Кілем жуу да – кәсіптің көзі

Кілем жууды кәсіп көзіне айналдырған жас ауылдан орталық ашып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. "Ауыл аманаты" жобасы арқылы бастау алған бизнес идея бүгінде бүтін бір отбасыны асырап отыр. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, бұл кәсіпті бастауға жұмыссыздық себеп болған. Құр жатпай, бір қам жасау керектігін түсінген ол мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға жүгініп, кілем жуу орталығын ашуға бекінеді. Сөйтіп "Ауыл аманаты" жобасы аясында 5 100 000 теңге несиеге қол жеткізеді. Қолға тиген қаражатқа керек-жарақ сатып алып, орталықты жабдықтайды. Бұған дейін Ақай ауылында тұрып, әр жерде жұмыс істеген жас бүгінде туған жерге тұрақтап, кілем жуудан табыс тауып отыр.
– Шыны керек, мектеп бітіре салысымен сырт қалада жұмыс істедім. Жұмыстың түріне қарамай, тірлік қылдым. Бірақ тұрақты жұмыс табылмады. "Тұрақтылық болмаса тыныштығың да болмайды" деген тәмсілдің рас екеніне көзім жетті. Сосын ойлана келіп, тұрақты бір іспен айналысу керек деп шештім. Сөйтіп ауылдан кәсіп ашуды ниет еттім. Ауылда жоқ, тың нәрсені әкелу керек дедім де, "Ауыл аманаты" жобасы арқылы кілем жуу орталығын ашуға бекіндім. Бағдарлама аясында несие рәсімдеп, орталыққа қажетті кілем жуатын роутер, сығуға арналған центрифура, жоғары қысымды жуу құралы және кептіргіш аппарат сатып алдым. Қазір орталық қарқынды жұмыс істеп тұр. Тұрғындардан тапсырыс та әжептеуір түсуде. Тұрақты табыс көзі де бар, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, орта есеппен алғанда күніне 200-300 шаршы метр кілем жуылады. Жуылған кілемдерді кептіру үшін арнай аппаратқа салып, суын сорғытып, дайындалған кептіру орнына жаяды. Болатбек бұл жұмыстардың барлығын жалғыз өзі атқармайтынын айтты. Айтуынша, жанында бірнеше көмекшісі бар. Бірі кілем жуса, ал енді бірі кептіргіш құрылғыларға салады.
Ал қызмет құны ауылдағы ағайынның қалтасына қонымды. Болатбек "Сұраныс болу үшін қызмет сапасы жоғары болу керек. Сол үшін де тынбай тірлік қылудамыз" дейді. Сапалы қызмет ұсынып жатқандығы оның ісінен де аңғарылады. Өйткені ол тазарған кілемдерді түгіне дейін қалпына келтірген соң барып, тапсырыс берушіге жөнелтеді.
– Негізінде нан табамын деген адамға мемлекеттен көрсетілер мүмкіндік көп. Тек соның көзін таба білсең болғаны. Жұмыс жоқ деп қол қусырып отырмай, іздену керек. Қазақ "ізденген жетер мұратқа" деп бекер айтпайды. Менің ізденісім мені осындай жетістікке жетеледі. Шүкір, қазір кілем жуып, табысқа кенеліп отырмын. Әрине, бастапқыда бәрі қиын сияқты көрінеді. Бірақ бастаған соң әр нәрсенің қиюы өздігімен келе беретініне көзім жетті, – дейді ол.
Кәсіптің көркін қыздырып жүрген азамат 2 ұл, 1 қыздың әкесі. Балаларының бұйырған несібесін кілем жуудан көріп отырған кәсіпкер олардың тәрбиесіне де тиісінше көңіл бөлетінін айтты.
– Балаларым ештеңеден тарықпаса деп тілейтін ата-ана қатарынанмын. Сол үшін тынымсыз тірлік қылып жатқан жайымыз бар. Бірақ қанша қарбаласып жатсам да балаларымның тәрбиесі назардан тыс қалмақ емес. Оларды да еңбекке етене жақын болуға үйреткім келеді. Өйткені еңбек еткеннің қай кезде де еңсесі биік болады, – дейді Болатбек.
Болатбек болашақта кәсіп аясын кеңейтуді де жоспарлап қойған. Орталықты үлкейткен соң, өзі сияқты ауыл жастарын жұмыспен қамтысам деген ойы да жоқ емес. Ауылда отырып, кәсібін дөңгелеткен жас кәсіпкердің діттеген мақсатына жақын күнде жетуін тіледік. Ойлағаны оңынан шешілсе, ауылдағы кәсіпкерлік саласы да тағы бір адым алға басқан болар еді. Бұйырса жақын болашақта жұртшылықты жағымды жаңалықпен құлағдар етер күн алыс емес деп сенеміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА