Бала еңбегі де бағалану керек
Фото: ашық дереккөзден
«Еңбек еткен — мұратқа жеткен» деген тәмсілді тәрбиемен тәлімдеген халықтың бүгінгі жайы бөлек. Қолжетімділік пен құрылымдық қажеттіліктер жас буын мен еңбектің арасындағы алшақтықты түзді. Мектептегі еңбекке баулу сабағы жаңа сипатқа еніп, технологияға ойысты. Алайда бұл да уақытша құбылыс екендігін ұғындырды. Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, соңғы 5 жылда жасөспірімдердің еңбектенуге, ақаша табуға деген ықыластылығы артқан. Мұны мемлекет те мақұлдады. Бала еңбегі де бағалануы керек. Халықаралық конвенция талаптарына иек артатын еліміз мектеп жасындағылардың істеген ісі ақысыз қалмауы, олардың қадағануы мәселесін егжей-тегжейлі қарады. Өзгерген не? Нені білмек керек?
Ерте бастан қамдану қажет
Әлеуметтік жағдай еңбек арқылы дұрысталатынына әрбір жеткіншек көз жеткізгендігін айтады Сұңғат Айымбет.
«Баланы жұмыс істетуге емес, істеуге ұмтылдыруымыз керек. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдары туылған біздің ата-аналарымыз «Еңбектің наны тәтті, Жалқаудың жаны тәтті» деген мақалдан ғибарт алған. Бүгінгі буынға сөз, айту жеткіліксіз. Олар нәтижелерге көз жеткізіп үйренген. Сондықтан: «Биыл мынандай телефон алсаң, келесі жылы мынандай жақсы маркасын ала аласың деп бағыттау керек. Бұл тұрғыда ата-ананың да үлгілі жолы, қаржылық сауаттылығы дұрыс болуы керек», – дейді.
Айдана Әлеует жаңа өзгерісті – уақыт талабына балайды.
«Он алты жасымда даяшы болып жұмыс істедім. Бірақ даяшылықтан бөлек, тазалаушы, ыдыс жуушы, жүк тасушы сияқты жұмыстарды қосалқы атқара беретінбіз. Айлық-жалақымыз мардымсыз. Егер қарсыласып, өз құқығымыз туралы айтсақ, еңбек шарты жасалмағанын, кейде артық кетсек, учаскелік полицияға айтатындарын айтып қорқытатын. Бұл «құрбандықтың» ісі. Амалсыз мойынсұнамыз. Қалаға жаңадан келген бізде жұмыс, қабілітті шыңдау туралы түсінік те болмады. Кәмелетке толмағанымыз тағы бар. Менің ойымша, бала ерте бастан еңбектенуі қажет. Сонда таңдауы қалыптасады. Мүмкіндігін пайдалана алады», – дейді сөзінде.
Айдананың пікірін психолог Айгүл Жұбаназарова да жоққа шығармайды.
«Қазақты жалқау, икемсіз халық деп айтуға болмайды. Төл түсінігіміз әр нәрсенің қадірін білуге ұмтылдырады. Жұмыссыздық деген жағдайға келетін болсақ, мәселе мынада.
Қазір көп жағдайда күйеуінен көп табыс табатын келіншектер бар. Олар тізгінді де қолға алады. Отбасы мүшелері үшін дербес шешім қабылдайды. Баласыныың қандай оқуға түсетінін, қандай жұмысқа тұратынын, кімге үйленетінін шешуге тырысады. Мұндайда ата-анасынан саналы түрде ажырамаған бала қанша жасқа жетсе де есеймейді», – дейді. Маманнан табысты тұлғаларды тәрбиелеуде неге назар аудару қажеттігін сұрадық.
«Адам санасы ешқандай технология зерттеп бітпеген шексіз мүмкіндіктерге жетелейтін «құрал». Сананы сендіру үлкен үлеске жол ашады. Тарихтағы Томос Эдисонға мықты мотивация беретін Нэнси Эллиоттың ұстанымына адамзат баласы қарыздар дер едім. Бізде қорқыныштар басым. Баланы қорқытып тәрбиелейміз. Өзіміздің қорқынышымыз арқылы болашағына кедергі келтіреміз. Нәтижесінде өзінің ойы, ұстанымы жоқ роботтар сынды буын өсіп келеді. Әр адам белгілі қабілетке ие болады. Өкініштісі, көбі жұлдызын жаға алмай, өмірден өтіп кетіп жатады», – дейді.
5 миллион табыс табуға болады
Жақында жарияланған өзгерістер бойынша, енді мектеп оқушыларының да жұмыс іздеуіне рұқсат етілген.
