Ана – өмір шуағы
Қазалы ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға 200-ден астам қыз-келіншек қатысты. Олардың ішінде Еңбек ардагерлері, батыр аналар, білім, денсаулық саласының ардагерлері, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген арулар бар.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов «Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Бір ғасырдан астам тойланып келе жатқан бұл мейрам шынында баршаның жанына жылу сыйлайды десем артық айтқандығым емес. Өйткені, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, тіпті ортақ Отанымыздың мерейі» дей келе, арулар қауымының қоғамдағы мәртебесі мен маңызына тоқталды.
Сонымен қатар өз саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар нәзікжандар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, аналарға арналған аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды.
Салтанатты жиын барысында жергілікті өнерпаздар барша қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, аяулы жандарға әсем әндерін арнады. Қатысушылардың барлығына аудан әкімінің арнайы сыйлықтары мен гүл шоқтары табысталды.