«Қазалыда жасалған»: EXPORT-тағы есебіміз түгел
Өзіндік брендін қалыптастырып, оны жаһанға таныту – бәсіміздің биік екенін аңғартады . Әрине, өмір сүріп жатқан соң тіршіліктегі сауданың маңызы зор. Ал оның ішінде сыртқы сауданың кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды рөл атқаратынын ешкім де жоққа шығара алмайды. Халықаралық сауда нарығы әр елдің өндірісін дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналуда. Қош. Табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ел әлеуетін ілгерілетуге мүмкіндік беретін экспорттағы бәсіміз қалай?
Экспорт – нарық өсуінің басты құралы. Өзге аймақтардағы қазіргі заманға сай технологияларға қол жеткізудің оңтайлы жолы. Әрі өнімді экспорттау – тиімділікті арттыру мүмкіндігіне жол ашатын бәсекелестіктің үлкен бөлігі. Экономика тақырыбында сөз қаузағанымызбен, сандар кейде түсініксіз болып көрінетіндей. Көпшілікке ұғынықты болуы үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы қысқаша айтып өтсек. ЕАЭО нарығында бәсекелестіктің күшеюі – еуразиялық интеграцияның басты жетістігі. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің сыртқы экономикалық қызметтен де, ішкі экономикалық процестерден де синергетикалық әсерге қол жеткізуі үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сарапшылардың айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштердің едәуір өсімі байқалаған. Қазіргі жағдайда Қазақстан үшін сыртқы серіктестермен тұрақты экономикалық байланыстарды дамыту – экономикалық дамудың маңызды векторы. Әрбір елдің интеграция негізінде өз басымдықтары бар. Қазақстан үшін бұл – бірыңғай кеден нормалары базасында экспортты жеңілдету, салықсыз сауда, әлемнің басқа макроэкономикалық аймақтарына шығумен жаһандық көлік тораптарына интеграция.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 20 655,2 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 2 процент азайды. Ал тауарлар экспорты – 7 818,8 миллион АҚШ доллары, яки 11,8 процентке жоғары деңгейінде қалыптасты. Еліміз ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде Ресейге – 91,7 процент, бұдан әрі Қырғызстанға – 4,8 процент, Беларусқа – 3,3 процент, Арменияға 0,2 процент келеді. Экспорттағы ең жоғары үлес машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттарға тиесілі. Одан кейін химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері де бар. Ал ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінетін импорт құрылымында мал және өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары басым. Металдар мен олардан жасалған бұйымдар үлесі де жаман емес.
Енді өзіміздің өңірге ойысайық. Аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда бәсіміз төмен емес. Өткен жылы, биыл да облыс бойынша бірқатар өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен аймақтың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер тұрақты жүргізіледі. Нәтижесінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары жарияланған болатын. Сандар не дейді?
Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,4 млрд теңгені құрап, 36,6 процент артқан. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналыпты. Су тапшылығына қарамастан, күріш өнімділігі бойынша өткен жылғы деңгейді сақтап қалды.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда 84 миллион АҚШ долларының өнімдері экспортталған. Сыртқа өткен өнімнің 96 проценті – өңделген өнім.
Даулы бетке біліктісін, жаулы бетке білектісін, жарастыққа жақсысын жұмсаған Қазалы елі өткен жылды толайым табыспен аяқтады. Биыл да ауқымды жұмыстар атқарылып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Өзге мекендерге қарағанда бизнесте бәсі бар ауданның экспорттағы үлесі қандай? Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарымен байланысқан болатынбыз.
Биылғы жылдың кешегі күніне дейін 1030 тонна ұсақ күріш экпортталған. Оның ішінде Ресейге – 812 тонна, Украинаға – 218 тонна жіберіліпті. Сонымен қатар 132 тонна ақ күріш сыртқы нарыққа шығып, оның 44 тоннасы Түркияға, 88 тоннасы Иракқа экспортталыпты. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері барлығы – 1267 тонна қамыс өзге мемлекеттерге жөнелтілген. Оның ішінде Германияға – 651 тонна, Нидерландыға – 240 тонна, Данияға – 234 тонна, Польшаға – 84 тонна, Францияға – 26 тонна, Беларусияға – 32 тонна үлесі эспортталған. Биыл «СПК ҚызылордаБалық» ЖШС Ресейге 60 тонна қатырылған балық, Данияға 43,70 тонна балық филесін эспорттапты. Ал ЖК «Игликов Т» 2023 жылы Еуропаның Грузия, Германия, Литва елдеріне 95,5 тонна, Ресей мемлекетіне 267,5 тонна балық өнімдерін экспорттаған.
Экспорттың көлемін арттыру арқылы әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға қабілеттілік артады. Яки, отандық өндірістің көкжиегі кеңейеді. Тек талапқа сай өнім өндіріп, дұрысынан ұсына білсек болғаны. Ал қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы – халықтың екі қолға бір күрек ұстауына байланысты. Кәсіпкерліктің дамуына күш салған аймақ бұл мәселелерді шешуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай да жасады. Ал жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандар еңбегін шыңдай түсері айқын.
Айнұр ӘЛИ