Еңбек министрлігінің үкімет отырысында келтірген мәліметіне зер салсақ, 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны – 1 миллион 488,6 мың. Оның 26,5 мыңы мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер. Мектеп оқушыларының дені сауда саласында, тамақтану қызметтерінен орын тапқан. Ықыластылардың көбі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.
Нені білу керек? Қауіпсіздік талаптары қалай сақталған?
«Алдағы каникул кезеңінде студенттерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін келесі іс-шаралар ұсынылады – Электрондық еңбек биржасы арқылы лайықты бос жұмыс орындарын таңдау, онлайн оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және кәсіптік бағдар беру», – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Платформа алғашқы тәжирибе қалыптастыруға, жұмыс табуға, цифрлық құралдармен жұмыс дағдыларын алуға мүмкіндік беруді мақсат тұтқан.
Жоғары сынып оқушылары «Мансап» компусы қызметін пайдалана алады.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Мансап компасы» платформасы цифрлық жүйе арқылы еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді зерделеуге, кәсіптер сұранысын салыстыруға мүмкіндік береді. 2019 жылдан бергі Қазақстандық еңбек нарығы деректерді талдайтын платформа сұранысқа ие кәсіптерді бағдарлауға және ең жақсы жағдайы жасалған аймақтарды таңдауға көмектеседі. Сондай-ақ жоғары оқу орындары, мамандықтар және мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктері туралы да мәліметтермен қамтамасыз етеді. Мамандығын өзгерткісі келетін адамдар үшін де өз пайдалы.
Табыс табуға ниеттілер «Менің жазғы демалысым» электрондық еңбек биржасындағы қосымшаға түйіндеме бере алады.
«Менің жазғы демалысым» бөлімі бойынша 14 жастан бастап білім алушылар платформаға тіркелу, жеке кабинетін құру, түйіндеме жариялау және қолайлы бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге мүмкіндік бар.
Заңгер Нұрбек Кенжебаевтан тақырып туралы мынандай ақпарат берді.
«Елімізде Заң бойынша кәмелетке толмағандардың оқудан бос уақытында еңбек шарты жасау арқылы, денсаулыққа зиян келтірмейтін, оқуын бұзбайтын жұмыстарды орындауға рұқсат етілген.
Құжат 14 жасқа толған кәмелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасы, қорғаншысы немесе асырап алушысымен жасалады.
Ал түнгі 22.00-06.00 аралығында, сондай-ақ зиянды, және қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауапкершілікті алуынаа, вахталық әдіспен және қызмет уақытынан тыс мерзімде жұмыс істеуге тыйым салынған.
16 жасқа дейін – аптасына 24 сағат, 16 жастан-18 жасқа дейін – 36 сағатқа дейін жұмыс істеуге болады. Олардың құқықтарын заң органдары қадағалайды. Сондықтан жұмыс беруші еңбек шартын жасауы тиіс», – дейді.
Табыс қайдан да табылады
«Өткен жылдан бастап үйдің жанындағы дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Көп нәрсе үйрендім», – дейді 10-сынып оқушысы. Салима Бекенқызы.
«Гүлбану деген танымал кәсіпкер келіншекті білемін. Айналымда миллиондаған қаржысы бар. Бірақ сол кісі ерте көктемде жалғыз ұлына пияз ектіреді. 9-сыныпта оқитын қызына сұлулық салоны жұмыстарын жасататын. «Екі балаға не жетпейді?» деп таң қалатынмын. Қазір қызы да үш-төрт бизнестің басын біріктіріп отырыған белгілі бизнесвумен. Ал алғашқы курста оқитын ұлының жеке көлігі, акцияға салған ақшасы бар. Бұл болашақты дұрыс болжаған қадам. Әркім қаржыны басқарып үйренуі керек», – дейді ата-ана Айғаным Көшерова.
«Әкемнің «Сендерді қалай асырап отқанымды білесіңдер ме?» деп міндетсінгенінен әбден шаршадым. Үш жыл болды, жұмыс істеп жүрмін. Бірінші көлік жуу орнында жұмыс істегенмін, сосын қытаймен бизнесті меңгердім. Қазір мобилографиямен айналысып жүрмін. Қимылдаған адамға жұмыс көп», – дейді Бақыт Ерболат.
