Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » "Тұрсынбек Қабатов пен Есен Елеукендікі енді таза нан бөлісе алмау" Уәлибек Әбдірайымов Тұрсынбек Қабатовқа өз ақылын айтты

"Тұрсынбек Қабатов пен Есен Елеукендікі енді таза нан бөлісе алмау" Уәлибек Әбдірайымов Тұрсынбек Қабатовқа өз ақылын айтты

"Шаншар" әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов "Көңілді тапқырлар алаңы", Тұрсынбек Қабатов пен Есен Елеукен арасындағы тартыс, Тұрсынбектің асаба ретінде алатын гонорарына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Бірде мені іздеп бір жапон келді. Қасымда екі күн жүрді. Айтқанымның бәрін ұйып тыңдап, жазып алды. Ол қазақы қалжың не дегенді сұрады менен. Содан айттым, қазақта балдыз бен жезде, қыз бен жігіт арасында қалжың болады деп бәрін ежіктеп айтып бердім. Одан соң қазақта: «Жарасса атаңмен ойна» деген сөз бар дедім. Ол қатты таң қалып, жер астынан жеті қоян тапқандай риза болып кетті.
Сөйтсе олар өз тектерін қазақпен байланыстырады. Генетикалық тұрғыда жақынбыз, сондықтан бізді зерттеп жүр екен. Ал өз қалжыңдары тоқырауға ұшыраған секілді әлгі жапонның айтуынша.
Ал ана Тұрсынбектің КВН деп жүргендері осы стандартқа, осы сұрауға жауап бере ала ма? Ұлттық қалжың деп оны мақтанып сырт елге көрсете аламыз ба? Әрине, жоқ. Ол орысшадан аударылған жоба емес пе? Ол сол бойынша жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ол мемлекеттік дәрежеге көтеріп тастайтын шаруа емес. Министрдің өзі тізгіндеу керек оларды. "Мына көрсетіп жатқандарын ұлттық менталитетке келіп тұрған жоқ" деп айтуы керек. Қазақтар қалжыңымен ұялтып тастайды адамды. Ал бұл арада ұялатын түк жоқ, керісінше күлдіре алмай жатқандарына, тайыз қалжыңына өзің ұяласың қарап отырып",
- дейді Уәлибек Әбдірайымов мемлекеттік тараптан қолдау тауып жүрген КТА секілді өнерпаздар қауымының өнеріне берген бағасында.
Ал Тұрсынбек Қабатов пен Есен Елеукеннің бір-біріне ұқсас жобаны тізгіндеп, өзара қырын болуы себебін Уәлибек Әбдірайымов тек ақшаға әкеп тірейді.
"Тұрсынбек Қабатов пен Есен Елеукендікі енді таза нан бөлісе алмау. Әйтпесе Қабатовтың "Әзіл әлемі" өз басына былай жетеді. Есен Елеукен ағасы емес пе, жолын берсін. "Аға, мен де сырттай қолдап, жюриге қатысып, көмектесейін. Сізден шыққан мықтыларды "Әзіл әлеміне" тартайын" десе, оны түсінуге болады. Жалпы, Жайдарман, КТА, "Әзіл әлемі" дегеннің бәрінен, өз басым, ешқандай айырма көріп тұрғаным жоқ, тек атаулары болмаса. Негізі, елді ақымақ қылмай, сол бір-біріне ұқсас көп жобаны бір жоба қыла салуы керек Тұрсынбекке. Өйтіп елді ақымақ санамасын. Одан соң қасына жинаған соң өзінен де мықтыларды жинауы керек еді", - дейді ол бұл реттегі сауалға жауабында.
Тұрсынбек Қабатов асабалық қызметі үшін қымбат ақы алуын Уәлибек Әбдірайымов қолдайтынын айтады. Оның айтуынша, бұл арада кінәні Тұрсынбектен емес, сол ақшаны төлеп жүргендерден іздеу керек. .
"Тұрсынбек дұрыс істеген. "Мені тойға шақыра береді, бірақ мен тойдан гөрі сахнамды жақсы көремін, соған адал болғым келеді. Сол себепті тойға қымбат гонорар қойып қойдым" деген өзі. Енді "Аздан шақырсын немесе мүлде шақырмасын" деп отыр ғой ол. Онысы дұрыс. Қайрат Нұртастарға қарағанда Тұрсынбек дұрыс істейді. Қазір ақшасы қалтасына сыймай жүрген ақымақтар көп. Несі бар, жалдап жатса барсын тойға.
Одан соң ақшаны шын маңдай терімен табады ол. Өйткені тойдың басынан аяғына дейін қатысады, жанды дауыста тоқтамай сөйлейді дегендей. Ал оның жанында сондай ақшаға тойға Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Әбдіжаппар Әлқожа тағысын тағы басқа әншілер барады. Ал олар жанды дауыста ән айтпайды, фонограммамен аузын жәй жыбырлатып кетеді. Өзі жалғыз болса жақсы ғой, 3-4 қосшысын қасына ертіп алады. Оларға да ақша төлейді. Анау-мынау емес люкске жатады. Дискетін қоятын адам таппағандай соны да ертіп алады әншілер. Соларға ақша төлеп жүрген байшікештерге де обал жоқ. Енді олардың жанында Тұрсынбектікі - таза еңбек", - дейді "Шаншар" әзіл-сықақ театрының басшысы.
kaz.zakon.kz
26 қыркүйек 2019 ж. 145 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930