Семей полигоны – шерлі шежіре

Шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, бұл күннің адамзат тарихындағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ Семей сынақ полигонының зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерге аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың «Алғыс хаты» мен арнайы сый-сияпаттар табыстады. Жиында ядролық қару сияқты алапат күштің зардабын көріп дүниеден өткен арда азаматтардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Одан соң «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің аудандық өкілі Өмірбек Күлімбетов сөз сөйлеп, тарих парағына өшпестей із қалдырған ядролық сынақ зардаптарынан сыр тартып, еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі. Жалпы бұл күн қандай күн еді?
1947 жылдың тамызы. КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «No2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жыл, 29 тамыз. Сағат таңғы 07.00. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді. Жалпы ядролық қарудың пайда болуы адамзат тарихындағы елеулі оқиға. Ғылым мен технологияның дамуы тек тұрмыстық салада ғана емес соғыс пен қару-жарақ өндірісінде үлкен төңкеріс алып келді. Жаппай қырып-жою қаруы ресми 1945 жылы пайда болды. Сол жылы 16 шілдеде АҚШ-тың Нью-Мексико штатының Аламогордо даласындағы әскери полигонда адамзат баласының тарихындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өтті. Тіпті бұл қарудың адамзатқа қарсы пайдаланылуы да сол жылы, яки 1945 жылы 9 тамызда АҚШ-тың ұйымдастыруымен Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында тіркелді. АҚШ-тың ізін ала Кеңес Одағы (1949 жылы 29 тамыз), Ұлыбритания (1952 жылы 3 қазан), Франция (1960 жылы 13 ақпан), Қытай (1964 жылы 16 қазан), Үндістан (1974 жылы 18 мамыр), Пәкістан (1998 жылы 28 мамыр) ядролық қаруды сынақтан өткізді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ядролық қару-жарақ түрлері мен оның санын ұлғайту, қарудың мүмкіндігін көрсету мақсатында түрлі сынақтар өткізу бағытында АҚШ пен КСРО арасында үлкен бәсеке орнады. 30 жылға жуық уақыт бойы державалар өздерінің ядролық әлеуетін көтеру мақсатында елдің жалпы ішкі өнімінің 30-40 процентін қару-жарақ өндіру саласына бағыттады. Бұл экономикалық тұрғыдан да ауыр зардаптарға алып келді. КСРО экономикасының әлсіреп, күйреуіне де осы фактор әсер етті деген тұжырым бар. Екі блоктың арасындағы осы тайталас адамзат өркениетінің болашағына үлкен қатер төндіріп, екі тараптың өзара консенсусқа келуімен аяқталды. Бүгінде әлемдегі ядролық-державалардың саны ресми бесеу. Олар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Ал Үндістан, Пәкістан, Израиль ресми мойындалмаса да, іс жүзінде ядролық арсеналға ие деп саналады. Әлемдегі ядролық қарудың 90 проценттен астамы АҚШ пен Ресейге тиесілі.18 миллион гектар жерді алып жатқан Семей полигоны 1991 жылы 28 тамызда ресми жабылды. Аталған полигонда 40 жылдан астам уақыт бойы Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан мыңдаған есе қуатты жарылыстар болып, сол жердің табиғатына, адамдарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді. Сол үшін ядролық қарудан бас тартудың моральдық себептері де маңызды. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына байланысты алып мемлекеттердің елдің қауіпсіздігіне кепілдік міндетін алу да ұзақ дипломатиялық келіссөздер мен табанды талаптың нәтижесінде мүмкін болды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеп, құжатқа қол қойды. 1991 жыл. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына мәңгілік жазылмас жара қалдырды. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