Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Экспорттағы есебіміз түгел

Экспорттағы есебіміз түгел


Сыртқы сауда кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды рөл атқарады. Халықаралық сауда нарығы әр елдің өндірісін дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналуда. Өмір сүріп жатқан соң тіршіліктегі сауданың маңызы зор. Ал өзіндік брендін қалыптастырып, оны әлемге таныту – бәсіміздің биік болғаны. Табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ел әлеуетін ілгерілетуге мүмкіндік беретін экспорттағы жай қалай?

Экспорт – нарық өсуінің басты құралы. Өзге аймақтардағы қазіргі заманға сай технологияларға қол жеткізудің оңтайлы жолы. Өнімді экспорттау – тиімділікті арттыру мүмкіндігіне жол ашатын бәсекелестіктің бір бөлігі. Экономика тақырыбы көпшілікке күрделі көрінеді. Мұнда статистика, сандар, пайыздар сөйлейді. Түсініксіз терминдер де кездесетіні жасырын емес. Көпшілікке ұғынықты болуы үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы қысқаша айтып өтсек. ЕАЭО нарығында бәсекелестіктің күшеюі – еуразиялық интеграцияның басты жетістігі.
Қазақстан үшін сыртқы серіктестермен тұрақты экономикалық байланыстарды дамыту – экономикалық дамудың маңызды векторы. Әрбір елдің интеграция негізінде өз басымдықтары бар. Қазақстан үшін бұл – бірыңғай кеден нормалары базасында экспортты жеңілдету, салықсыз сауда, әлемнің басқа макроэкономикалық аймақтарына шығумен жаһандық көлік тораптарына интеграция. Экспорттағы ең жоғары үлес машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттарға тиесілі. Одан кейін химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері де бар. Ал ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінетін импорт құрылымында мал және өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары басым. Металдар мен олардан жасалған бұйымдар үлесі де жаман емес.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен өзара сауда 10838,5 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 5,2 пайыз азайды. Биылғы қаңтар-мамырда тауарлар экспорты 3654,1 миллион АҚШ доллары (13,2% аз), импорт – 7184,4 миллион АҚШ доллары (0,5% аз) деңгейінде қалыптасты. Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде Ресей Федерациясына – 88,8%, бұдан әрі Қырғыз Республикасына – 7,6%, Беларусь Республикасына – 3,4%, Армения Республикасына – 0,2% келеді. Экспорт бойынша тауарлардың негізгі үлес салмағы 2025 жылғы қаңтар-мамырда мынадай тауарларға тиесілі: шикі мұнай және битуминозды жыныстардан алынған шикі мұнай өнімдері (52,9%), тазартылған мыс және өңделмеген мыс қорытпалары (4,9%), кендер және мыс концентраттары (3,7%), ферроқорытпалар (3,1%), радиоактивті химиялық элементтер және радиоактивті изотоптар (2,6%). Ал импорт бойынша ең көп үлес салмағы мынадай тауарларға тиесілі: жеңіл автокөліктер (4,3%), дәрілік заттар (3,7%), моторлы көлік құралдарына арналған шанақ (2,5%), телефон аппараттары (2,1%), моторлы көлік құралдарының бөлшектері мен керек-жарақтары (2%). Елдің экспорттағы негізгі әріптес елдері: Италия (23%), Қытай (17,6%), Ресей (9,8%), Нидерланды (7,6%), Франция (4,6%), Түркия (4,4%).
Аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда бәсіміз жаман емес. Өткен жылы, биыл да облыс бойынша бірқатар өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер тұрақты жүргізіледі. Нәтижесінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қандай?

ӨНІМ КӨЛЕМІ АРТУДА
Облыста ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Биыл егіс алқаптарының құрылымы оңтайландырылып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі көбейтілді. Суармалы суды үнемді пайдалану, агротехникалық шараларды күшейту арқылы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артты.
Ауыл шаруашылығын дамыту – өңір үшін басым бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында салада өсім байқалды. Нақтырақ айтсақ, 31,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Биыл 189 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 92 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 73 мың гектарды, ал картоп, көкөніс, бақша өнімдері 17 мың гектарды құрап отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда қысқартылып, биыл 80 мың гектар жерге күріш егілді. Бүгінде күріш алқаптарының басым бөлігінде түптену, түтікке шығу, масақтану кезеңдері жүріп жатыр. Агроқолдау шараларының нәтижесінде егістік жерлерде үстеп қоректендіру, арамшөптерді жою жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Облысқа белгіленген су лимиті – 3,9 миллиард текше метр. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі ағысына қажетті көлемде су жіберіліп жатыр. Бұдан бөлек, қашыртқы суын тиімді пайдалану үшін облыс көлемінде 238 насос қондырғысы іске қосылды. Суды үнемдеу мақсатында биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік әдіспен тегістелді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі екі есеге артып, 8 мың гектардан асты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

