Қазалылық азаматтар Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды

Бүгін Қазалы ауданында Отан алдындағы борыштарын өтеуге әзір азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шығарып салуға орай патриоттық шара өтті.
Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Даңқ» аллеясында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, аудандық қорғаныс істері бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Бекзадаев, ауған соғысының ардагері, қызыл жұлдыз иегері Күмісбай Серікбаев және әскерге аттанушы азаматтардың ата-аналары мен аудан жастары қатысты.
Патриоттық шарада Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, әскерге аттанғалы тұрған азаматтарға Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, әскери қызметте жақсы жағынан көрініп, еліміздің таңдаулы оқу орындарына түсу үшін арнайы сертификатпен аман-есен оралуларына тілектестігін білдірді.
Шарада әскер қатарына аттанып бара жатқан жас сарбаз Бағдаулет Көшербай салтанатты түрде шығарып салушыларға ризашылығын білдіріп, Қарулы күштер сапында абыройлы қызмет ететіндігін жеткізді. Сондай-ақ өз қатарластарында әскери борышын өтеуге шақырды.
Айта кету керек, күзгі мерзімді әскери қызметке аттанып жатқан 10 азаматта Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде әскери борыштарын өтейтін болады.