Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Код астындағы қасақана қулық немесе алаяқтар айласын асырғанда

Код астындағы қасақана қулық немесе алаяқтар айласын асырғанда

Фото: ашық дереккөзден алынды
Жеңгем хабарласып, «Маған таныс емес нөмірден бүгінгі бірнеше рет қоңырау түсті. Тұтқаның арғы жағындағы адам орысша сөйледі. Бірін түсінсем, енді бірін түсінгенім жоқ. Бар ұққаным, маған поштаға келіп тұрған посылка бар екен. Мекен-жайды нақтылау үшін код айтуым керек болды. Бұрын соңды бұлай хабарласпаушы еді ғой, деп біраз күмәнданып қалдым» деген ол, әңгімені созбай, тұтқаны қоя салғанын айтты. «Бұныңыз құптарлық дедім» алаяқтың құрсауына түсіп қалмағанына қуанған мен. Қош! Қайта жеңгем дер уақытында ақылын іске қосып, кодты айтпады. Ал айтса ше?! Онда ол алаяқтардың кезекті құрбанына айналар еді...
Жоғарыдағы жағдай тек менің жеңгемнің емес, бүгінде көптің басынан өтіп жатқаны жасырын емес. Ешкім ештеңе сатып алмаса да, «сізге сәлемдеме келді» деген желеумен хабарласып, сенімге кіруге тырысатындар көбейген. Өйткені олар өте шебер сөйлейді, сендіре біледі. Психологиялық әдістерді жақсы меңгерген. Мұндайда бір сәттік абайсыздық, асығыстық адамды үлкен шығынға ұрындыруы мүмкін. Ең қауіптісі – олар «код», «жеке дерек», «банк нөмірі», «құпия сөз» сұрағанда басталады. Бұл – қақпанның басы...

Сандық қауіп: статистика сөйлесін
Цифрлы ғасыр – мүмкіндіктер заманы ғана емес, қауіп-қатердің де жаңа түрлерімен бетпе-бет келетін дәуір. Алаяқтар да заманауи технологиямен қаруланған. Қарапайым халықтың аңғалдығын пайдаланып, жыл санап миллиондап табыс тауып отыр. Бұл – тек жеке адамның емес, ұлттық қауіпсіздіктің де мәселесіне айналып барады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 30 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Бүгінде елдегі ең көп таралған алаяқтық түрлерін жалған онлайн сауда, банк қызметкері болып қоңырау шалу, QR-код арқылы ақпарат ұрлау, салым/инвестиция уәдесімен ақша аударту құрап отыр. Бүгінде осы алаяқтық бойынша ең көп шағым түскен қалалар үштігінің басында Алматы, Астана, Қарағанды тұр.
Қазақстанда сандық қауіптер мен интернет алаяқтықтың ауқымы жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдардағы кейбір маңызды статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ,
2023 жылы KZ-CERT (Ұлттық компьютерлік инциденттерге әрекет ету тобы) 34 500 кибершабуыл оқиғасын тіркеген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 107% өсім болғанын байқатады.2024 жылы бұл көрсеткіш 68 100-ге жетіп, тағы да 97% артқан. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 30 000-нан астам ақпараттық қауіпсіздік инциденті тіркеліп, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.
Қауіп түрлері бойынша бөлініске тоқталсақ, компьютерлік вирустар, желілік құрттар және трояндар 2024 жылы 45 000-нан астам оқиғаны құрап, барлық инциденттердің 66,1%-ын құрады. Ботнет белсенділігі 10 800 оқиға, фишинг шабуылдары бойынша 3 900 оқиға (5,8%) тіркелген.
2024 жылдың шілдесінен бастап, Ұлттық банктің алаяқтыққа қарсы орталығы 63 000-нан астам күдікті транзакцияны тоқтатып, 2,5 миллиард теңге (шамамен $4,83 миллион) көлеміндегі алаяқтық әрекеттердің алдын алды. Ал алаяқтық схемалардың жиілігі төмендегідей. Телефон арқылы алаяқтық – 22%, жалған инвестициялық платформалар – 19%, «дроппер»карталарын пайдалану – 19%.
Аңғарғанымыздай, алаяқтыққа қарсы күрес күн санап күшеюде. Алайда сандық қауіптерден 100% қорғану мүмкін әзірге мүмкін емес. Бұл ретте сарапшы мамандар алаяқтарға алданбас үшін «ақпаратқа ашық әрі сергек» болу керектігін айтады. «Олай етпесек, сандық қауіптің ауқымы одан әрі арта бермек» дейді олар.

