды жөндеу негізінде жолдың үлкен бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған ауқымды жұмыс. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі жоспар құрылып, жұмыс басталмас бұрын, жолдың жағдайы мұқият тексеріліп, қажетті материалдар мен техника есептеледі. Орындалуы кезінде көбіне пойыз қозғалысы тоқтатылады. Ескі рельстер, шпалдар және жол төсемі толығымен алынып тасталады. Оның орнына жаңа, сапалы материалдар төселеді.
Капиталды жөндеудің уақыты жөнделетін жолдың ұзындығына және жұмыстың күрделілігіне байланысты. Әдетте бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Капиталды жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы – жолдың алдағы 20-30 жыл бойы қауіпсіз қызмет етуінің кепілі, – дейді Аманкелді Ахметұлы.
Оның айтуынша, қысқы кезеңдегі жұмыстарға – жылдың суық мезгілінде жолдарды қардан және мұздан тазалауға бағытталған шұғыл шаралар жатады. Мақсаты – пойыздардың кедергісіз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету.
Қар жауа бастағанда, арнайы қар тазалағыш машиналар мен техника іске қосылады. Осы уақытта жұмыс үздіксіз жүргізіледі. Себебі жолдағы қардың жиналуы пойыздардың қозғалысын тоқтатуы мүмкін. Әсіресе станцияларда және стрелкаларда пайда болатын мұзды дереу сындырып, тазалау қажет. Мұз пойыздардың дөңгелектерін тайғанақтатып, апатты жағдайларға әкеледі. Бұл жұмыс та күнделікті, қажеттілігіне қарай жүргізіледі.
Қысқы кезеңдегі жұмыстардың басты ерекшелігі – шұғыл әрі тұрақты болуы. Олардың орындалу уақыты алдын ала белгіленбейді, тек ауа райының жағдайына байланысты бірден қолға алынады.
Жол дистанциясы мамандарының мәлімдеуінше, қызмет сапасы теміржол көлігінің жалпы тиімділігіне тікелей әсер етеді. Егер жол дұрыс күтілмесе, апатты жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл бөлімнің қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Рельстердегі жарықтар мен шіріген шпалдар теміржол қауіпсіздігі үшін өте қауіпті. Олардың әрқайсысының салдары бөлек болғанымен, екеуі де апатқа әкелуі мүмкін.
Рельстегі кішкентай жарық уақыт өте келе үлкейіп, рельстің толық сынуына әкеледі. Мұндайда пойыздың рельстен шығып кету қаупі бар. Өйткені рельс сынған жерде пойыздың дөңгелектері тірексіз қалып, жолдан шығып кетуіне әсер етеді. Бұл – ең қауіпті салдар саналады. Себебі ол үлкен апатқа ұласады.
Шіріген шпалдардың да келтіретін залалы жоғары. Шпалдар рельстерді белгілі бір қашықтықта ұстап тұрады. Сондықтан рельстің орнынан жылжып кетуі ғажап емес. Егер шпал шіріп, өз қызметін атқара алмаса, рельстер бір-бірінен алшақтап, пойыздың дөңгелектері арасына түсіп кету қаупі туады.
Жолдың тұрақсыздығы да пойыздардың қауіпсіздігіне тікелей әсері бар. Шіріген шпалдар жолдың астындағы қиыршық тасты (балласт) дұрыс ұстап тұра алмайды. Бұл рельстердің тербеліп, тұрақсыз болуына әкеледі.
Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, жөндеу үшін теміржол жол дистанциясының қызметкерлері үнемі жолдарды тексеріп отырады. Олар арнайы құралдар мен техниканы қолдана отырып, ең кішкентай жарықтарды да тауып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Аталмыш жұмыстың сапасы жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Мінсіз жұмыс пен жылдар бойы жиналған тәжірибеге негізделген мәліметтерден Қазалы жол дистанциясының бай тарихын, қалыптасу кезеңдерін және қазіргі жағдайын көруге болады.
Қазалы жол дистанциясы – тек теміржол желісінің бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге Қазақстан теміржол саласының дамуының куәсі, мызғымас еңбек дәстүрінің символы. 1905 жылдан бастау алған оның тарихы, сан ғасырлық өзгерістер мен жетістіктерге толы. Бүгінгі таңда маңызды ұжым тек жолдарды күтіп ұстап қана қоймай, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып, мыңдаған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
– 120 жыл үздіксіз сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Қазалы жол дистанциясының тарихы 1905 жылдың 27 мамыры күнінен бастау алады. Алғашқыда Ташкент теміржолына қарасты №3 Қазалы жол дистанциясы деген атаумен ашылған мекеме уақыт өте келе әртүрлі басқару құрылымдарының құрамына енді. Самара-Златоуст теміржолы, Орынбор теміржолы, содан кейін Қазақ теміржолы, «Батыс Қазақстан темір жолы» сияқты ірі жүйелердің құрамында болды. Тарихи кезеңдердің әрқайсысы мекеменің жұмысына өзіндік өзгерістер енгізді. Әсіресе 1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрамына енуі жаңа дәуірдің бастауы болды.
Осы жылдар ішінде дистанцияның атауы мен нөмірі жиі өзгеріп отырды. 1922 жылдан бастап қатарынан отыз алты жыл Орынбор теміржолына қарасты №11-Қазалы жол дистанциясы, кейін тоқтаусыз жиырма бір жыл №49-Қазалы жол дистанциясы Қазақ теміржолына қараған.
