Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар еңбегіне бақылау керек

Балалар еңбегіне бақылау керек

Фото: gov.kz 
Балалар еңбегі әлем бойынша маңызды әлеуметтік мәселе болып отырғаны жасырын емес. Бала – болашақтың негізі, оның денсаулығы, білімі мен дамуы – қоғам дамуының кепілі. Әйтсе де олардың жасына сай келмейтін жұмыстарға тартылып, құқығы мен денсаулығына қауіп төніп жатқан жайттар аз емес. Мұндай көріністерге күнделікті жиі куә болып жүрміз. Әсіресе мұндай жағдайларды маусымдық жұмыстар кезінде жиі кездестіреміз. Алаңсыз асыр салатын шақта амалсыз жұмысқа жегіліп жатқандарды көргенде жаның ашып сала береді. Бірақ бәрінің емес. Өйткені баласының жазғы демалысын жайлы етуден гөрі өзіне жәрдемші болсын деп еңбекке еріксіз араластыратындар бар. Баланың еңбекке араласқаны дұрыс та шығар. Дегенмен олардың балалық шағы ұрланып жатқандығын ескеретіндер аз.
Қоғам талқысындағы тақырып аясында көпшіліктің пікірі қақ жарылады. Бірі – еңбек баланы шыңдайды, десе, енді бірі – оларды еңбекке етене араластырамын деп шектен шықпау керек дегенді алға тартады.

Психолог пайымы

Бұл тақырып аясында психологтардың өз пайымы бар. Психолог маман Айназ Нұғман баланы ерте жастан жұмысқа жегудің артықшылықтары болғанымен, кемшілігі де барын жасырмайды. Оның айтуынша, еңбекке ерте жегілген бала – ерте есейеді, балалықтан мақұрым қалады.
– Балалық шақ – адамның психикалық, рухани, физикалық дамуының негізі қаланатын уақыт. Бұл кезде бала еркін ойнап, білім алып, өзіне сенімді болып өсуі керек. Өз басым баланың еңбекке мәжбүрлі түрде қатысуын құптамаймын. Әрине баланың ата-анасына көмектесіп, ерікті түрде еңбекке араласқаны дұрыс. Бірақ ол ауыр, жүйелі жұмыс емес, жасына лайық қарапайым тірлік болуы керек. Дегенмен кейбір отбасыда бұл керісінше көрініс тауып жатыр. Өз тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген отбасыларда бала еркінен тыс еңбекке тартылады. Бұл – баланың құқығын бұзу болып табылады. Еңбекке ерте араласу көп жағдайда баланың денсаулығына, нақтырақ айтқанда, физикалық дамуының тежелуіне, психологиясына, сондай-ақ ой-өрісіне, ынтасына да кері әсерін тигізеді.
Біріншіден, ауыр жұмыс балалардың бойының өсуіне, бұлшық ет пен сүйек жүйесінің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді. Екіншіден, психологиялық жарақат алуына әкеп соғады. Еңбекке ерте тартылған бала өзін қоғамнан шет сезінеді. Осылайша күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ал үшіншіден, білімге ден қоймайды. Өзіңіз білесіз, жұмыс істеген баланың оқуға уақыты, ынтасы азаяды. Баланы еңбекке мүлдем араластырмау керек дегеннен аулақпын. Тек олардың жас ерекшелігін ескеріп, қабілетіне қарай икемдеуді үйренуіміз қажет, – дейді психолог маман.

Жасы жетпегеннің еңбегі – жасырын қылмыс


Бала – өмірдің гүлі, елдің болашағы. Бірақ қазіргі қоғамда осы болашаққа балта шабатын бір үнсіз, көрінбейтін, бірақ қауіпті мәселе бар. Ол – балалардың жасы жетпей еңбекке жегіліп, өз құқықтарынан айырылуы. Бұл құбылыс кейде «ата-анасына көмектесіп жүр», «жұмыс істегісі келді» деген сөздермен бүркемеленеді. Шындығында бұл – жасырын қылмыс.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша 16 жасқа дейінгі баланы жұмысқа тарту заңсыз. Тек 14 жастан бастап, ата-анасының рұқсатымен, денсаулыққа зиян келтірмейтін, жеңіл еңбек түрлеріне рұқсат беріледі. Алайда көп жағдайда бұл ережелер сақталмайды. Заң айналып өтіледі немесе мүлде ескерілмейді. Бұл – адам құқығын бұзу, әрі баланың болашағына қауіп төндіру.
Халықаралық еңбек ұйымы да «бала еңбегін баланың денсаулығына, дамуына, білім алуына кедергі келтіретін жұмыс» деп есептейді. Кейбір дамыған мемлекеттерде 15 жасқа толмаған балаларды ауыр жұмыстарға толық жұмыс күніне қызметкер ретінде қабылдайды. Осылайша, балалардың білім алуына кедергі келтіріледі.
«ҚР Еңбек кодексінің» 30-бабында тек 16 жасқа толған балалармен еңбек шартын жасасуға келісім беріледі. Бұл – қазақстандық балалардың мектеп бітіру жасымен есептелген. Ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен, сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

Қоғамға қандай қарекет қажет?

Баланың арманына қанат бітіру – ата-ана, мектеп, мемлекет, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір бала емін еркін ойнауға, өзі қалаған оқу орнында оқуға, дұрыс дамуға құқылы.
«Бала – еңбек күші емес, болашақтың иесі. Оның болашағын құрметтеу – бүгіннен басталуы керек», – дейді Мейірбек есімді азамат.
– Шыны керек, біз өз дәуірімізде еңбекке ерте араласу керек деген сөзбен ер жеттік. Тіпті өзіміздің қарым-қабілетіміз келмейтін жұмысқа да жегілдік. Өйткені сол уақыттағы жағдай солай болды. Жан бағып, нан табу үшін жас ерекшелігімізге қарамастан мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктеліп, әртүрлі жұмыс істедік. Сөйтіп көп нәрседен шет қалдық. Армандаған оқуымызды оқи алмадық. Ал қазір заман басқа. Меніңше, балаларға мейлінше еркіндік беру керек. Оларды ерте еңбекке жеккен дұрыс емес демеймін, бірақ бірінші олардың дұрыс жетіліп, өсуіне баса мән беру керек сияқты. Еңбекке қай кезде де араласып үлгереді. Сондықтан балаға еңбек емес, әуелі еркіндік беруіміз керек. Құлдық емес, қиял сыйлап, қанатын қомдауға қам жасауымыз қажет, – дейді ол.
Түйін: Қоғам да бала еңбегін бақылауда қалтарыста қалмауы тиіс. Ата-ана баланың басты міндеті – оқу, даму, демалу екенін түсінуі тиіс. Мектеп пен мұғалім бос уақытын бақылауға алуы қажет. Ал жұмыс берушілер заңды сақтап, балаларды жұмысқа алмауға міндетті. Қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдары мониторинг жүргізіп, заң бұзушыларға шара қолдануы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік бақылау күшеюі керек. Сонда ғана балалардың балалық шағы мен болашағы жарқын болмақ.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ



27 мамыр 2025 ж. 103 0

Мопед мінген осы деп...

27 мамыр 2025 ж. 424

Жаңашылдыққа бетбұрыс

27 мамыр 2025 ж. 112

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031