Қыз дәурен – ана ғұмыр
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара осылай аталды. Мәдениет орталығының фойесінде көрмелер қойылып, сахна мерекеге сай безендірілді. Шара шымылдығы «Ақжелең» би тобының«Қыз ғұмыры» атты композициялық биімен ашылды.
Мерекелік шараға 250-ге жуық нәзік жанды қатысты. Олардың ішінде еңбек ардагерлері, батыр, көп балалы аналар, білім, денсаулық, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген әйел-аналар бар. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ғазиз көңілдің ғазалы, құсни өмірдің ғажабы, тіршілік тінінің тынысы, ыждахатты ердің ырысы болған қазақ әйелдерін шуақты мерекемен құттықтап:
– Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Бір ғасырдан астам тойланып келе жатқан бұл мейрам шынында баршаның жанына жылу сыйлайды десем артық айтқандығым емес. Өйткені, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, тіпті ортақ Отанымыздың мерейі, – деді аудан басшысы.
Бұдан соң Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, мереке иелеріне жылы лебізін арнады. Өз саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар нәзікжандылар облыс әкімі мен облыстық әйелдер кеңесі төрайымы және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге, Қазалы ауданы өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің аналары «Офицердің анасы» медалімен марапатталды. Мерекелік жиын барысында, бірқатар аналарға ҚР Президентінің жарлығымен «Алтын» алқа және «Күміс» алқалары табысталды. Республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының шешімімен денсаулық сақтау саласына қосқан еңбегі үшін «Алтын дәрігер» медалі Қазалы ауданаралық ауруханасының перзентхана бөлімінің меңгерушісі Сәуле Кутекееваға берілді.
Өнерпаз Әлібек Айдардың орындауындағы Р.Таймановтың «Қазақ қызы» әнімен қыз-келіншектердің құрметіне арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әннің артынша сахналық қойылым басталды. Тарихта аты қалып, есімдері ел есінде мәңгі сақталған қазақ қыздары туралы сыр шертетін қойылым көптің ойынан шығып, ансамбльдің сүйемелдеуімен халықтың «Он алты қыз» әнін орындаған Жанболат Өмірзақ, Сәкен Қуантқанұлы, Еркін Құдабаевтар ерекше көңіл-күй сыйлады. Ақын Талап Мурзалиев «Ана» туралы өлеңін оқыған сәтте, ЛЭД- экран арқылы көрсетілген «Құмдағы қиял» аниме-шоуы көрермендер назарын аударды. «Жеңеше» әні орындаған Әмір Сариев пен Айгүл Маратқызы да көрерменнің қошеметіне бөленді.
Қасиетті Қазалы топырағына өзінің құттықтауымен келген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы әсем әндерін әуелете шырқап, кештің көркін қыздыра түсті.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