ӨҢІР ӨНІМІ 19 ЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА
Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда күріш, балық өнімдері, қамыс сынды тауарлар әлемнің бірнеше мемлекетіне жөнелтіледі. Сонымен бірге, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы аймақта қарқынды жүзеге асуда. Жоба арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл кәсіпкерлігі мен кооперативтер саны артып келеді.
Облыстың ауыл шаруашылығы өнімдері бүгінде әлемнің 19 мемлекетіне экспортталуда. Жыл басынан бері жалпы көлемі 37 мың тоннадай өнім шетелге жөнелтілді. Экспорттың негізгі бөлігін күріш құрайды. Бұл өнім Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Ирак сияқты елдерге шығарылады. Сонымен қатар, балық өнімдері мен қамысқа да сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына үлкен мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда өңірде жүздеген жоба қаржыландырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да кәсіпорындар көбейді. Асыл тұқымды мал басы көбейіп, жылыжайлар ашылды. Сала мамандары әр жобаны жүзеге асыруда кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Ауылдағы ірі шаруашылықтар да бұл бастаманы қолдап, елді мекендердің әлеуметтік дамуына үлес қосуда.

«ҚАЗАЛЫДА ЖАСАЛҒАН»
Ауданда диқандар биыл 17 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде күрішті 5636 гектарға екті. Былтыр 17 029 гектарға егілген егін мерзімінде жиналған болатын. Күріш 6 200 гектарға себіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 26 095 тонна күріш қамбаға құйылды.
Бүгінде ауданда «РЗА» АҚ, «Рза Агро» ЖШС, «Сыр Маржаны» ЖШС, «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Агро-Өркен» ЖШС, «Ақмаржан» ЖШС, «Jankent Agro» ЖШС, «Алшын» ЖШС және «Береке», «Мерей», «Өте» шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Есепті кезеңде ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 4728,4 тонна өнім жөнелтілген. Оның ішінде 1010,1 тонна күріш, 419 тонна балық, 3299,3 тонна қамыс экспортқа шығарылды.

БАЛЫҚ ЭКСПОРТЫ БАСЫМДЫҚҚА ИЕ
Балық саласы экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың маңызды салалардың бірі. Бүгінгі күні облыс бойынша қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайтын 11 балық өңдеу зауыттары жұмыс жасауда. 2024 жылы облыс бойынша – 5750 тонна балық ауланып, 2023 жылмен (5291,9 тонна) салыстырғанда 9 пайызға артты. 4010 тонна балық өнімдері 13 шет мемлекетке экспортталды. Балық өсіру балық шаруашылығының негізгі өсу нүктесі болып табылады. Осы орайда, 2024 жылы облыста қуаттылығы жылына 362 тонна құрайтын 4 балық өсіру шаруашылықтары іске қосылып, өсірілген балық көлемі де соңғы 5 жылда жылына 174 тоннадан 1000 тоннаға дейін өсті.
Өңірде балық шаруашылығы ілгерілеп, көкжиегі кеңеюде. Аймақта балық өсіруге қолайлы су айдындары бар. Демек балық баптауда мүмкіндік көп. Облыстың табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізін көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере отырып, өңір жылына жиырма бес мың тонна балық өсіруге қабылетті екенін сала мамандары айтқан болатын. Сондықтан, жергілікті тұрғындарды балық өсірумен айналысуға шақырудан жалыққан емес. Ол үшін өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Салаға да қолдау болар мемлекеттік бағдарламалар бар.
Қазіргі таңда ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер тоған шаруашылығымен айналысуды қолға алуда. Солардың бірі – Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Райс Валиевтің тоған шаруашылығы.
Жоба Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында орналасқан. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 гектар аумаққа тоған қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жоба – аудан көлемінде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жеке кәсіпкер Райс Валиев алдағы уақытта кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тоғанда сазан балығын өсіріп, оны нарыққа тауарлық бағытта ұсыну көзделген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға елеулі үлес қоспақ. Жоба толық іске қосылған жағдайда Қазалы өңірінде балық шаруашылығының жаңа кезеңі басталып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылатын болады.
Құмды алқапты қақ жарып тұрған қарт өзенде балықтың 22 түрі мекен етеді. Әсіресе, сазан, дөңмаңдай, жайын, көксерке, торта, тыран сынды балықтарға кәрі құрлық пен алыс-жақын шетелдерден жиі сұраныс түседі.

