Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұлғаға арналған тұғыртастар

Тұлғаға арналған тұғыртастар

«Сәулет – таспен жазылған құдіретті музыка» депті танымал неміс ақыны. Сәулет өнері жай бейнені ұқсату ғана емес, сол халықтың болмысына сай дүниетанымын, қоғамдық рөлін, тарихи кезеңді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу құралы. Ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы қазақ сөзінің баламасына айналған. Оның шығармаларындағы саяси, ағартушылық, философиялық ғибратты үлгі еткен есімін бүгінде әлем жұрт жақсы таниды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жалпыадамзаттық идеяны санаға сіңірген кемеңгердің әлемдік мәдени кеңістікте орны биік. Бүгінгі таңда әлемнің бірнеше мемлекетінде Абай ескерткіші бар. Айтулы дата қарсаңында соларға шолу жасауды жөн санадық.
Ұлт мақтанына арналған ескерткіш орнату ісін қолға алу өткен ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Сол кезде еліміздің бас қаласындағы Достық даңғылы, Абай алаңынан орын тепкен ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарындағы монументтік өнер құрылысымен ажарланады.
ҚазКСР Үкіметі 1938 жылы Қазақстанда ақын Абай, Ұлт-азаттық көтеріліс басшысы Амангелді Иманов және Азамат соғысының батыры Василий Чапаевтың ексерткіштеріне конкурс жариялайды. Мәскеуде өткен жоба жарысында ең қатал іріктеуден өткен 16 конкурстық жұмыс арасында ең шығармашыл деп танылғаны Абай біз көріп жүрген таспен қашалып жасалған бейне.
Алғашқыда сол орындағы Мәдениет сарайының алдында отырғызылған саябақ ағаштарының арасында тұруы үшін ескерткіш тұғыры төмен етіп ойластырылады. Алайда бұл жоба іске аспайды.
Үздік жұмысты жасап шығу қазақстандық ісмер Хакімжан Наурызбаевқа тапсырылады. Мүсінші ескерткіш жұмыстарына кіріспес бұрын Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Абай елі Шыңғыстауға барып, ақын туралы мағлұмат жинаған. Көз көргендердің айтуынша, жұмысқа жазушы бірнеше рет өзгеріс енгізген деседі. Қазақстандағы тұңғыш кәсіби мүсінші Абай бейнесін ұлтқа ұсынарда көркем бейнелілік пен кейіпкердің жан-дүниесін психологиялық тұрғыдан терең ашуға ұмтылады. Шығарамашылық ізденіс нәтижесінеде қазақтың бас ақыны, ойшылы және ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлғаның терең ойлы бейнесі сомдалады. Ескерткіш тұғырын сәулетші Иван Белоцерковский қызыл гранитпен қаласа, Мүсінші Х.Наурызбаев бейнесін қоладан құяды. 1960–1961 жылдары орнатылған ескерткіштің биктігі 14 метрге жетеді.
Бір қолымен кітап, екіншісімен иығына жамылған шапанын ұстап тұрған дана өнер білімнің бәсі қашан да жоғары екендігін ұқтырып, сеніммен алға жылжып келе жатқандай ойды ұғындырады.
Ескерткіш Алматының өзіндік визит карточкасы болып табылады. Қалада ескерткіштердің көптігіне қарамастан, бұл ескерткіш келушілер үшін ең танымал, сүйікті әрі маңызды орын саналады.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өмірлік философиялық астары бар жыр жолдары жазылған гранитті Абай ескерткішінің бірі ақынның туған жері Семей қаласынан орын тепкен. 1972 жылы ашылған бұл ескерткіштің авторлары – мүсінші Дмитрий Элбакидзе, сәулетші Андрей Шингарев.
1995 жылы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңыда бой көтереді. Кешеннің құрылысы 1993 жылы басталған. Жоба авторлары –КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, Жапония мен Болгариядағы халықаралық конкурстардың лауреаты Бек Ибраев бастаған сәулетшілер.
Мемориалда ұлттық терең дүниетанымдағы дәстүрлі космогониялық түсініктер үш деңгейге тоғыстырылған. Ұзындығы – 200 метр болса, ені – 65 метр және биіктігі – 5 метрді құрайды. Абай мен Шәкәрімді жерлеу қабірлері арасы – 140 метр.
Кесенелер бір-бірінен қасбеттің пластикасымен және күмбездердің аяқталуында мұнара тәрізді пішіндер бедерленген. Абай мұнарасының биіктігі – 32,5 метр болса, Шәкәрім мұнарасының биіктігі – 31,5 метр. Негізгі кіру порталы арқылы, келуші ұзын жер асты өткелі арқылы амфитеатр аренасының жылтыратылған қара еденіне кіреді, онда тек аспан мен жоғары көтерілетін баспалдақтар бар. Амфитеатрдың диаметрі – 36 метр. Қабырғалар мен өтпелі беттердің бетінде қасиетті пайғамбарлардың тоқсан тоғыз есімінің суреттері ақ әктастың бойымен кесілген. Кесенелердің іші мәрмәр мозаика техникасымен қаланған.
Жалпы композиция төрт бұрыштық мұнарамен аяқталған. Мемориалдық кешен-сәулет пен тарихтың бірегей объектісі. Ол Қазақстанның рухани киелі жері болып табылады.
Елімізде Абай мен оның туыстарына арналған мүсін жұмыстары да бар.
2019 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбаевқа арнап ескерткіш орнатылған. Мыстан құйылған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Аталған ескерткіш 1851 жылы Құнанбай салдырған мешіттің қасында ашылған. Оның авторы – Сәкен Дәулетбаев. Ескерткіш ақынға құрмет көрсетумен бірге үлкенді ұлықтау, Құнанбай Өскенбайұлы сынды тарихи тұлғаның жолын насихаттау, отбасы бірлігін сақтау сынды ұлттық ұстанымды ұғындыратын терең танымдық түсінікке жетелейді.
