Аяқдоп арманға жеткізді

Солардың бірі – аудандық спорт мектебінің шәкірті, болашағынан үміт күттіретін жас спортшы Сәкен Нұрасылов. Жуырда ол аты аңызға айналған Испанияның «Атлетико Мадрид» футбол клубының Алматыдағы академиясына қабылданып, үлкен футбол жолына қадам басты.
Жас таланттың осы белеске жетуіне бағыт-бағдар беріп, жаттығу алаңында тер төккен білікті бапкер Дәуренбек Тәжімбетовтің еңбегі орасан. Осы орайда бапкердің өзіне хабарласып, шәкірті жайында сұрауды жөн көрдік. Қуанышы қойнына сыймаған жаттықтырушы бұл жетістіктің тек жеке жеңіс емес, барша қазалылықтардың ортақ қуанышы екенін айтты. Сәкенге сипаттама беруін сұрағанбыз, бапкері тосылмастан:
– Сәкен біздің мектепке 7-8 жасында қабылданды. Сол кездің өзінде бойынан ерекше ынта мен тәртіп байқалатын. Допқа деген сүйіспеншілігі бала күнінен-ақ айқын еді. Әр жаттығуға үлкен жауапкершілікпен, ерекше ықыласпен келетін. Сабақтан да қалмайды, үлгерімі де жақсы. Жалпы, оның бойында спорт пен оқуды қатар алып жүре алатын тиянақтылық, жауапкершілік, ішкі тәртіп қалыптасқан. Осы қасиеттері оның бүгінгі табысына жол ашты, – дейді бапкер Дәуренбек Тәжімбетов.
Көпшілік үшін бұл тосын әрі таңғаларлық жаңалық болғанымен, Сәкеннің табысы кездейсоқ емес. Ол бұл жетістікке бір күнде емес, маңдай терімен, тынымсыз еңбегімен жетті. Алдымен, жас футболшы «Атлетико Мадрид» академиясының 2012-2014 жылы туған балаларға арнап ұйымдастырған іріктеу кезеңіне қатысады. Сөйтіп жүздеген үміткердің арасынан суырылып шығып, үздіктер қатарынан көрінді. Іріктеуден кейін ол бір ай бойы Испанияда арнайы тағылымдамадан өтіп, кәсіби бапкерлермен жаттықты. Ал нәтижесі қазір көз алдымызда.
Жасыратыны жоқ, мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейді. Әлемге әйгілі клубтың академиясына қабылдану – спорттық жолдағы үлкен тәжіибе, биік баспалдақ екені даусыз. Бұл ретте бапкер болашақта Сәкеннің «Атлетико Мадрид» сынды алпауыт клубтың негізгі құрамынан көрінуіне сенімді.
Қазалы – талантты аяқдопшылардың ордасы десек, артық айтқандық емес. Бұған Сәкеннің жетістігі жарқын дәлел. Бүгінде ауданнан түлеп ұшып, ел көлеміндегі клубтарда ойнап жүрген жастар жетерлік. Сәкен – солардың алдыңғы легінде. Бірақ онымен қатарласқан тағы бір толқын бар. Мәселен, Марғұлан Орысбек, Мәди Мейрамбек, Нұржан Әбдіқалық, Нұрислам Дүзелбай сынды шәкірттер бүгінде «Қайсар» футбол клубының сапында тәжірибе жинап жүр. Бұлардың барлығы – Қазалы футболының болашағы. Жаттықтырушының айтуынша, әр бала өз арманын жүзеге асыруға лайық. Тек соған бағыт беріп, дұрыс қолдау көрсетілсе жеткілікті.
– Футбол – тәрбие мектебі. Жаттығу, тәртіп, командалық рух – мұның бәрі балаларды мықты азамат ретінде тәрбиелейді. Сондықтан аудан жастарының футболға бет бұруы – қуанарлық жағдай. Ал біз, бапкерлер, сол арманға апарар жолда демеу болуға тырысамыз» дейді Дәуренбек Тәжімбетов.
Иә, Қазалының алаңдарынан басталған жол бүгінде халықаралық академияларға апарып жатыр. Біз де өз тарапымыздан «бұл – тек бастамасы болсын» деп тілек білдірдік.
Арайлым ЖҮСІПОВА