Парықсыз қалжың немесе «Басқа пәле – пранктан»

Бүгінгі таңда бәріміз үшін «пранк» ұғымы жақсы таныс. Біреуді әдейі алдап, кейін күлкілі жағдайға қалдыру қазір жастар үшін сәнге айналған. Әуелгіде әзіл ретінде қабылданғанымен, қазір оның шекарасы бұзылып, адамның психологиялық күйіне, тіпті қауіпсіздігіне зиян келтіретін жағдайлар көбейіп бара жатқанын көз көріп жүр. Осындайда «парықсыз қалжың қоғамға қаншалықты пайдалы?» деген сұраққа жауап таба алмай сандалып қалатынымыз рас. Осы орайда, тақырып төңірегінде ой қаузап, қоғам пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.
Тақырыпқа бойламас бұрын, қолданыстағы бұл сөздің тарихына тоқталсақ. «Пранк» сөзі ағылшын тіліндегі «prank» сөзінен шыққан, мағынасы – қалжың, әзіл, біреуді әдейі алдау немесе күлкілі жағдайға түсіру дегенді меңзейді. Бұл сөз алғаш рет ағылшын әдебиетінде XVI-XVII ғасырларда қолданылған. Ол кезде де қазіргі мағынасына ұқсас «біреуді қасақана алдау арқылы күлкілі, беймаза жағдайға түсіру» деген мағына берген.
Бүгінде бұл сөз әсіресе ғаламтор мен әлеуметтік желілерде кең таралған – «пранк-видео», «пранк қоңырау» деген сөздермен қолданыста жүр. Яғни, біреуге ескерту жасамай қалжыңдап, оның реакциясын бақылау – пранктың басты мақсаты. Әйтсе де, о баста адамдарға күлкі сыйлау мақсатында пайда болған бұл ұғым қазір бастапқы мақсатынан алшақтап бара жатқандай. Оған өзіңіз әлеужеліде жиі кездестіретін қауіпті пранктар дәлел. Соңғы уақытта жастардың дені, дәлірек айтсақ кейбір блогерлер «қаралым» мен «лүпіл» үшін шектен шығып, түрлі әрекеттерге барып жатыр. Мысалы, жолда жүріп жатқан көлікті тоқтату, бейтаныс адамдарға шабуыл жасау, адамдарды қорқыту және тағы сол сияқты. Шыны керек, мұндай пранктарды әзіл деуге келмейді. Бұл заң бұзушылық пен адам құқығына қол сұғу болып табылады. Мұндай сорақы әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ бұған пранкерлер пысқырып та қарап жатқан жоқ. Өйткені қауіпке толы видео-пранктар әлеужеліде әлі де толастамай тұр.
«Пранк деп жүргендер түбі пәлеге тап болады» деген кент тұрғыны Айнагүл Меңдеш мұндай контенттерге тыйым керек дегенді айтады.
– Жалпы меңің түсінігімде «әзіл» деген дүние ешкімге зиян не зәбір әкелмейтіндей болуы тиіс. Ал қазіргілердің пранк деп атап жүргендерін қалжың деуге мүлдем келмейді. Адамды қорқытып, үркітіп, жылатып алып артынан "қалжың» деп ойнағандарын өз басым қисынсыз әрекет көремін. Әзіл деген ешқандай зілсіз болуы керек емес пе еді? Шыны керек, әлеужеліде де, өмірде де пранктың түр-түріне куә боп жүрміз. Бірақ соның соңын ойлап жатқан адам жоқ. Салдары күтпеген жағдайға апарса ше? Сондықтан парықсыз контент жасап, жөн-жосықсыз қалжыңдайтындарға қатаң жаза тағайындау керек, – дейді ол.
Жоғарыда пранктың түрлі формасы барын айттық. Сәйкесінше оның қоғамға зияны да түрліше көрініс табады. Яғни стрестен бастап физикалық қауіпке дейін. Пранк жалған ақпарат таратып, паникалық реакция тудырып қоймай, денсаулыққа айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін. Психолог маман Гүлназ Нағыметова да оспадарсыз ойын опа бермейтінін айтады.
– Әлеужелідегі барлық пранкты қоғамға зиян деуден аулақпын, әйтсе де кейбіреуінен зорлықты насихаттауды көремін. Бұндай бейәдеп пранктардың алдын алу үшін жастарға өзгелердің құқығын бұзуға болмайтынын және мұндай дискриминация немесе зорлықты насихаттайтын ойындар опық жегізуі мүмкін екендігін түсіндіру керек, – дейді психолог маман.
Психологтар «әзіл үшін адамға стресс түсіруге болмайды» деп ескертеді. Келесі адам әзілді қалай қабылдайтынын алдын ала болжау қиын, сондықтан пранктың мазмұны мен ауқымын мұқият таңдау керек. Қорытынды психологтар пранкты мүлде теріс көрмейді, бірақ оның адам психикасына зиян келтірмейтін, шектен шықпаған түрі ғана орынды дейді.
Кейбір пранктар шынымен де қызықты, зиянсыз болады. Мысалы, достар арасында кішігірім алдау операциясы, жасанды тосын сыйлар, әзіл-шыны аралас әрекеттер. Бірақ мұның да шегі болуы керек секілді. Өйткені қайсыбір пранк те адамның психологиясына кері әсерін беруі мүмкін. Психологтар солай дейді. Нақтырақ айтсақ, адам өзін пранк құрбаны сезініп, масқара болғандай күй күшеді. Стресстік жағдайға ұшырап, қоғамнан оқшаулануы да мүмкін. Мұндай белгілер көбіне жасөспірімдерге кері әсер етеді. Өйткені олардың психикасы тұрақсыз келеді. Өз-өзіне деген сенімділігі төмендеп, ұзаққа созылатын салдарлар тудыруы мүмкін.
Жалпы пранктың барлығын жаман деуге келмес. Оны шығармашылыққа балап, дұрыс бағытта алып жүргендер де бар. Әсіресе, жақсы жаңалықты бірден жария етпей, кішігірім тосын сый жасау арқылы жалпымен бөлісіп жатса, пранкты қалыпты қабылдайсың. Ондай қағытпа қалжыңдар адамның көңіл-күйін көтеріп, адамдар арасындағы эмоцияналды байланысты одан сайын күшейтіп жатады. Ал отбасылық, достық шеңберде жасалған пранктар адамдарды ортақтастырады. Әрине, бұл жақсы-ақ. Бірақ шектен шықса ол қауіпті ойынға айналмақ.
«Арзан күлкі – қуаныш сыйлағанымен, соңы қорқынышқа ұласуы әбден мүмкін екенін ескеруіміз керек» дейді Диас есімді азамат.
– Абай атамыздың өзі "Жастықта бір күлгенің – бір қаралық» демей ме? Бұл даналықты түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр. Яғни, қазір ештеңенің байыбына бармай, жастықпен орынсыз қалжыңға орын бергенімізбен ертең құнын төлеуімізге тура келеді. Қазір ештеңені түсінбеуіміз мүмкін, алайда тіршіліктің темірдей бұлжымас заңдылықтары бар екенін де естен шығармауымыз керек. Қысқаша қайырсам, иллюзияға ерік бермей, есті іс жасауға епті болайық, – дейді ол.
Иә, қисынсыз қалжыңдар кейде адамды қажытады. Дегенмен осындай оспадар қылжақ пен қауіпті ойындардың ешкімге опа бермейтінін ойдан шығармауымыз керек. Өйткені қисынсыз қалжың қылмыстық жауапкершілікті жүктейді. Қолданыстағы заң аясында – әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық), сондай-ақ қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша жазаға тартылуыңыз мүмкін.
Жоғарыда пранктың жарға жығуы мүмкін екендігін айттық. Дегенмен трендтен қалмайтын қаракөздеріміз мұны түсініп те жатқан жоқ. Олар қазір желіні жарсам, оқырман жинасам, танымал болсам деген тәрізді ойдың жетегінде жүр. Бәлкім бұл да дұрыс шығар. Бірақ қисынсыз қылжақ пен қазақы қалжыңның арасындағы айырмашылықты түсініп, арзан күлкіге алданбай, адами қарым-қатынас әдебінен аттамауға ұмтылу – бәрінен бірінші тұру керек екенін түйсінуіміз қажет-ақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