Тұрғын үйлерді басқаратын кәсіби мамандардан айырылып қалуымыз мүмкін – депутат
Заңның қабылданғанына бес жыл өтсе де, нәтиже жоқ, дейді ол

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа тұрғын үйді басқару саласындағы проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фракция депутаттары осы жазда барлық өңірде үй басқарушыларымен, МИБ және ПИК өкілдерімен, тұрғындармен, басқарушы компаниялармен кездескен. Ең өзекті мәселелердің бірі – кәсіби мамандардың тапшылығы.
«Тұрғын үйді басқару нарығы туралы заң 2020 жылы қабылданған болатын. Бесжылдық аяқталуға жақын, ал нәтиже жоқ. Неге? Біріншіден, нарықтағы жағдайға формалды бағалау жоқ. Реттеуші органда Қазақстанда қанша басқарушы компания жұмыс істейтіні, олардың құқықтық-ұйымдық формалары қандай екені, қанша маман ресми түрде кәсіби басқарушы мәртебесін алғаны туралы ақпарат жоқ. Яғни қорытындыны цифрмен бергіміз-ақ келеді, бірақ дерек жоқ. Екіншіден, 2023 жылға дейін басқарушыларды «Атамекен» ҰКП аттестаттаған оқу орталықтары желісі дайындап келді. Сол кезде 25 оқу орталығы ашылып, 10 облыста және үш қалада оқыту жүргізілді. Мінсіз деп айта алмаймыз, бірақ әйтеуір жұмыс істейтін. Ал 2023 жылы үйді басқарушы мамандығы аттестатталатын тізімге кірді. Енді басқарушыларға сертификат бергісі келетіндердің бәрі кәсіби біліктілікті тану орталықтарының аккредитациясынан өтуі тиіс. Ал ондай орталықтар елімізде жоқ», - дейді Смышляева.
Оның айтуынша, басқарушы субъектілердің штатында кәсіби басқарушы болуы туралы талаптың күшіне енуіне небәрі 7 жұмыс күні қалған. Ал бұл көптеген басқарушы компаниялардың, ПИК пен үй басқарушыларының қызметіне қауіп төндіріп тұр, себебі олар барлық рәсімнен уақытында өте алмайды.
«Аккредитацияның өзі миллиондаған ақша тұрады, ал оған қызығушылық білдіргендер аз. Астанада бір орталық табылды, құжаттарын алуға жақын. Филиалдары жоқ, бір маманға тест тапсыру құны 100 мың теңгеге дейін барады. Бұл көпшілігіне қолжетімсіз. Ал монополия жағдайында бағаның арзандауы екіталай», - дейді депутат.
Сондай-ақ емтихандар онлайн-прокторинг арқылы өтеді.
«Бірақ шынын айтсақ, үйді басқару мен гаджет басқару екі түрлі нәрсе. Көптеген тәжірибелі басқарушы техниканы меңгере алмайды. Соның кесірінен нарық мамандардан айырылып, тұрғындар басқарусыз қалуы мүмкін. Хаузмастерлерді дайындаймыз деп хаос туғызып алуымыз мүмкін. Талап бар, бірақ оны орындауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен, артқа шегінер жол жоқ – тұрғын үйді кәсіби білікті адамдар басқаруға тиіс», - дейді Смышляева.
Осыған байланысты фракция депутаттары Үкіметке бірнеше ұсыныс тастады:
Біріншіден, басқарушы субъектілердің реестрі аясында қысқа мерзім ішінде тұрғын үй қорын басқару нарығына сандық және сапалық баға беру;
Екіншіден, аккредитация орталықтарын Астанада ғана емес, басқа да өңірлерде ашу. Бұл монополиядан сақтайды және дайындық жүйесін ашық әрі бәсекеге қабілетті етеді;
Үшіншіден, тестілеу қызметі басқарушылардың қалтасы көтеретіндей болуға тиіс. Бағасы қолжетімді, ал тапсыру формасы мамандардың жас ерекшеліктеріне бейімделуі қажет. Әйтпесе жаңа кадр орнына тәжірибелі басқарушылардан айырыламыз;
Төртіншіден, сертификатталған басқарушылардың болуы туралы міндетті талаптарды тексеру кезінде қолданыстағы барлық сертификатты ескеру керек.