Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз өнімің өзегіңді талдырмайды

Өз өнімің өзегіңді талдырмайды

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалған осынау піл сауырлы далада алып кемедей комбайндардың астық жинап, диқандардың ісінен берекет тауып жүргені кім-кімнің де көңіліне қуаныш сыйлайтыны рас. Қарға миын қайнатар шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамай жұмыс істейтін олардың еңбегі ерлікпен пара-пар деуге болады. Әсілі, екі сөзін мақал-мәтелге айналдырып отыратын қазекеңнің «Еңбектің наны тәтті» деп тамсануының сыры осында жатса керек.
Қай кезде де еңкейгеннің еңсесін еңбек көтерген. Халықтың да тұрмысын жұмыс жақсартқан. Егемен елдің экономикасының қаз-қаз басып кетуіне де ауыл шаруашылығы саласының үлесі мол. Осынау байыпты да, берекелі сала Қазалы ауданы бюджетінің бүйірін томпайтып тұр десек, әсіре айтқанымыз емес. Сөзіміздің тұздығы болсын деп осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.
Мәселен, биылғы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласы 17790 гектар жерді игеріпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 435 гектарға ұлғайды деген сөз. Патша көңілді оқырманға түсінікті болу үшін осынау цифрларды тарқатып айтайық. Ерте көктемде өлкеміздегі 6800 гектарға күріш, 7477 гектар жерге дәнді дақылдар, 7422 гектар жерге мал азығындық дақылдары орналастырылған. Ал, 641 гектар жерге майлы дақылдар тасталса, 2250 гектар алқапқа картоп, көкөніс егіліпті. Көзделген меже бітік өссе, алтын күзде өзіміздің өнімге қарық боламыз деген ой да жоқ емес.
Жыл сайын өзінің қажырлы еңбегімен, тың бастамаларымен халықты таңқалдырып келетін «Рза-Агро» ЖШС ауданда тұңғыш рет 120 гектарға түйе жоңышқа, 50 гектарға судан шөбін, дәл сондай аумаққа сорго, 5 гектарға соя дақылын тастаған.
«Минералды тыңайтқыш – өнімдерді молайтқыш» екені хақ. Үстіміздегі жылдың егісі үшін барлығы 4594 тонна минералды тыңайтқыш қажет болса, бүгінгі күнге дейін оның ауданға 3922 тоннасы жеткізіліпті.
Бәрін айт та, бірін айт. Ең жақсысы күн көрісін күріштен айырған ағайындардың 4860 гектар жеріне үстеп қоректендіру, 550 гектар алқабына арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жасалынған. Сонымен қатар, егілген 600 гектар сүрлемдік жүгері дақылының 500 гектарына 1 рет култивация жүргізіліпті.
Айта кетерлігі, күтімге алынған 4210 гектар ескі жоңышқаның 600 гектары тұқымға қалдырылған. Бүгінгі таңда ораққа түсуі тиіс 3610 гектар түгелімен орылыпты.
«Ауылдастың аты озсын» дегенді берік ұстанатын халықпыз. Қайбір жылдары ауданның мақтанышына айналған «Сыр маржанына» Ираннан өкілдер келді, алдағы уақытта екіжақты келіссөздер жүргізеді дегенді қуана жазғанбыз. Осы орайда, аталмыш ұжым Иран мемлекетінде сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортын 25 гектар жерге ұлғайтып өсіруде. Тұрғындардың бәрі тұтынатын картоп дақылын серіктестік 20 гектарға еккен.
Иә, бүгінгі таңда кәсіп істеймін деген жанға мемлекеттің көмегі жетерлік. Оның ішінде ауыл шаруашылығында тынымсыз еңбек ететіндерге де жеңілдіктер қарастырылған. Осы бағытта 2018 жылы ауданда ауыл шаруашылық саласында мемлекеттік қолдауға байланысты субсидиялауға шаруашылықтардан минералдық тыңайтқыш пен сатып алынған тұқымға 23 өтінім қабылданып, мемлекет 115,1 миллион теңге беріп, қолдау жасаған екен.
Халқымызда «Еңбек еткен – мұратқа жеткен» деген тәмсіл бар. Ала жаздай машақатқа түсіп, маңдай терін төккен егіс пен бақша басындағы жұрттың көңілдегі межесін орындап, мұратына жетуіне біз де тілекшіміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ

24 шілде 2018 ж. 895 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930