2020 жылы Семейде Абай Құнанбаевтың балаларымен – Ақылбай және Төреғұлмен бейнеленген «Ұлы ақын Абай балаларымен» атты ескерткіш мүсінделді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 2021 жылы Германияның астанасы Берлин қаласында Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті. Мүсінінің авторы –Болат Мекебаев.
2006 жылы Ресей астанасы Мәскеу қаласының «Чистые пруды» бульварындағы Қазақстан елшілігі маңайында Абайға арнап ескерткіш ашылған. Биіктігі 2 метр 60 см болатын ескерткіш ғұламаның 160 жылдық мерейтойына арнап орнатылған. Авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
Қазан қаласында да Абай ескерткіші бар.
Ирандағы Абай ескерткіші 2007 жылы 5 қазанда Иран ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі бас аллеяға орнатылған. Ескерткіштің бұнда орнатылу себебі Иран ұлттық кітапханасымен арадағы берік мәдени байланыс негізінде жүзеге асқан.
2009 жылы Өскемен қаласында бой түзеген Абай ескерткішін мүсінші Ескен Сергебаев және Бақытжан Әбішев дайындаған.
2010 жылы Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан ҚР Туризм және спорт министрлігінің алдында Абай Құнанбайұлына арнап ескерткіш орнатылды. Жалпы биіктігі –14 метр. Мүсіннің биіктігі – 7 550 метр. Авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов.
Ақынға құрмет көрсеткен елдердің бірі туыстас Әзербайжан халқы. Абай ескерткіші 2011 жылдың мамырында Баку мемлекеттік университеті маңындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орталықтың ашылуына орай орнатылған. Мұнда Абай атындағы көше де бар. Аталған орталықта қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті және тарихымен танысуға мүмкіндік жасалған.
Өзбекстанның астанасында Абай ескерткіші 2013 жылы ашылған. Тастұғыр Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі Абай көшесіне орнатылған. Ескерткіш авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Бейне еңселі, асқақ түрде сомдалған. Биіктігі – 9,2 метр.
Бір жылдан соң Бейжің қаласына Абай өнегесі насихатталған. 2014 жылы бой көтерген сәулетті туындының авторы – Юань Сикуньн. Автор ұсынысымен ескерткіш «Цзинтай» көркем музейінде орнатылған.
Абай бьюсі Венгрияда да бар. Будапешт қаласындағы ақынға лайықты құрмет дәл сол жылы қаладағы Астана көшесіне қойылған. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі – 1070 миллиметр, ені – 900 миллиметр.
Францияның Ренн қаласындағы Абай ескерткіші 2016 жылы бой көтерген. Дәл сол жылы Абай бюсті Каирде де қойылды. Қаланың орталық саябақтарының бірінде орнатылған. Ескерткіш Қазақстанның Каирдегі Елшілігінің қолдауымен мысырлық меценат, Қазақстан мен Мысыр достығы ассоциациясының мүшесі доктор Хусейн Әл-Шафиидің қаражатына қойылған. Авторы белгілі мысырлық скульптор Усама Әл-Серуи.
2018 жылы Ақтау қаласындағы «Абай» атындағы мәдени демалыс кешенінің алдынан ғұламаға арнап ескерткіш мүсінделген. Оның биіктігі – 5 метр.
Биіктігі 7 метр болатын Абай ескерткіш ашылуы 2019 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында болған. Жұмыс Тарбағатай өңірінің тумасы Әлібек Шоқановтың қолынан шыққан.
Әл-Фарабидің 1150 жылдық және Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада Түркияның Анкара қаласында «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылу салтанаттары өтті. Абай мүсіннің сәулетшісі – қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров.
2022 жылдың маусымында Үндістанның Нью-Дели штатының Сан Мартин скверінде Абай ескерткіші қойылды. Мүсінші Болат Құсайынов жасаған биіктігі бір жарым метрлік бейне қоладан құйылған.
1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.
1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.
Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе берілген. Сонымен бірге Лондон, Киев, Берлин, Душанбе, Ташкент, Бішкек, Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ақын атауын алған көшелер бар. Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен.
Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында Сингапурда, Болгарияда, Мажарстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Пәкстанда, Эфиопияда, Чехияда, Мажарстан, Оңтүстік Корея Республикасы, Франция, Түркия, Өзбекстан, Мысыр, Ресей Федерациясын да Абай орталығы ашылған.
Дайындаған Алтын МЕЙІРХАНОВА

03 қыркүйек 2025 ж. 24 0

Қауіпқке қарсы қам

03 қыркүйек 2025 ж. 26

Қағылды алғашқы қоңырау

03 қыркүйек 2025 ж. 27

Өгей өмір

03 қыркүйек 2025 ж. 23

Аяқдоп арманға жеткізді

03 қыркүйек 2025 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930