Темір жол – қауіпті аймақ
Фото: ашық дереккөзден алынды
Қазалы жол дистанциясы Аралқұм-Қазалы, Қазалы-Жосалы, Жосалы-Қаракеткен аралығындағы 311,3 шақырым темір жолды қамтиды. Қазалы жол дистанциясының қызметкерлері тарапынан ай сайын жергілікті мал ұстайтын тұрғындармен «Темір жол – аса қауіпті» аймақ тақырыбында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Ағымдағы жылдың 6 айында 3301 мал иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жол бойында мал бағу ережелерімен таныстырылды. Тұрғындарға, малы пойыздар қозғалысына қауіп туғызып жол бойында ұсталса, заң жүзінде айыппұл салынатыны және әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді. Дистанция тарапынан жол бойының малға қарсы қойылған қоршаулары жөнделді. Жолға мал шықпас үшін темір жолдың екі жағы 4-5 қатарлы сыммен қоршалған. Бірақ бұл қойылған қоршау сымдар қараусыз жүрген малдардың темір жолға шықпауына тосқауыл бола алмай тұр.
Бүгінгі таңда темір жол үстіне қараусыз малдардың шығуынан, жылжымалы құрам алдында жолға адам шығу салдарынан, не жол құрылғыларын ұрлау әрекетінен поездардың қозғалыс қәуіпсіздігіне қатер төндірілуде. 2025 жылдың 6 айы ішінде дистанцияда 12 рет мал басу оқиғасы және 15 рет қараусыз жүрген малдардың темір жолға шығып кету оқиғасы тіркеліп отыр.
Тас жол мен темір жолдың бір деңгейде қиылысқан тұсы теміржол өткелдеріндегі жағдай да алаңдатады. Жабық тұрған теміржол өткелдерінен кейбір автокөлік жүргізушілерінің поезд алдынан өтіп кетпек әрекеттері де тіркелуде. Әрбір автокөлік жүргізушісі тарапынан теміржол өткелінде орын алған жол ережесін бұзу фактілері бойынша мемлекеттік автоинспекцияға мәлімет беріліп отырады. Ай сайын теміржол өткелінде көлік жүргізушілерімен таныстыру жұмыстары да жүргізілуде, бірақ нәтиже айтарлықтай емес.
Сонымен қатар бөгде адамдардың, әсіресе балалардың темір жолдың белгіленбеген жерінен өтіп кетпек болған әрекеттері де орын алып отыр. Сол себепті осы айтылған меселелерге сәйкес темір жол бойында орналасқан тұрғындардың есіне, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтауда көмек көрсетіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға баршамыз ат салысайық.
Ақайша МУСИНА,
Қазалы жол дистанциясының
жетекші инженері