Қазақстандағы жағдай қалай?
Қазақстанда алаяқтық – қоғам мен экономиканың дамуына кедергі келтіретін басты мәселелердің бірі. Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың дамуы мен интернеттің кең таралуы алаяқтықтың жаңа түрлерін туғызды. Мемлекет пен құқық қорғау органдары бұл қатерге қарсы күресті күшейтіп, тұрғындарды қорғау шараларын жетілдіруде.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде алаяқтыққа қатысты нақты баптар бар. Алаяқтық жасағандар үшін қатаң жазалар қарастырылған: айыппұл салу, бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу секілді шаралар. Сонымен қатар электрондық алаяқтық пен интернеттегі қылмыстарға қарсы арнайы бөлімдер құрылып, техникалық мүмкіндіктерді жетілдіру қолға алынды.
Ішкі істер министрлігі мен арнайы қызметтер алаяқтықтың алдын алу және тергеу бағытында белсенді жұмыс істеп, халықты ақпараттандыруға, алаяқтық схемаларына қарсы күрес шараларын ұйымдастыруда.
Жергілікті полиция бөлімдері де тұрғындардан түсетін арыздарды жедел түрде қарастырып, қылмыскерлерді анықтау мен оларды жауапқа тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, цифрлық алаяқтықтың жолын кесуге бағытталған арнайы бөлімшелер құрылып, кәсіби мамандармен жасақталған.
Алайда, бұл салада толық қауіпсіздік орнады деу әлі ерте. Себебі алаяқтар әдіс-амалдарын күн сайын түрлендіріп, тұрғындардың сеніміне кірудің жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Соңғы кезде байқалып отырған тағы бір алаңдатарлық жайт – ауданда да интернет пен мобильді банк арқылы алданған азаматтардың көбейіп бара жатқаны. Мәселен, аудан тұрғыны «банктен қоңырау шалды» деген желеумен алаяқтарға өзінің жеке деректері мен SMS арқылы келген растау кодын беріп қойған. Нәтижесінде шотындағы барлық қаражаты бір сәтте жоқ болған.
«Әлі күнге дейін өзімді кешіре алмай келемін. Бәрі әп-сәтте болды. Телефоныма «банктен» хабарласып, шотыңыздан күмәнді операция тіркелді деді. Дауысы тым сенімді, өзін нақты таныстырып, толық аты-жөнімді айтып еді, бірден сеніп қалдым. Кейін бәрін кеш түсіндім... Шотымнан ақша жоқ болып шықты. Қазір күліп айтуға оңай, бірақ сол кезде қатты күйзелдім. Өзімді кінәладым. Ешкімге тіс жарып айта да алмадым. Тек кейін полицияға барып, арыз жаздым. Адамдарға айтатыным, ешқашан асығыс шешім қабылдамаңыз. Қандай жағдай болса да, бірден сеніп қалмаңыз. Ақпаратты бірнеше рет тексеріп, банкке немесе тиісті мекемеге өзіңіз хабарласыңыз. Ең бастысы, сабыр мен байыптылық керек екен» дейді аты-жөнін айтпауын өтінген қазалылық тұрғын.
Бұндай фактілер аз емес. Тұрғындар күмәнді нөмірден хабарлама не қоңырау түссе де, абай болудың орнына, сеніп қалады. Мұндайда құқық қорғау органдары халыққа алаяқтардың жиі қолданатын айла-амалдары туралы ескертіп, ақпараттық парақшалар таратып, жергілікті БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, көп жағдайда тұрғындар бұл ескертулерге немқұрайлы қарап, сақтық танытпайды.

