Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өгей өмір

Өгей өмір

Фото: ашық дереккөзден алынды
Басты кейіпкерлер – ана мейіріміне зәру болған балалар мен қоғамдағы бейжай көзқарастың құрбанына айналған жеткіншектер. Бұл – Нағима мен оның ұлдарының, қоғамның үнсіз қалуы мен кеш оянған әділеттің оқиғасы.
Әмір мен Әділ анасының алғашқы некесінен туған ұлдары. Бүгінде бірі он екіде, екіншісі он төртте. Ата-анасы айырылысқанда екеуі әлі кішкентай болатын. Нағима оларды қасынан тастамай, жаңа күйеуі Жандоспен бірге алып кеткен. Бірақ олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жандос – жеке мал шаруашылығымен айналысатын, қатал еркек. Өз қыздарына өзгеше, өгей балаларға бөлек көзқараста болатын.
Күнде таңмен бірге тұрып, малдың соңында жүрген қос бала қажыды. Еңбегі үшін жылы сөз де, тойымды ас та берілмейтін. Аш қарын, қажыған дене, бала көңілге ауыр тиген сөздер... Тіпті кейде Жандос көшенің ортасында оларды ұрып-соғып та жататын. Анасы болса үнсіз. Естиді, көреді, бірақ үндемейді. Балалар үшін ана мейірімінен артық ештеңе жоқ еді, бірақ Нағимадан соны да таба алмады.
– Әділ, біз неге бұл өмірге келгенбіз, а? – деді Әмір жай ғана, жұлдыздарға қарап.
– Білмеймін. Бірақ дәл осындай өмір сүру үшін емес қой… – деді інісі мұңлы жымиып.
– Есіңде ме, бұрын әкеміз бізге ертегі оқитын. Түнде қасымызда жатып ұйықтататын…
– Иә. Сол кезде біз бақытты едік. Аш болсақ та, анамыз жылы сөз айтатын.
– Ал қазір ол бізді көргісі де келмейді. Ендеше не үшін қалуымыз керек?
– Кеттік, Әділ. Бізге енді бұл үйде орын жоқ. Мейлі, аш болайық. Бірақ біз адам болуға лайықпыз…
Балалар ауылдың шетіндегі ескі сайда үш күндей күнелтті. Түнде тоңып, күндіз шөлдеп жүрді. Ары-бері өткен ауыл адамдары байқап, ақыры бір жанашыр тұрғын табылды. Екеудің қарнын тойғызып, үйіне алып кетті. Өйткені олар өздерін жарылқаған жанды «адасып қалдық» деп алдарқатты. Алайда әлгі жолыққан адам балалардың бұнысына алдана қоймады. Сөйтіп, сұрастыруға көшті. Бірер күннен соң, оларды ауыл болып, іздеп жатқаны мәлім болды. Осы хабардан құлағдар болған балалар тағы да қашпаққа ұмтылды. Бірақ балаларды паналатқан жан оларды тоқтатып, мән-жайды баяндап беруін сұрады. Барлығына қаныққан соң, полицияға хабарласты. Құқық қорғау қызметкерлері балаларды бірден іздеп келді.
– Сіздер қайтадан шешелеріңіздің қолына барғыларың келе ме? – деп сұрады полицей Әділден. Бала төмен қараған күйі басын шайқады.
– Жоқ, біз әкемізге барғымыз келеді... Ол бізге ешқашан дауыс көтермеген...
Әмір де көзіне жас алып, қосылып кетті:
– Әкемізбен тұрсақ, аш болсақ та, жүрегіміз тыныш болады.
Осы сөздерден соң, полицейлер балаларды уақытша қорғаныс мекемесіне орналастырып, тергеу амалдарын бастады.
Жандос жауап алуда өзін «таза» ұстауға тырысты:
– Мен оларды ұрған емеспін! Жай, шошытқан шығармын... Бәрін Нағима біледі. Ол үндемеген соң мен де... – деді жалтақтап.
Ал Нағима болса, тергеушінің сұрағына күмілжіп жауап берді:
– Балалар қиын… Жандостың шаруасына көмектессін дедім. Өз әкесін сағынған шығар… Бірақ шындық жасырынып қала алмады. Балалардың денесіндегі жаралар, көршілердің куәлігі, тіпті ауыл дүкеншісінің:
– Аш құрсақпен нан сұрап жүргендерін талай көрдім... – деген сөзі бәрін айғақтап берді.
Сот шешімі шыққан сәт туды. Балалардың туған әкесі, көп жылдан бері үнсіздікпен өмір сүрген момын Сейіт, сотта алғаш рет ашық сөйледі:
– Мен оларды ешқашан тастамадым. Нағима өзі балаларды әкетіп қалды. Енді олар маған оралса, жанымды беріп бағамын. Балаларымның көзіндегі қорқыныш – мен үшін кешірілмес күнә...
Сот анасының және өгей әкенің жауапсыз әрекеттерін ескере отырып, балаларды туған әкесі – Сейіттің қамқорлығына беру туралы шешім шығарды.
Балалар Жандосқа бөтен болғанымен, ол олардың тағдырына жауапты еді. Бірақ ол жауапкершілікті емес, күш көрсетуді таңдады. Өгей әкенің тоқпағы мен ауыр қолы – олардың балалық шағын түгел алып кеткендей болды. Әділ мен Әмірдің арқасындағы көгерген іздер – көзге көрінетін ғана жара. Ал жан дүниесіндегі жара әлі де тырналып, тазара алмай келеді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 23 0

Қауіпқке қарсы қам

03 қыркүйек 2025 ж. 26

Қағылды алғашқы қоңырау

03 қыркүйек 2025 ж. 27

Өгей өмір

03 қыркүйек 2025 ж. 24

Аяқдоп арманға жеткізді

03 қыркүйек 2025 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930