Барлаушы Сағымов

Соғыс және еңбек ардагері Орналы Сағымов 1925 жылдың 20 наурызында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында Андреев колхозында дүниеге келген. Отбасының тұңғышы жасайтынан ізінен ерген Айсұлу, Айкүн, Сәрсембай, Аманкүл, Қалыбек бауырларына қамқоршы, ата-анасына қолғабыс болып өседі. Орналы әпкесі Күмістің тәрбиесін алады. «Қызыл балықшы» колхозының төрағасы, облыстық кеңестің депутаты, Орталық партия комитетінің съезіне делегат болып Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін М.И.Калинин өзі омырауына өзі таққан көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты жан болады.
Орналы орта білім алған соң, колхоз жұмысына белсене араласып, жауапкершілік жүгін ерте сезінеді. Еңбеккер жастың көкейіндегі «жоғары білім алып, халқыма қызмет етсем» деп ұялаған үкілі үмітін соғыс өрті тас-талқан етеді.
1943 жылдың қазан айында, 18 жасар бозбала әскер қатарына шақырылып, ауылдан майданға аттанады. Алдымен Самарқан қаласындағы Орталық-Азия әскери басқармасының ойын-жаттығу орталығында алты ай оқу-жаттығу мен машықтанудан өтіп, соғыс техникасы мен түрлі тактикаларды игеру тәсілдерін үйреніп, саяси, әскери қабілетін шыңдайды. Курстан соң жоғары қолбасшылықтың бұйрығымен, 1943 жылы майдан даласына аттанып, Екінші Белорусь майданына қарасты жауынгерлік полктің барлау взводына жұмылдырылады. Әйгілі генерал Н.Ф.Ватутиннің дивизиясы құрамында Белорусь жерін жаудан толық азат етіп, одан әрі, «Курск доғасы» деп аталатын маңдағы алапат шайқасқа қатысады. Барлаушы үшін көзінің көруі қажет етіледі. Ал көкірек көзінің ашық, кез-келген жағдайда тез әрі тиімді амалға көшу мен оны жүзеге асыру одан да маңызды. Яғни мұндай епті, икемді, батыл, әркетшіл болуы шарт. Тұтас жүйедегі әскери іс-қимыл жоспары дәл осындай жандардың тікелей әрекеті арқылы жүзеге асады. Орналы да талай рет бөлімшесімен бірге қарсыластар тылына өтіп, олардың әскери амалдарын ұтырлықпен ұғынып, техникалары мен құрама ораласқан жерді дәлме-дәл картаға түсіріп, әскери штабқа тапсырады.
277-полк әскері кезекті бір барлау тапсырмасын атқару барысында, тапсырманы орындап, өз бөліміне қайтып келе жатып, немістердің тосқауылына тап болады. «Соғыста ерлікті ешкім әзірлеріп жасамайды. Өз бойында жауапкершілік бар әрбір жауынгер қандай жағдайда да соңғы демі қалғанша, қасқайып қарсыласады» дейтін өз сөзінде. Жау күші басым болғанына қарамай, санаулы қалған сарбаздар бар күш жұмылдырады. Сол жолы жақын жерден жарылған минаның жарықшағынан аяғынан ауыр жарақат алады. Қан-жоса болған киіміне окоптың салқын сызы қосылып, қарығанына қарамай, еңбектеп алға қарай ұмтыла береді. Осындай жанкештілікпен қажетті мағлұматты анықтап, командирге жеткізеді. Шайқаста көрсеткен ерлігіне орай О.Сағымов сол жолы «Барлау ісінің үздігі» медалімен марапатталады. Шаттық пен қуаныш кезек келетіні – өмір заңы. Мақтаулы марапатты жауынгер Болезино қаласындағы әскери госпитальда естиді. Ұзақ емделгеніне қарамастан, аяғы жарамсыз болып, кесіледі. Жігітті тәніне түскен сызат емес, кеудесінде алып ұшып, ел қорғауға бағытталған жолының дәл осы жерде аяқталатыны жасытады. Әскери-медициналық комиссия шешімімен бірніші топ мүгедегі деп танылған ол 1944 жылы елге қайтарылады.
Туған жерге келген соң да тұрмысы тұралаған елді қайта қалпына келтіруге атсалысады. Андреев қолхозында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» девизімен құрылған комсомол-жастар бригадасына колхозшы болып қабылданады. Сол жылы Қаракөл ауылдың кеңесінің хатшысы, 1949 жылы аудандық партия комитетінің ұсынысымен М.Горький атындағы мектептің аға бухгалтері қызметін атқарады. Бұл қызметті 1950 жылға дейін абыроймен атқарған әкеміз одан әрі Андреев колхозына есепші болып бекітіледі. 1951-1952 жылдары Қазалы аудандық атқару комитетінің азық-түлік дайындау бөлімінің басшысы, аудандық жоспарлау бөлімінің аға маманы, 1952 жылдан бастап аудандағы «Октябрь», Абай, Аманкелді атындағы колхоздар мен 22 партсъезд, Карл Маркс, Қызыл-Ту атындағы совхоздарда бас бухгалтерлігін жауапкершілікпен атқарады. 1959-1968 жылдары Қазалы балық зауыты, ХХІІ партсъезд совхозы, Карл Маркс совхозында бас есепші болады. 1968-1970 жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тексеру бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылайды. 1971-1986 жылдары Қазалы аудандық «ДЭСУ-372» мекемесі, Жаңақұрлыс совхозы, Қазалы стансасындағы қосалқы бөлімінде есепші, бас есепші болып ауыл шаруашылығын өрістетуге өлшеуіз үлесін қосып, ел экономикасын нығайтуға атсалысады. 1975 жылы құрметті еңбек демалысына шығады.
Қандай қызмет тұтқасын ұстаса да, адамгершілік, ісіне адалдық, жауапкершілік жүгін бәрінен биік қояды. Өз саласының өркендеуіне ізденіс імен жаңашылдығын қосып, кадрлар мектебінің қалыптасуына ұйытқы болады.
Майдангерге І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Жеңістің 30, 40, 50 жылдығы, «КССР қарулы күштеріне 70 жыл» мерекелік медальдары табысталады.
Жары Нәзен екеуі үш ұл, тоғыз қызды өмірге әкеліп, үлгілі тәрбие, жоғары білімді азамат болуына жол нұсқайды.
Жетпіс жылдық ғұмырында Орналы Өмірзақұлы тұлғаға тән қасиетімен өзінің тағылымын көрсете білді. Кешеге көрініс, бүгінге мұра болған ерлік те, елдік те ешқашан ел жадынан өшпейді. Осындай Қазалының қайсар ұлы, майдангер әке ұрпағы болғанды мақтан тұтамын.
Алтын ОРЫНАЛИЕВА,
майдангердің қызы