СЕРІКТЕС ТАБУДА ЖӨН СІЛТЕЙДІ
Аtameken.kz ақпараттық агенттігінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларға көмек көрстеу бойынша келісімдерге қол қойды. Бағдарламада отандық өңделген тауарларды шығарумен айналысатын индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне шығындарды өтеу қарастырылған. Жарнамалық өнім, шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелер мен фестивальдарға қатысуға, сондай-ақ жарнамалық каталогтарды әзірлеуге және таратуға байланысты шығындар өтелетін болады. Бұдан басқа, шетелдердегі өкілдікті, сауда нүктесін немесе қойманы ұстауға, тауар белгілерін тіркеу және өнімді сертификаттау жөніндегі рәсімдерді жүргізуге арналған соманың бір бөлігі өтеледі.
Кәсіпкерлерден өтінімдер қабылдау екінші тоқсанда басталады. Өтінімдерді жұмыс тобы мен ведомствоаралық комиссия қарайды, соның негізінде кәсіпкермен қаражат аудару туралы келісім жасалады. Сол сияқты, «Атамекен» ҚР ҰКП-да Қазақстанның сыртқы сауда палатасының (ССП) еншілес ұйымы жұмыс істейді. Оның міндеті – сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнестің мүдделерін білдіру.
Бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы сауда палатасына қойылған міндеттер шеңберінде бірнеше іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде: түрлі халықаралық көрмелер мен конференцияларды ұйымдастыру және қатысу, ақпараттық қолдау көрсету, консалтингтік қызметтер, экспорт және импорт мәселелері бойынша ақпаратты жинау, талдау және тағы басқалар. Бизнес өкілдері үшін халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірқатар семинарлар жоспарланған. Сондай-ақ отандық тауарлар мен қызметтердің экспорты мәселелеріне арналған оннан астам вебинар бар. Бұл онлайн-семинарлар бизнеске өндірістен қол үзбей экспорт туралы барлық қажетті ақпаратты және халықаралық саудаға қатысты басқа да көптеген мәселелерді алуға мүмкіндік туғызады.
Айта кететін жайт, ағымдағы жылға 15 сауда миссиясын өткізу жоспарланған. Сауда миссиялары шеңберінде отандық компаниялар үшін шетелдік серіктестерді іздеу алаңдары құрылуда. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, отандық кәсіпорындардың шетелдік сауда миссияларына қатысуы өндірілетін тауарлар мен қызметтер экспортының географиясын кеңейтеді.
Бизнес өкілдерінің хабардарлығын арттыру үшін «Қазақстанның экспорттық өнімі» электрондық анықтамалығы дайындалады және өңдеуші салалардың қазақстандық экспорттаушылары мен шетелдік сатып алушыларға арналған портал іске қосылады. Тағы бір маңызды жаңалық: осы жылдан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП экспорттаушылардың өтінімдері бойынша шетелдік нарыққа талдау жүргізеді. Осы мақсатта Ұлттық палата мен ҚР ИДМ тиісті келісім жасасты. Бұл әлеуетті экспорттаушылар қазақстандық өнімге қандай елдер қызығушылық танытатыны және қай елдің нақты қайсы компаниясы екені туралы өзекті ақпарат ала алатынын білдіреді. Соның нәтижесінде бизнес таяу болашақта қандай тауарларды тиімді шығаруға болатынын болжай алады. Ең бастысы, ақпарат Қазақстан өңірлері бойынша да, басқа елдер деңгейінде де қолжетімді.
Экспорттың көлемін арттыру арқылы әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға қабілеттілік артады. Яки, отандық өндірістің көкжиегі кеңейеді. Тек талапқа сай өнім өндіріп, дұрысынан ұсына білу қажет. Ал қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы – халықтың екі қолға бір күрек ұстауына байланысты. Кәсіпкерліктің дамуына күш салған аймақ бұл мәселелерді шешуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауда. Ал жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандар еңбегін шыңдай түсері рас.

ЕУРОПАҒА АСТЫҚ ЖЕТКІЗЕДІ

Еуропалық одақ – еліміздің АӨК саласындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2024 жылы Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сыртқы сауда айналымы 1,3 миллиард АҚШ долларын құрап, 7 пайыздық өсімді көрсетті. 2025 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 11 пайызға өсіп, 662,2 миллион долларды құрады. Біз экологиялық таза өнімді, әсіресе астық пен ұнды экспорттаудың айтарлықтай әлеуетіне иеміз және Еуропа нарығына астықты тұрақты жеткізбек. Осыған байланысты Эстония және Латвия елдерімен Балтық порттарын транзиттік торап ретінде пайдалану мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде еліміздің 20 кәсіпорын ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқық алған. Ара шаруашылығы кәсіпорындары бал экспорттау мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар, акваөсіру және жылқы еті өнімдерін жеткізу үшін ЕО нарығын ашу бағытында жұмыстар жалғасуда, ұлттық бақылау жоспарларын әзірлеу және ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу процестері жүргізілуде.
Иә, отандық тауарлардың сыртқы нарыққа бәсекелестігін арттыру жолындағы ізденістер биыл жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ел аймақтарында құлашын кеңге жайғалы отыр.
Айнұр ӘЛИ
26 шілде 2025 ж. 105 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031