Қағылды алғашқы қоңырау

1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн Конституция күніне берілген мерекелік демалыспен тұспа-тұс келсе де ыстық ұясына асыққан оқушылар алғашқы қоңырауға қатысты. Бұл күн барлық оқушылар үшін есте қалар ерекше күн болды. Себебі жаңа оқу жылының басталуымен бірге мектеп қабырғасына тарыдай болып келген оқушылар ойлары толысып, тағы бір сыныпқа жоғарылайды. Ал білім ордасының табалдарығын алғаш аттаған бүлдіршіндер болашақтың биік баспалдағына қадам басты.
Қазалы ауданындағы білім ошақтарының барлығында мерекеге орай «Мектебім мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтті. Мерекелік шараларға бірінші сыныпқа қадам басып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары және ұстаздар қатысты. Ұстаздар қауымы үшін маңызды мерекелік жиынның бірі Әйтеке би кентіндегі биыл ғана күрделі жөндеуден өткен Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте өтті. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рақметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов арнайы қатысып, барша жиылғандарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Салтанатты шарада Жалғас Оңғарұлы ұстаздар мен оқушыларға шынайы ықылас білдіріп, аудандағы білім саласында атқарылған нәтижелі жұмыстар жайына тоқталды.
– Тарихтан білесіздер, Қазалы өңірі – Сыр бойында тұңғыш мектеп ашылған қасиетті өлке. Осыдан-ақ аудандағы білім саласының тереңнен бастау алатынын байқауымызға болады. Бүгінде ауданымызда 38 білім ошағы, ал жалпы ауданымыздағы білім беру ұйымдарында 2500-ден астам педагог жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде толымды жұмыс жасауда. Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл наурыз айында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар жыл сайын аудандағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Биыл ғана аудандағы Ж.Жабаев атындағы №234 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, одан бөлек №70, 266, 249, 98, 165, 88, 216, 95 сынды 8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыстардың барлығы биылғы жаңа оқу жылына дейін толық аяқталды. Сонымен бірге, Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ауласына ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта аудан орталығында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспарланып отыр. Баршаңызды бүгінгі мерекемен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Жаңа оқу жылы құтты болсын, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Одан соң аудандық мәслихат депутаты Әбдуали Рақметов, білім ордасындағы ата-аналардың атынан Бақытгүл Төлебаева және мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіген мердігер мекеменің жауапты өкілі құттықтау сөз сөйледі. Айта кеткен жөн, Қазалы ауданы бойынша өткен оқу жылында 11-сыныпты 944 оқушы тәмамдаса, оның 859-ы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты. Қуантарлығы сол, оның ішінде 543 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Ал биыл аудан бойынша 1-сыныпқа 1500-ге жуық бала қабылданады деп жоспарланған.
Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық. Аталмыш мектеп – білім мен тәрбие беру ісінде аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Іргелі алтын ұядағы салтанатты іс шараға да ата-аналар көп жиналған. Иә, бұл күн әр баланың көкірегіне нұр құйылған, әр ұстаздың жүрегі тебіреніп, көңілі шарықтаған, әр ата-ананың мерейі өсе түскен нағыз қуанышты күн. Баланың білімге талпынысы мектепке келуден, тіл үйренуден, ұжыммен танысудан басталады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Бұл айнымас аксиома. Мыңдаған оқушы мен мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған бүлдіршіндер үшін 1 қыркүйек жаңа шығармашылық ізденістердің бастамасы болмақ. Дәл осы күннен алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталмақ.
Қош. Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң жүздері бал-бұл жанған барша оқушылар алтын ұяларына еніп, мектеп партасына отырды. Оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, кезекті жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашанда білімнің парқын түсіне білген. Жаңа оқу жылында қоғам үшін орны бөлек білім саласында оң бастамалар жүзеге аса берсін!
Айнұр ӘЛИ