«Еңбек – тәрбиеленің негізгі факторы. Бұрын оқушыларды сенбілікке, сыныпты тазалауға, еңбек сабағында түрлі бұйымдар жасауға қамтитын. Қазір олардың барлығы бала еңбегін пайдалану саналады. Балалар аулада ойнамайды, бақша екпейді, бір-бірімен араласпайды. Нәтижесінде ауруларға шалдығып, түрлі жетіспеушіліктен анықталуда. Менің ойымша, белгілі деңгейде ұл-қызымызды еңбекке тартуымыз керек. Еңбек шынықтырады, сенімділігін күшейтеді, денсаулығын нығайтып, дұрыс өмір сүруге дағдыландырады», – дейді ардагер-ұстаз Мәрия Жібекәлі. Осы орайда агротерапевт деген маман бары да ойымызға оралды. Көпшілік бұл туралы білмеуі мүмкін. Алайда қимыл-қоғалысы бұзылған балаларды еңбекпен тәрбиелеу ілімі қозғалыс, буын ауруларына көп көмегін тигізетін көрінеді.
«Баланың ерте бастан жұмыс істеуіне қарсымын. Халықаралық Еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 170 миллионға жуық жеткіншек ойын ойнайтын шағында жұмысқа жегіліп жүр. Қатарында өз еркімен, жүрек қалауымен жүргендер саналулы. Көбін әлеуметтік жағдай мәжбүрлеген. Ақша табу, өмірге бейімделу жақсы. Алайда бала ерте бастан ақшаға құнығудың да салдары болады. Жақсы істері үшін баланы ақша беріп ынталандыруға мүлде болмайды. Салдары ауыр болады», – дейді Айниет Ислам.
Көпшілік шоғырланатын саябақта назарымызға бірнеше жасөсіпім ілінді. Алғашқысы Әлия. 14 жасар қыз шар, ойыншықтар сатады. Алғашында ұялатын қыз бірер аптада үйренген. 12 жасар Назар әкесіне көмекші. Кәуап пісіруге жәрдемдеседі. Әзірге ақысыз жұмыс істеп жүрген жеткіншек өзін болашақ бизнесніне тәжірибе жинау үстінмдемін деп есептейді. Ал тәтті мақта сатып тұрған ағайындылар мен гүл саудасымен айналысып жүрген кішкентай қыз бізге пікір білдіруден бас тартты.
Олардың замандасы 14 жасар бала Ақдәулет Ердәулетовтің айлық табысы 1,5 миллион теңге.
«Әр парақшадан 100 мың теңгеден аламын», – дейді «Бизнес таңдау» парақшасына берген сұхбатында. Өзінің маркекторлог, смс маманы деп таныстырған ол адамдарға тұтуыншуы тартумен айналысытн саланы меңгеріп үлгерген. Қазір еліміздің әр өңіріндегі 6 аккаунтты жүргізуде. Қатарында қытаймен битнес, балалар киімідері, перде сауда нүктелерінен бөлек, әкесі ашқалы жатқан құс фабрикасы да бар.
Жұмысы ойынына әсер етпейді екен. Өзі құрған күнтізбеліке жоспарға орай күнделікті кәсібіне 2-3 сағатын арнайды.
Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзінде әр оныншы жасөспірім еңбекке араласуда. Халықаралық Еңбек ұйымы балалар еңбегін пайдаланудың артуы байқалғанын жеткізеді.
Қазір бизнесте бағы жанған балаларды әлем жұрты таниды. Марк Цукерберг 8 жасында бағдарламалауға қызықса, 12 жасында өз қосымшасын ойлап тапқан. 13 жасында мектеп компьютерін бұзып, кейіннен әлемге атақты өнертабысымен таныс Билл Гейтс ақша табу үшін мектебіндегі сабақ кестесінің электронды нұсқасының бағдарламасын жасаған. Оның бұл жұмысы 4200 АҚШ долларына саудаланған. Илон Маск 12 жасында өздігінен программалауды үйреніп, «Blastar» атты компьютерлік ойынды жасап, оны 500 долларға сатқан. 9 жасында миллиондарға ие болған Изабелла Баретт 6 жасында зергерлік бұйымдарын шығарған. Қазір жеке киім бренді бар.
Изабелланың жасында бағдарламаумен айналысқан Джордан Кисси 12-ге жеткенде танымал ойын қосымшасын жасап шығарған ІТ компаниясының иегері. Бұл мысалдар баланы дұрыс бағыттау арқылы нәтижелі бастамаға қол жеткізуге болатынын ұғындырады. Қазақстанда мектеп оқушысы айына 5 миллион теңгеге дейін қаражат табуына рұқсат етілген. Тек ол еңбегін пайдалану, ақшаға құнықтыру емес, болашақты жоспарлауға бағытталуы тиіс.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА