Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою тәртібі

"Апостиль" мөртабанын қою (кейде бұл рәсімді «жеңілдетілген заңдастыру» немесе «апостильдеу» деп аталады) 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына қосылған, консулдық заңдастыру талаптарының күшін жоятын және жеңілдетілген заңдастыру рәсімін енгізетін елдерге құжаттар жолдау кезінде - "апостиль" мөртабанын қою қолданылатыны туралы айтылды.
Құжаттарды апостильдеу Гаага Конвенциясына қатысушы елдердің аумағында әрекет етуге арналған құжаттарды тиісті ресімдеу және түпнұсқалығы кепілдігін қамтамасыз ету мақсатымен жүргізіледі.
Бір жағынан апостильдеу мейлінше жылдам және оны тек қана бір өкілетті орган қоюына, ал екінші жағынан құжаттың Гаага конвенциясына қосылған барлық елдердің аумағында заңды күшіне ие болуына байланысты жеңілдетілген деп аталады.
Егер құжатты дайындаған ел Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консулдық заңдастыру қажет болады. Бұл айтарлықтай күрделі рәсім, ол құжатты ҚР Әділет министрлігінде, ҚР СІМ органдарында, бұдан кейін ҚР баратын елдің консулдылығында куәландыруды талап етеді. Бұл жерде құжат консулдық белгілісі бар елдің аумағында ғана заңды күшіне ие болады.
Елімізде сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 13.04.2020 жылғы №13 санды бұйрығымен бекітілгенмемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына негізделеді.
Осы қағидаға сай, "Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою" жөніндегі мемлекеттік қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) және оның облыстардағы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы аумақтық органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ арқылы қағаз тасығышта не "электрондық үкіметтің" веб-порталы www.egov.kz арқылы электронды түрде, немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) кеңсесі арқылы белгіленген нысан бойынша апостиль қоюға өтінішті тиісті құжаттармен бірге береді.
Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлім қызметкері көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттарды тексереді және қабылдайды, оларды келіп түскен күні тіркейді және тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат береді.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан Мемлекеттік корпорация филиалдары бөлімінің қызметкері құжаттар келіп түскен күні құжаттарды дайындауды жүзеге асырады және оларды көрсетілетін қызметті берушіге жіберу үшін Мемлекеттік корпорацияның курьеріне береді. Егер Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдері басқа елді мекендерде орналасқан жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның жинақтаушы секторының қызметкері (маманы) құжаттар келіп түскен күні оларды дайындауды жүзеге асырады және құжаттарды көрсетілетін қызметті берушіге қағаз түрінде Мемлекеттік корпорацияның курьері не пошта байланысы арқылы жіберуді 2 (екі) жұмыс күні ішінде қамтамасыз етеді.
Портал арқылы жүгінген жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" сұрау салуды қарау мәртебесі туралы хабарлама жіберіледі.
Құжаттар түскен күні көрсетілетін қызметті беруші оларды қабылдайды және тіркейді, мемлекеттік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті берушінің қызметкеріне қарауға береді. Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш білдірген кезде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері ұсынылған құжаттардың толықтығын және ресми құжаттың түпнұсқалығын тексереді, құжаттарды оң қарау нәтижелері бойынша портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" апостиль қою үшін құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну туралы хабарламаны жібереді, ал құжаттар көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) Мемлекеттік корпорация арқылы түскен жағдайда апостиль қояды не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тартуды дайындауды жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері көрсетілетін қызметті алушы белгіленген уақытта ресми құжаттың түпнұсқасын ұсынғаннан кейін құжатқа қол қою және мөр қою арқылы апостиль қояды және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін көрсетілетін қызметті алушыға береді. Құжаттар Мемлекеттік корпорацияның филиалы немесе Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері арқылы түскен жағдайда, нәтижелер Мемлекеттік корпорацияның филиалына немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі.
Сұлтан Жүніс,
Қазалы аудандық соты
әкімшісінің жетекші маманы