Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс көктемінің куәгері

Жеңіс көктемінің куәгері

Ұлы Жеңістің 80-ші көктемін де тойлауға санаулы күндер қалды. Қазіргі бейбіт заманды сыйлау мақсатында көз-жас пен қанға толы жан берісіп, жан алысқан сәтте жеңісті жақындатқан әрбір азаматтың алдында бас иеміз. Бүгінде олардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады.
Сыр өңірінен қиян-кескі ұрысқа аттанғандар жетерлік. Сондай азаматтардың қатарында қазалылық Ұлы Отан соғысының еңбек және теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінің ардагері – Кәрмен Мүсірепұлы да бар.
Ол 1925 жылы Қазалы ауданына қарасты «Жданов» колхозы №11 ауыл советте дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте Кәрмен небәрі 16 жаста болған. Оның бозбалалық дәурені аса ауыр жағдайда өтті. Сол шақта батысты соғыс өрті шарпып, жойқын лебі шығысына да жеткен еді. Қазалылық қайсар жауынгер 1943 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Қиыр шығыс әскери округінде дайындықтан өтеді. Мұнда байланысшы-телеграфист курсын бітіріп шығады.
Кәрмен Мүсірепұлы Ұлы Отан соғысында империалистік Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, көзсіз ерлік көрсетеді. Осы майданда Манчжурия аймағындағы қалаларды азат етудегі үлесі зор. Қанды шайқаста 1943 жылдан 1948 жылға дейін жауға тайсалмай қарсы тұрды. Отан алдында әскери қызметін адал атқарып, елге ораларда кіші сержант дәрежесіне көтерілген-тін.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін бірнеше медальды кеудесіне ілді. Атап айтқанда, «Соғыстағы ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарын омырауына таққан.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі – мемлекеттік награда. Қазалылық жалынды жасқа неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында командалық жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін КСРО Кеңес мемлекетінің жауларымен ұрыс қимылдарының сәтті өтуіне ықпал етіп, өмірге қауіп төндіретін шебер іс-әрекеттері үшін беріледі. Медаль туралы ережеде: «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Жұмысшылар мен шаруалар Қызыл Армиясының, Әскери-теңіз күштері мен шекара күзеті әскерлерінің қатардағы, командалық және командалық құрамының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен шаруалар Қызыл Армиясы, Әскери-теңіз күштері мен шекара күзеті әскерлері қатарында емес адамдарға беріледі. Кеңес мемлекетінің жауларына қарсы күресте олардың өміріне қауіп төндіретін шебер, бастамашыл және батыл іс-әрекеттерімен майдандағы ұрыс қимылдарының сәтті өтуіне ықпал етті» делінген.
Жапондықтардың жеңілісіне қатысушыларды марапаттау Квантун әскерінің 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларында жарлықпен КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1945 жылы 30 қыркүйекте "Жапонияны жеңгені үшін" медалі құрылды. Бекітуге медальдың 4 жобасы ұсынылған.
Соғыстан кейінгі уақытта 30 жыл бойы Қазалы станциясындағы теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінде қызмет етіп, өмірінің соңына дейін зейнетке шығып еңбектен қол үзбейді.
1965 жылы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 20 жыл», 1969 жылы «КСРО қарулы күштеріне – 50 жыл», 1970 жылы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 25 жыл» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін де Кәрмен еңбекке белсенді араласады. 1948 жылы Қазалы станциясындағы теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінде қызмет атқарып жүріп, аға сержант лауазымын иемденеді. Қызмет жасаған жылдары атына ешқандай кір келтірмей, адалдығымен көзге түскен.
Теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінде қызмет атқарып жүргенінде КСРОІІМ – «15 жыл қалтқысыз қызметі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл», КСРОІІМ – «20 жыл қалтқысыз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Күш-қуаты тасып тұрған азамат соғыстан кейін тыл ардагері Ақсары Мыршаевамен бас қосады. Ерлі-зайыптылардан 1 ұл, 5 қыз өрбиді. Бұл күні осы ұл-қыздарынан 18 немере, 19 шөбере бар.
Қазір Қазалыдағы Жеңіс паркінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазалылықтарға арналған ескерткіш мәрмәртасқа есімі жазылған. Ерлікпен қаза тапқандарға арнап, мәңгілік алау оты жанып тұр. Әр мереке сайын Жеңіс күні Кәрмен Мүсірепұлының ұрпақтары ел батырын еске алып, дұға бағыштайды.
Кәрмен тірі кезінде 1972 жылы Теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінен құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбек демалысынан кейін де бар күш-жігерін ел дамуына жұмсады. Алайда соғыстан алған жарақаттары сыр беріп, небәрі 54 жасында бұл фәнимен қош айтысты.
«Жақсының аты өлмейді» деген бар. Өйткені ол өнегелі істерімен халық жадында, балалары мен ұрпақтарының, бауырларының жүрегінде мәңгіге сақталады. Сол сұрапыл жылдардың куәгерлері болған қарттардың елдік пен ерлік қасиетін құрметтеп, ұлағаттау басты міндет. Кәрмен көзінің тірісінде әділ де, шыншыл адамгершілікке толы қасиетімен елге сыйлы болды. Бұған қоса мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы және батырлығы ұжымдастары арасында айтылып, халқының қошеметіне бөленген жан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

28 ақпан 2025 ж. 85 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31