Әйелмен әлем әдемі

Мерекелік шара шымылдығы әсерлі прологпен ашылды. Сахна төріне шыққан жігіттер: Егер мен әлемді сөзбен суреттесем, оның жүрегі әйел болар еді... Өйткені әйел – жүрекке жылу, жанға тыныштық, өмірге мағына беретін жарық сәуле! Ол – ана. Ол – әпке. Ол – сүйген жар. Ол – қызғалдақтай нәзік, күн секілді шапағат. Әйел болмаса, таңның атуы да, құстың әні де, көктемнің гүлдеуі де мағынасын жоғалтатын секілді... Ол – шабыттың өзі. Ақын оның бейнесін жырға қосады, суретші оны кенепке түсіреді, сазгер оны әуенге қосады. Біз кейде түсінбейміз... Кейде қадірін білмейміз. Бірақ әйел – үндемей жүріп-ақ әлемді гүлдендіріп келеді. Біз бүгін әйелдің алдында бас иеміз. Өйткені әйелмен әлем әдемі деген жүрекжылытар сөздерімен ақ жаулықты әже, аяулы ана, көрікті келіншек, қылықты қыздардың мерейін үстем етті. Бұдан соң «Қазалы жігіттер» квартеті Кемеңгер Өтептің «Гүл сыйлаңдар әйелге» әнін орындады. Көрермен залында отырған нәзікжандыларға жігіттер қауымы гүл сыйлады.
Халықаралық әйелдер күнімен құттықтау үшін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алды.
– Құрметті аналар! Қымбатты қыз-келіншектер! Баршаңызды мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың белгісіне айналған шуақты көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Шын мәнінде адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. «Күллі ізгілік атаулының бәрі күннің нұрымен, ананың ақ сүтімен келеді» деген даналық сөз бар. «Азамат – үйдің иесі болса, әйелдер – үйдің киесі». Демек, барша адамзат тіршілігінің алтын арқауы – Аналар екені сөзсіз. Кең-байтақ Ұлы Даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Батыр аналарымыз ел басына күн туғанда ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз, Əлия, Мəншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бəріміз жақсы білеміз. Қазақ əйелдерінің арасында зор құрметке бөленген аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Бегім ана, Айғаным ханша, Зере əжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Қасиетті Қазалының топырағында дүниеге келіп, киелі мекеннің атын барша қазақ даласына танытып, ән әлемінің падишасына айналған Роза Бағланова мен қазақтың Ақбаяны атанған жезтаңдай әнші Мәдина Ералиеваныңда есімдері мәңгі ел есінде сақталмақ.
Бүгінгі таңда ауданымызда түрлі саладағы қызметкерлердің саны 15 мыңнан асса, оның тең жартысын әйел адамдар құрайды, – деген аудан басшысы өңірдегі істің көзін таба білген кәсіпкерлердің 50 пайызы әйел азаматтар, білім саласындағы қызметкерлердің 80 пайызы, денсаулық сақтау саласының 85 пайызы аналар мен қыз-келіншектер екенін атап өтті.
Қазалы ауданында 5 мыңнан аса алтын құрсақты аналар болса, оның 851-і Алтын алқа, 1318-і Күміс алқа иегерлері. Олар әрдайым отбасы тірлігі мен қызметті қатар ұстап, аудан экономикасының дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан оларға деген құрмет ешқашан үзілмейді.
– 2024 жылы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында, аймақ басшысының басшылығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етіліп, елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Қасиетті Қазалы ауданы үшін толайым табысты жыл болып, аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасты. Ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді халқымыз. Ал, тал бесіктің иесі – әйел. Қоғамымыздың келешегі, тәуелсіздігіміздің тағдыры Өздеріңізге байланысты. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз, аяулы арулар. Осынау мерейлі мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Бұдан соң бірқатар қыз-келіншек марапат төрінен көрінді. Аналарға арналған аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Керемет кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахналық қойылым қойылып, әсем әндер шырқалды. Күмбірлете күй төгіліп, бишілер мың бұрала би биледі. Аудан өнерпаздары халық әндерінен попурри орындады. Әсерлі кеш мерекелік от шашумен қорытындыланды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА