Бас прокуратура еңбек құлдығына түспеу жолдарын түсіндірді
Ведомство шетелдегі қауіпті ұсыныстар туралы айтты

Фото: depositphotos.com

Фото: depositphotos.com
Қазақстанда жұмыс іздеу кезінде алдау жағдайлары көбейіп барады. Әсіресе, алаяқтар жалған бос жұмыс орындарын пайдаланып, азаматтарды ел ішінде де, шетелге де жұмысқа шақырып, кейін оларды еңбек құлдығына итермелейді. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтардың айласы
Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер «жоғары жалақы, жеңіл жұмыс» деген жарнамаларды танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде жариялайды.
Кандидаттардан тәжірибе, тіл білу сияқты талаптар қойылмайды, «күніне бірнеше сағат жұмыс істеу жеткілікті» деп сендіреді.
«Олар фейк сайттар мен анкеталар арқылы азаматтардың жеке деректерін жинап, телефонға орнататын қосымшалар арқылы банктік есепшоттарына және жеке хат алмасуларына қол жеткізеді», — деп ескертті ведомство.
Шетелдегі қауіпті ұсыныстар
Алаяқтар көбіне Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде — Таиланд, Мьянма және өзге мемлекеттерде жоғары жалақы уәде етеді.
Жұмыс IT-салада, қонақүй бизнесінде немесе модельдік агенттіктерде деп көрсетілгенімен, барған соң адамдардың құжаттарын тартып алып, еркінен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
Кей жағдайларда құрбандарды алаяқтық схемаларда немесе заңсыз органдар трансплантациясына қатысуға пайдаланады.
«Мұндай адамдар көбіне байланыссыз, ақшасыз және елге оралу мүмкіндігінсіз қалады», — делінген хабарламада.
Қауіпсіздік ережелері: еңбек құлдығынан қалай сақтану керек
Бас прокуратура азаматтарға жұмыс іздеу кезінде аса мұқият болуға және төмендегі кеңестерді ұстануға шақырады:
- Жұмыс берушіні тексеріңіз. Компанияның ресми сайты мен байланыс деректерін қараңыз, шынайы компаниялар мессенджер арқылы сұхбат жүргізбейді.
- Ақша жібермеңіз. Нақты жұмыс беруші құжат рәсімдеуге, оқуға немесе виза алуға ақы сұрамайды.
- Қосымшаларды тек ресми көздерден жүктеңіз.
- Жеке мәліметтерді таратпаңыз. Паспорт немесе банк карталарының көшірмесін келісімшартсыз жолдауға болмайды.
- Шетелдік агенттіктерді тексеріңіз. Олардың тіркелгенін және шетелдік серіктеспен келісім барын растаңыз.
Жақыныңызбен байланыс үзілсе не істеу керек?
Егер туысыңыз немесе досыңыз шетелге жұмысқа кетіп, байланысқа шықпай қойса, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуге тырысыңыз.
Келесі белгілерге назар аударыңыз:
- адам тұратын орнын көрсетпейді;
- қасында бөгде адамдардың дауысы естіледі;
- қысқа, қобалжып сөйлейді.
«Мұндай белгілер байқалса, ол бақылауда болуы мүмкін. Ондай жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет», — деп ескертті Бас прокуратура.
Ведомство атап өткендей, азаматтардың сақтығы мен ақпаратты тексеру дағдысы — еңбек құлдығынан құтылудың ең тиімді жолы.












