Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді
Бүгінде елімізде өз кәсібін ашып, ел игілігі үшін қызмет етемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Сәйкесінше, облыста да жыл өткен сайын жеке кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің шығармашылық ұжымы мемлекеттен қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отырған бірқатар азаматтардың жұмысымен танысты.
Соның бірі қызылордалық Айдос Амангелдиев кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, су-эмульсиялы бояу өндірісін қолға алған.
– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында су-эмульсиялы бояуын өндіріп жатырмыз. Оған қажетті шикізаттар мен түрлі қоспаны Алматы қаласынан алдырамыз. Әзірге эмульсияның тек 3 түрін ғана өндіреміз. Бүгінде қолға алған ісіміз оңға басып, төрт айға жуық уақытта 40 тоннадан астам өз өнімімізді шығардық. Алдағы уақытта осы шағын зауытымызды одан әрі дамытып, түрлі лак-бояу өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді «Brilliant» шағын зауытының негізін қалаушы Айдос Амангелдиев.
Ал, «Ади мебель» жиһаз шеберханасының негізін қалаушы Мақсат Таев та кәсібіне ең алғашқы қолдауды мемлекет тарапынан алған. Бүгінде ол облыстағы белді кәсіпкерлердің бірі.
– Бұл кәсіпті бастағаныма төрт жылға жуық уақыт болды. 2020 жылы «Даму» қоры арқылы субсидия алдым. Қазіргі таңда 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Бүгінде біз жасайтын жиһаздарға сұраныс жақсы. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Баға да сапасына қарай әртүрлі. Біз жиһаздың барлық түрін жасап шығарамыз. Сәйкесінше, тұтынушылар өзі қалаған дизайнына тапсырыс бере алады. Ендігі мақсатым – осы кәсібімді ұлғайтып, 100-200 адамды жұмыспен қамтитындай үлкен өндіріс орнын салғым келеді,– деді кәсіпкер.
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылының тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева бүгінде өз арманына жеткен жанның бірі. Олай деп айтуымызға өзіндік себеп бар. Жергілікті өнімнің сапалы болуына өз үлесін қосып, «Ақсуат» атаумен шұлық шығаруды бастаған.
– 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие жеңіп алып, шұлық шығаруды қолға алдым. Қазіргі таңда өндіріс орнында тәулігіне 300 шұлық шығарылады. Алдағы уақытта тағы да қосымша аппараттар сатып алып, жұмысшыларды көбейтіп, күніне 1000 шұлық өндіруді жоспарлап отырмыз. Кәсіп жүргізу үшін қажырлы еңбек керек. Бүгінгі таңда біз де «Еңбек – бәрін жеңбек» деген сөзді арқау етіп, алға қадам жасаудамыз, – деді кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі