Күлпәш пен Шімәнді, үлгі ету күмәнді

Әртіс болған соң кез келген образды сомдау әбестік емес. Оны көзіқарақты көрермен де жақсы біледі. Әттеген-ай дейтін тұсы әйел рөлін ойнайтын ер азаматтардың кейбір қылықтары көңіл қынжылтады. Көрерменді күлдірсем болды деп олпы-солпы киініп, жалбыраған шаш жалғап, сахнаға жүгіре шығатындары шымбайға тиеді. Әйел атаулының бәрі «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» көкдолы еместігінде ескермейді. Нәзік жандының кейіпінде екенмін деп шабалаңдап ұрысып, жағымсыз дауыс салып, даурығып тұрғаны. Рөлді осындай әдепсіз қылықтарсыз-ақ қызықты етіп алып шығуға болмайды ма? Төрт-бес минуттық қойылымдардан бөлек, қазір қазақша фильмдердің бірқатарында «әйел-еркекті» көресіз. Оларға не жорық? Әйел рөлін сомдайтын әртіс қыз-келіншектер құрып қалды ма, әлде олардың таланты ерлердікінен асып түсе алмайды ма?
Бұдан бөлек комедиялық жанрда түсірілген қазақша сериалдарда мұғалімді келемеждеп көрсету де көп кездеседі. Ұлағатты жанға баланған ұстаздың бетін тыжырайтып, белін бүкірейтіп, одан қалды көзіне бетінен екі есе үлкен көзілдірік кигізіп қоятынына таңым бар. Қанша жерден күлкілі сериал десеңіз де мәртебелі мамандық иелерін көрерменге былай көрсету әбестік.


Дінтанушы мамандардың айтуынша: «Дінімізде ер адамның әйел кісіні немесе әйел адамның ер кісіні ойнауы дұрыс емес. Шариғат бұған тыйым салған. Өйткені Пайғамбар әйелге ұқсаған ер адамды, еркекке ұқсаған әйел адамды Алла Тағала лағынеттейтінін айтқан. Сондықтан қандай ниетте болсын, мейлі шынайы емес, ойын немесе рөл ретінде ойнаса да болмайды. Сол сияқты шайтанның, кәпірдің, Пайғамбарлар мен сахабалардың да бейнесін келтіруге болмайды делінеді. Тағы бір айта кететін жайт, құлшылықты да жай ойын түрінде көрсету сол ғибадатқа деген құрметсіздікті білдіреді. Ең бастысы, бұл жерде өтірік алдау бар. Ал дінімізде «Бізді алдаған бізден емес» деген сөздер барын есте ұстаған жөн», – дейді олар.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА