EXPORT-тағы бәсіміз қалай?
Табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ел әлеуетін ілгерілетуге мүмкіндік беретін экспорттағы қазіргі жай-күйіміз қандай? Өнімді экспорттау – бәсекелестіктің үлкен бөлігі. Өз кезегінде тіршіліктегі сауданың маңызы зор. Ал оның ішінде сыртқы сауданың кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды рөл атқаратыны жасырын емес. Халықаралық сауда нарығы әр елдің өндірісін дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналуда.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан 5000-нан аса дайын өнім бірліктерін экспорттайды екен. Өңдеу өнеркәсібі экспортының негізгі саласы металлургия өнеркәсібі – 63 пайызды, кокс пен мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 14 пайызды, азық-түлік өнімдерін өндіру – 7 пайызды, химия өнеркәсібінің өнімдерін өндіру – 6 пайызды, машина жасау – 5 пайызды құрайды. Былтыр Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 1855,9 миллиог АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 17,3 пайыз азайған. Тауарлар экспорты 697,4 миллиог АҚШ доллары, импорт – 1158,5 миллион АҚШ доллары өз деңгейінде қалыптасты.
Экспорт – нарық өсуінің басты құралы. Өзге аймақтардағы қазіргі заманға сай технологияларға қол жеткізудің оңтайлы жолы. Экономика тақырыбында сөз қаузағанымызбен, сандар кейде түсініксіз болып көрінетіндей. Көпшілікке ұғынықты болуы үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы қысқаша айтып өтсек. ЕАЭО нарығында бәсекелестіктің күшеюі – еуразиялық интеграцияның басты жетістігі. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің сыртқы экономикалық қызметтен де, ішкі экономикалық процестерден де синергетикалық әсерге қол жеткізуі үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелері шыққан болатын. Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының мәні – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.
Былтырғы қараша айында 2025 және 2026 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары жаңартылған. Медианалық күтулерге сәйкес 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы баррель үшін 76,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады (бұған дейін – 75,0 АҚШ долл.). 2026 жылға болжам баррель үшін 74,0 АҚШ долларға дейін төмендетілген. 2024 жылға күтулер 80,4 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасқан.
Қазақстан экономикасының 2024 жылға болжамдары – 4%-дан 4,2% -ға дейін өсу жағына қайта қаралған. Респонденттердің 2025 жылға арналған күтулері 5%-дан 4,7%-ға дейін төмендетілді. 2026 жылға экономиканың өсуі бойынша болжам 4,5% деңгейінде сақталған. Сарапшылар 2025 жылға инфляция болжамдарын 6,7%-дан 6,9%-ға дейін нашарлатты. 2024 және 2026 жылдарға арналған болжамдар тиісінше 8,4% және 6,0% деңгейінде қалған. Ал 2025 жылға арналған базалық мөлшерлеменің болжамдары талдаушылардың инфляциялық күтулеріне сәйкес, 12,0%-дан 12,5%-ға дейін өзгеріп отыр. 2026 жылға арналған бағалаулар 10,1%-дан 10,3%-ға дейін түзетіліп, 2024 жылғы болжамдардың медианалық мәндері 14,6% деңгейінде сақталды.
Даулы бетке біліктісін, жаулы бетке білектісін, жарастыққа жақсысын жұмсаған Қорқыт елі өткен жылды толайым табыспен аяқтады. Биыл да жыл басталысымен ауқымды жұмыстар атқарылып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Қош. Өзге мекендерге қарағанда бизнесте бәсі бар Қазалы ауданының экспорттағы үлесі қандай?
Аудандық аумақтық инспекцияның мамандары берген деректерге сүйенсек, 2024 жылы Ресейге 879,6 тонна ұсақ күріш экспортталған. Ал бұл өнімнің 411 тоннасы Украинаға жөнелтіліпті. 204 тонна ақ күріш – Тәжікстанға, 812,4 тонна қамыс – Нидерландыға, 861,53 тонна қамыс – Германияға, 75 тонна қамыс – Данияға, 48 тонна қамыс – Польшаға, 58,5 тонна қамыс – Беларусьқа, 10 тонна қамыс – Қырғызстанға экспортталған. Ал 56422 тонна төсеніш ағаш пен 506 тонна картон қорап – Литваға экспортталыпты. 16740 тонна картон қорап пен 156 төсеніш ағаш – Данияға, 2650 тонна картон қорап пен 94 төсеніш ағаш – Қытайға, 13592 тонна картон қорап пен 127 тонна төсеніш ағаш – Германияға, 21043 тонна картон қорап пен 187 тонна төсеніш ағаш – Нидерландыға, 21400 тонна картон қорап пен 184 тонна төсеніш ағаш Польшаға жөнелтілген.
Айнұр ӘЛИ