1977 жылдан 1997 жылдың 01 ақпан айына дейін «Батыс Қазақстан темір жолы», №4-ші Қазалы жол дистанциясы, кейін РГП «Қазақстан темір жолы» №60-Қазалы жол дистанциясы болды. Заңды бұйрықпен 2000 жылдан 2001 жылға дейін Қызылорда жол бөлімшесіне қарасты №60-Қазалы желілік жол дистанциясы деп аталынды. Бұдан соң РГП «Қазақстан темір жолы» №60-Қазалы жол дистанциясы, кейін «Инфрақұрлым» еншілес мемлекеттік кәсіпорынның филалы Қазалы жол дистанциясы, «Қазақстан темір жол» Ұлттық компаниясы Жабық акционерлік қоғамы Қазалы жол дистанциясы филиалы, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамы Қазалы жол дистанциясы филиалы аталды. Ал 2013 жылдан кейін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамның «Ірілендірген Қазалы жол дистанциясы» филиалы болып өзгерді.
2017 жылдан осы кезге дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Қазалы жол дистанциясы деп аталды. Бұл өзгерістер теміржол саласындағы реформалардың, мекемелерді ірілендіру және жаңа басқару жүйесін енгізудің айқын көрінісі, – дейді №60 Қазалы жол дистанциясының басшысы Аманкелді Құсанов.
Дистанцияның дамуы оның техникалық жабдықталуымен тығыз байланысты. Алғашқы жылдары 3-а және 4-а жеңіл типті рельстер мен төсеніш ретінде құм балласт пайдаланылған. Бұл кездері пойыздар жылдамдығы сағатына 30-40 шақырым, ал жолдың ұзындығы 150 шақырымды құрады. 1947 жылдан бастап Р-43, 1959 жылдан бастап Р-50, ал 1966 жылдан бастап берік Р-65 типті рельстерге көшу – теміржол қауіпсіздігінің жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік берді. Әсіресе 1977 жылдан бері түйіспесіз рельстердің қолданысқа енуі – пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттырып, жолдың беріктігін нығайтты.
Жолдың ұзындығы да біртіндеп ұлғайды. Бастапқыда 150 шақырымды құраған жол 1959 жылы 183,3 шақырымға дейін ұзартылды. 1980-1988 жылдары жүргізілген екінші жолдың құрылысы Сексеуіл мен Қазалы аралығындағы пойыз қозғалысын жақсартып, 22 станция мен разъездің орнына 9 ірі станцияны қалдыруға мүмкіндік берді. 2013 жылы Жосалы жол дистанциясы қосылып, бүгінгі таңда Қазалы жол дистанциясы Аралқұмнан Қаракеткенге дейінгі ауқымды аймақты қамтып отыр.
Қазалы жол дистанциясының ең үлкен жетістігі – 1990-2025 жылдар аралығында ешқандай апатты жағдайдың, еңбек тәртібін бұзудың және өндірістік жарақаттың тіркелмеуімен есте қалды. Маңызды көрсеткіш – ұжымның жоғары жауапкершілігінің, кәсібилігінің және қатаң еңбек тәртібінің дәлелі ретінде қабылданды. 418 адамнан тұратын ұжым, оның ішінде 245 жол жөндеушісі, 24 жол шебері-бригадирі, 21 жол шебері және басқа да мамандар күнделікті өз міндеттерін адал атқарып, жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Ұжымды әртүрлі жылдарда басқарған басшылар – осы жетістіктердің бастауында тұрған тұлғалар. А.К. Лавриненьтов, Губайдуллин, Шишко, Л.Л. Мазур, Мирошиченко, Г.А.Анаров, И.И.Исаев, В.А. Иванов, Т.П. Оңғаров, Т.А. Айқожаев, Ә.Қ.Абдуллаев, Е.А. Құсанов, Ібрайм Бабақ, Б.А. Бердалиев, А.Ж.Нұржанов сияқты еңбек ардагерлері өз кезінде дистанцияның дамуына үлкен үлес қосты. Олардың арасында «Құрметті теміржолшы» атағын алғандар және «Қызыл ту» орденімен марапатталған азаматтар бар. Олардың ісін бүгінгі күні Аманкелді Ахметұлы Құсанов бастаған ұжым жалғастыруда.
Сонымен қатар Қалдыбек Салмырза, Жанай мен Қалжан Сералиевтер, Ният Елшебаев, Сақтап Алимов, Сәрсен мен Кеулімжай Жақыповтар, Жұмабай Күлекенов, Абсағат Құттымұрзаев, Анна Петрова, Тұрар Аяпов, Бақберген Ерханов, Зұлбұхар Әлиев, Жанділда Ршауов сынды Құрметті теміржолшылар дистанцияның алтын қорына енген. Олардың еңбегі мен тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі болып отыр.
Бүгінде Қазалы жол дистанциясы – 519,8 шақырымдық басты жол, 125,3 шақырымдық станция жолдары, 419 бағыттағыш бұрма және 225 жасанды құрылыстарды күтіп ұстауда. Осы ауқымды жұмыс 2014 жылдан бастап жүйрік «Тұлпар-Тальго» пойызының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде.
Қазалы жол дистанциясы – тек статистикалық деректер мен тарихи фактілер жиынтығы емес, бір ғасырдан астам уақыт бойы өз ісіне адал болып келе жатқан адамдардың ерлікке толы еңбегі. Олардың арқасында пойыз гудогі тоқтамайды, жол үзілмейді және миллиондаған адамның сапары қауіпсіз болып қала береді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА





29 шілде 2025 ж. 154 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031