Сананы улаған сандық алаяқтық
Психологтар алаяқтықтың жай ғана қаржылық қылмыс емес, адам психологиясын терең зерттеп барып жасалатын қадам екенін айтады. Алаяқтар – адамдардың сеніміне кірудің, қорқыныш пен үмітке әсер етудің шебері. Олар адамның әлсіз тұсын дөп басып, манипуляция жасау арқылы құрбандарын өз еркімен әрекет етуге итермелейді.
Психологтардың пайымынша, көп жағдайда адамдар алаяқтарға «мен ондайға алданып қалмаспын» деген артық сенімнің салдарынан ұрынады. Мәселен, «шотыңыз бұғатталады», «балаңыз апатқа ұшырады» және тағы сол сияқты жалған ақпарат естігенде
адам миы логикалық емес, эмоциялық шешім қабылдайды. Бұл сәтте қорқыныш, үрей, күтпеген жаңалық есту реакциясы басым болады да, адамның сыни ойлау қабілеті әлсірейді. Осы тұста алаяқтар әрекетке көшеді.
Бүгінгі қоғамда әлеуметтік жалғыздық, эмоциялық аштық пен ішкі тірекке мұқтаждық көбейіп барады. Әсіресе үлкен жастағы адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, не болмаса жақындарынан қолдау таппай жүргендер алаяқтардың негізгі нысанасына айналуда. Себебі мұндай адамдар кез келген жылы сөзге сеніп қалуға бейім.
Цифрлы дәуірде ақпарат тасқыны өте көп. Алаяқтар WhatsApp, Telegram, Instagram секілді платформалар арқылы жалған аккаунттармен немесе фейк сайттармен, сондай-ақ белгісіз нөмірмен қоңырау шалу арқылы сенімге кіруде. Психологтар бұл құбылысты «сананың улануы» деп атайды. Өйткені жәбірленуші адам күнделікті фейк ақпаратқа тап бола жүрсе де, шын мен жалғанды ажырата алмай жатыр.
Мұндайда психологтар мынадай кеңес береді. «Әрбір күтпеген қоңырауға күдікпен қарау, қысыммен шешім қабылдамау, қаржы, құпия сөз, код жайлы сұралса, бірден әңгімені доғару, сондай-ақ эмоцияға берілмей, жақын жандармен кеңесіп, шын-өтірігін анықтап барып қана әрекет ету керек» дейді олар.
Алаяққа алдану – ақымақтық емес, адами сенім мен эмоциялық әлсіздік сәтінің нәтижесі. Сондықтан психологтар азаматтарды ақпараттық қырағылыққа ғана емес, ішкі эмоционалдық тұрақтылыққа да шақырады. Өйткені, алаяққа қарсы иммунитет – тек білімде емес, санада.

Алпауыт елдердегі ахуал
Алпауыт елдердегі алаяқтық – қоғамдық және экономикалық қауіптердің бірі ретінде қарастырылады. Әсіресе цифрлық технологиялардың дамуы алаяқтықтың жаңа формаларының пайда болуына себеп болды. Әр елдің құқық қорғау органдары бұл мәселеге қарсы күресте түрлі тәсілдер қолданады.
АҚШ-та алаяқтық – ең көп тіркелетін қылмыстардың бірі. Федералдық сауда комиссиясының (FTC) мәліметінше, 2023 жылы алаяқтыққа қатысты 3 миллионнан астам шағым түскен. Олардың ішінде интернет алаяқтығы, банктік карталарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстар, телефон алаяқтығы басым. 2024 жылы тұтынушылар алаяқтықтан 12,5 миллиард доллар жоғалтты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25% артық.
Еуропалық Одақ елдерінде алаяқтыққа қарсы күрес күшті. 2022 жылы Еуропа полициясы (Europol) цифрлық алаяқтықтың кеңінен таралғанын және оның өсіп жатқанын хабарлады. Германия, Франция, Ұлыбритания сияқты елдерде алаяқтыққа қарсы арнайы заңдар мен бірлескен халықаралық операциялар жиі өткізіледі. Мысалы, Ұлыбританияда алаяқтыққа байланысты қылмыстардың саны соңғы бес жылда 30%-ға артқан. 2024 жылы барлық қылмыстардың 40%-ы алаяқтыққа қатысты болды, бұл 31% өсімді көрсетеді . 2024 жылы 61 елдің құқық қорғау органдары бірлесіп, «Operation First Light 2024» операциясы аясында 3 950 алаяқты ұстады және 257 миллион доллар көлемінде заңсыз активтерді тәркіледі. Бұл операция барысында көптеген елдер бірігіп, алаяқтық желілерін жойды. 2025 жылы мұнда «Экономикалық қылмыс және корпоративтік ашықтық туралы» заң күшіне енді. Бұл заң ірі компанияларды қызметкерлерінің алаяқтық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Оңтүстік Корея мен Жапония цифрлық алаяқтықтың алдын алу үшін жоғары технологиялық шешімдерді пайдаланады. Бұл елдерде халыққа алаяқтық туралы хабарлау және алдын алу шаралары жақсы дамыған. Жапонияда алаяқтықтың жаңа түрлеріне қарсы полиция мен банк жүйесі бірлесіп жұмыс істейді.
Ал Австралияда қаржылық сауаттылықтың төмендеуі алаяқтыққа қарсы күресті қиындатты. Мамандар қаржылық білім беруді мектеп бағдарламаларына енгізуді ұсынуда.

Тенденция қауіп төндіруде
Әлемде алаяқтық әрекеттердің күрт өсуі байқалады. Цифрлық технологиялардың дамуы мен жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы алаяқтардың әрекеттерін жаңа деңгейге көтерді. Статистикалық мәлімет цифрлық алаяқтықтың жыл санап 10-15% артып жатқанын аңғартады. Әсіресе қаржылық алаяқтық, әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар арқылы жасалатын қылмыстар саны күрт көбейген. Тиісінше, халықаралық деңгейде алаяқтыққа қарсы кооперация күшейе түскен.
Қазір әлемде алаяқтықтың жаңа түрлері жиі көрініс тауып жүр. Солардың бірі – «Шошқа сою» схемасы. Бұл схема бойынша алаяқтар әлеуметтік желілер мен танысу платформаларында жалған қарым-қатынастар орнатып, жәбірленушілерден инвестиция салуды сұрайды. Meta компаниясы 2024 жылы осындай схемаларға қатысы бар 2 миллионнан астам аккаунтты жойды. Одан кейінгісі – аккаунттарды басып алу және жаңа аккаунттар арқылы алаяқтық. Мұнда киберқылмыскерлер ұрланған деректерді пайдаланып, банктік және электрондық коммерция платформаларында аккаунттарды басып алады немесе жалған аккаунттар ашады. Бұл әдіс арқылы олар заңсыз транзакциялар жүргізеді. Ал ендігісі синтетикалық идентификация деп аталады. Алаяқтар шынайы және жалған деректерді біріктіріп, жаңа тұлғалар жасайды. Бұл әдіс арқылы олар несие алып, қаржылық ұйымдарды алдайды. Соңғысы – Deepfake технологиясы арқылы бизнес электрондық пошталарын бұзу. Жасанды интеллектіні пайдаланып, алаяқтар компания басшыларын немесе мемлекеттік қызметкерлерді имитациялап, қызметкерлерден ірі сомадағы төлемдерді жүзеге асыруды сұрайды.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан да жаһандық алаяқтық тенденцияларынан тыс қалмауда. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлері жылдан жылға көбейіп келеді. Алаяқтар әлеуметтік желі, мессенджер, онлайн сауда платформалары, тіпті мемлекеттік органдардың атын жамылып, түрлі айла-шарғыларға баруда.

Тілші түйіні: Бүгінде қарапайым «код жіберіңіз», «посылка келді», «жүлде ұттыңыз» деген сөздердің артында ұйымдасқан алаяқтық схемалар тұрғаны жасырын емес. Сан алуан тәсілмен сенімге кіріп, жеке мәліметтерді алдап алатындар күн өткен сайын көбейіп келеді. Цифрлық технология дамыған сайын, қауіп те қатар ілесіп отыр.
Ең сорақысы, бұл қылмыстың құрбанына айналу үшін сіздің ешқайда шықпауыңыз, ешкіммен жолықпауыңыз жеткілікті. Бәрі телефон арқылы немесе желі арқылы жүзеге асады. Оның үстіне, телефонның ар жағында кім тұрғанын ешқашан білмейсіз. Бір сәттік аңғалдығымыз өмір бойғы өкінішке ұласпасын. Алаяқтар айласын асыра алмайтындай, әр адам саналы, сауатты және сақ болуы тиіс. Күдік тудырған әр қоңырау – өзіңізге ескерту деп қабылдансын. Олай болса, код астындағы қауіпке көз жұма қарамаңыз.

Арайлым ЖҮСІПОВА
03 қыркүйек 2025 ж. 33 0

Қауіпқке қарсы қам

03 қыркүйек 2025 ж. 27

Қағылды алғашқы қоңырау

03 қыркүйек 2025 ж. 28

Өгей өмір

03 қыркүйек 2025 ж. 24

Аяқдоп арманға жеткізді

03 қыркүйек 2025 ж. 35

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930