Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табыс – табанды тірлікке бітеді

Табыс – табанды тірлікке бітеді

Тірліктің көзін тапсаң, шағын ауылдан да кәсіп ашуға болады. Жанкент ауылының тұрғыны Самалбек Мырзалы оны ісімен дәлелдеп отыр. Жуырда ғана "Жанкент-ет" дүкенін ашқан ол ауыл тұрғындарын сапалы ет өнімдерін қамтамасыз етуде.
Табысты тірліктен іздеген азамат бизнес идеясын мемлекеттік бағдарламаға шеңберінде жүзеге асырған. Яғни ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасы аясында, өңірлік "Байқоңыр" СПК арқылы 7 000 000 миллион теңге қаражат алып, дүкен ашуға бел буады. Сөйтіп үйінің ауласында шағын сарайды жөндеуден өткізіп, заманауи талапқа сай жабдықтайды. Сондай-ақ ет сақтауға арналған тоңазытқыш камералар сатып алып, етті бөліп-жаруға арналған орын жасақтайды.
Кейіпкеріміз бұған дейін де сауда саласында бағын сынап көрген. Айтуынша, сол кезден қалған дағды бүгінде кәсібін дөңгелетуге сеп болып отыр.
– Тәуекел етпесең, табысқа жетуің екіталай. Сондықтан мен тағы да кәсіпке бет бұрып, дүкен ашуға бел будым. Сөйтіп "Жанкент-ет" дүкенін іске қостым. Бұған дейін азық-түлік дүкенін ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсеттім. Былай айтқанда, сауда тұрғысынан біраз тәжірибем бар десе болады. Бұл кәсіп мені жұртшылықпен жұмыс істеуге, жауаптылыққа, тұтынушылардың үдесінен шығуға үйретті, – дейді кәсіпкер.
Аядай ауылдан ет дүкенін ашудың өзіндік себептері де жоқ емес. Кәсіп иесі оны былай түсіндіреді.
– Соңғы жылдары мал шаруашылығымен, соның ішінде ет бағытымен айналысып келемін. Сол тәжірибенің арқасында ауыл ішінде сапалы әрі сенімді ет өнімдеріне сұраныс жоғары екенін байқадым. Сөйтіп сұранысқа сай ет өнімдерін сатуды жөн көрдім, – дейді ол.
Мұндағы ет өнімдері жергілікті мал өсірушілерден, тұрғындардан сатып алынады. Кейде кәсіпкер өзінің азын-аулақ малынан алып, тоңазытқышты етпен толтырады. Дүкеннен еттің барлық түрін табуға болады. Тіпті еттен дайындалған дайын өнімдер түрлері де бар. Атап айтқанда, тартылған ет, тұшпара, манты, бұрышқа салынған тартылған ет, тефтели сынды жартылай өнімдер ұсынылып келеді. Бұлардың барлығы үй жағдайында таза еттен дайындалады. Бұл өнімдерді тұрғындар жиі тұтынады. Кәсіпкер дәл осы бағытта алдағы уақытта әлде де дамытып, тұрғындарға қолайлы әрі сенімді дәм ұсынуды көздеп жүр.
Мұнда ет бағасы базардыкімен шамалас. Сиыр етінің келісі 2700 теңгеден сатылуда. Жаз маусымында халық жеңіл әрі жұмсақ болып пісетін етті қалайды. Сондықтан осы маусымда сиыр етіне сұраныс жоғары.
Дүкен санитариялық талаптарға сай. Тазалыққа да ерекше мән берілген. Ал ет өнімдері арнайы тоңазытқыштарда сақталған. Кәсіпкердің айтуынша, тазалық пен салқын тізбекті сақтау – басты назарда.
"Себебі еттің сапасы – ең алдымен сақтау жүйесіне тікелей байланысты" дейді ол.
Кейіпкеріміз үш баланың әкесі. Оның екеуі – мектеп оқушысы, ал біреуі – студент. Жары мектепте мұғалім. Айтуынша, кәсібіне балалары мен бауырлары да қолғабыс етеді. Тіпті қолы қалт еткенде келіндері де келіп көмектеседі.
Еңбекке етене араласып, тірліктің ебін тапқан жанның алдағы жоспары да айқын. Ол келешек дүкен жұмысын кеңейтіп, ет түрлерін көбейтуді көздейді. Сондай-ақ жартылай дайын өнімдерді тапсырыспен жеткізу қызметін енгізуді де жоспарлап жүр.
– Басты мақсат – тұтынушыға тұрақты қызмет көрсетіп, өнім сапасын көтеру. Сонымен бірге шағын цех ашып, дайын өнімдерді кең көлемде өндіріп, бірнеше адамды жұмыспен қамту – үлкен арманым, – дейді Самалбек Мырзалы.
Ниетпен жасаған істе нәтиже боларын кейіпкеріміздің қолға алған кәсібіне қарап көзіміз жетті.
– Қазір кәсіп қыламын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Сол берілген мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдалануға мүдделі болуымыз керек. Өйткені "Алма піс, аузыма түс" деген заман қазір жоқ. Тырбанып, тірлік қылсаң ғана табысқа жетесің. Шын ниетімен талпынып, бастаған ісіне бел шеше кіріскен адамға көп есіктер ашылады. Әрине, бәрі бірден болмайды. Бірақ бастаған істі орта жолдан тастап кетпей, шыдамдылық таныту маңызды. Жаның қалаған, жүрегіңе жақын іспен айналысу қашан да өз жемісін берері сөзсіз, – дейді Самалбек аға.
«Жүргенге жөргем ілінеді» дейді дана қазақ. Екі қолға бір күрек таппай жүрген ауылдағы ағайынға кәсіпкердің жасап жатқан жұмысы қашанда үлгі. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар арқылы бөлінген ақшаны алып, одан әрі кәсіпті ұршықша иіру кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ал Самалбек ағаның бір кәсіпті екіншісіне ұштастырып, халық игіліне қызмет көрсетіп жатқаны қатты қуантады.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
19 шілде 2025 ж. 25 0

Суға да сақтық керек

19 шілде 2025 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031